Тұлға

«Орнықты шындық пен байыпты көркемдіктің келісімі»

Қазақ әдебиетін байытып, бүгінгі биігіне көтеруге зор үлес қосқан қаламгерлердің арасында Ақтөбе топырағының перзенттері аз емес. Солардың арасында екі жазушы — Тахауи Ахтанов пен Қажығали Мұханбетқалиұлы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанды.

Қажығали Мұханбетқалиұлы — әдебиетке 60-жылдардың ортасында келген буынның өкілі. Ол өзінің алғашқы шығармаларымен-ақ қарымды қаламгер, әсіресе әңгіме жанрының үлкен шебері ретінде танылған еді. Ал өзі «ең басты шығармам» деп атаған «Тар кезең» романында тарихымыздың ерекше қиын, батырлық күреске толы кезеңі — 1783-1797 жылдардағы ұлт-азаттық күрес туралы баяндалған. Мемлекеттік сыйлық та оған осы шығармасы үшін берілген еді.

«Тар кезең» романын жазу жолында қаламгер үш елдің, яғни өзіміз, Ресей және Өзбекстанның архивтерін ақтарып, ұзақ ізденді. Өмірінің соңғы жылдарында бізге берген сұхбатында: «Архивтен алынған деректердің кейбірі романға сыймай қалды. Болашақта оларды повесть етіп жазып қалдырғым келеді» — деген болатын. Сонымен бірге шағын жанрда да біраз дүние жазғысы келетінін айтқан еді. Өкінішке қарай, ол мақсатына жете алмай кетті.

Биыл Қажығали Мұханбетқалиұлының туғанына 80 жыл толады. Ал биылғы шілдеде дүниеден өткеніне екі жыл болады. Осыған байланысты біз жазушының ұлының сағынышты хаты мен «Тар кезең» романы туралы қазақ қаламгерлері мен ғалымдардың бірқатар пікірлерін ұсынып отырмыз.

«Романның «Тар кезең» аталып, халық тағдыры үшін бастарын өлімге тіккен ұлттық-азаттық күресінің қаһармандарын көркем шындық поэтикасымен бейнелеуі — қазіргі Тәуелсіз Қазақстан әдебиетіндегі жетістіктеріміздің жарқын көрсеткіші… Романның көркемдік сипатын күшейтіп тұрған ерекшеліктердің қатарында қаламгердің халық даналығы мақал-мәтелдерді, би-шешендердің қанатты сөздерін поэтикалық-көр­кемдік шешіммен үйлесімді қолдана білгендігін айтамыз. Басты және жанама кейіпкерлердің диалогтарындағы, монологтарындағы сөз шырайын ажарландыру қызметін атқарып тұрған халықтың даналық өрнектері ұлттық сөз өнерінің көркем кестелі, терең мағыналы дәстүрлі нақыштарының эстетикалық-педагогикалық тағылымын оқырмандарға ұқтыра түседі. Романның көркемдік түйіні — жатжерліктердің отарлық басқыншылық озбырлықпен басқаруына қарсы қазақ халқы тарихындағы алғашқы Халық Кеңесі атты демократиялық басқару жүйесінің болғанын дәлелдеу…

Көрнекті жазушы Қажығали Мұханбет­қалиұлының осы «Тар кезең» романы — қазіргі қазақ прозасының көркемдік қазынасын байытқан эпикалық құнды туынды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетін бұрын толық назарға алынбай келген ұлттық-азаттық күрескер,батыр, би Сырым Датұлы және ол бастаған күрескерлер бейнелеріне арналған эпикалық тарихи туынды ұрпақтарды ұлттық-отаншылдық рухпен тәрбиелеуге ықпал етері ақиқат».

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

 

* * *

«…Анығында, роман болмы­сын «тарихи елдік баян» деп анықтаса болар еді. Селкеусіз, біртұтас, мақсатты тарихи баян. Формалық аналог қарастырғанда… модернист Марсель Прусттың «Рәсуа уақытты іздеу» эпопеясы ойға оралды. Ол да селкеусіз, біртұтас, мақсатты баяндау. Тек ол бастан-аяқ сезімге, жеке адамның жан дүниесін қазбалауға құрыл­ған. Тұрмыстық детальдарға, өмір­­дің басқа қырларына, лири­калық шегіністерге «мойын бұр­ма­ған». Немесе сол… А.Солжени­цыннің «ГУЛаг архипелагы». 970 беттік ол эпопея да сонау қасіретті кезеңнің бірыңғай, біртұтас баянынан тұрады… Әйтсе де біз аздап тоқталған дүниенің табиға­ты бұлардан бай, бояуы қанық, лебізі шырынды екенін айту керек. Л.Толстой айтқан кемелдіктің бір шарты — «шыншыл­дық және ма­хаббат» бар. Нұрлы сезім де, ақиқат та сонда. Тарихқа обал, ауа жайылған «авторлық фантазия» немесе сірі схематизмнің таптау­рын жолы емес, орнықты шындық пен байыпты көркемдіктің кел­бетті келісімі.

Ең ғажабы: табиғаты терең Махаббаттан туған дүние бұл. Рухани кеңістігімізде кең тынысты, бір кезең шындығын сілкінте көтерген, әдебиетімізге соны тың тақырыптар қосқан, айшықты портреттер мен терең философия кенішін ашқан, қа­жыр-қуат тепсінген, байыпты-байсалды баяндауда өрілген бірегей туынды — Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» эпопеясы өмір сүріп жатыр».

 Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ.

 

* * *

«Тар кезең» — тарихи роман ғана емес, патшалық Россия сияқты алпауыт мемлекеттің бір кезеңдегі, яғни С.Датұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалыстың ең ширыққан, шешуші кезеңіндегі саяси портретін де жасаған роман. Нақ осындай портретті кезінде «Тоқсан үшінші жылында» француз жазушысы В.Гюго әлемдік классика деңгейіне көтерген болатын. Осы ретте «Тоқсан үшінші жыл» мен «Тар кезеңнің» ұқсас жайттары көп. Ең басты ұқсастық — ол азаттық үшін күрестің халықтық сипатының тереңдігі, кейіпкерлерінің алғаш рет таптық жіктелуді емес, демократиялық ұстанымды күрестің арқауы етуі.

…«Тар кезеңде» Қажығали диалогты Виктор Гюго сияқты қысқа құрмайды. Онда қазақтың сайын даласындай кеңдік басым, сөз орамдары ойлы, дәл айтумен бірге меңзеуге де ұласып кетіп отырады, ал Сырым және оның айналасындағы дана қарттардың, дала философтарының сөз саптастары мүлдем бөлек, таңдайларының тақылдауы емес, сөздерінің ішкі қуаты сиқырлап тастайды. Көкейлерінде қара бастың емес, елдің мұраты көлкілдеп тұр. Қалың қазақта хан да бар, батыр да бар, бас тігер жерде тайсалған да емес. Қара сөздің қаймағын ішкендері тағы бар. Сонда бұл қазақ аузындағысынан неге айырылып қала береді?! Қараман тана Малайсары бидің, ысық Қаратау мен шеркеш Тұрманбет бидің, кетенің Көккөзі мен алашаның Сыпыра биінің, басқа да қара халық аузына қараған от тілділердің сөздері сыртқы сұлулығымен емес, ішкі қуатының тереңдігімен таңғалдырады.

Сөз билердің аузынан шықты делінгенмен, оны қағазға түсіруші — қаламгер. Сондықтан қаламгер Қажығалидың қазақтың мәйекті сөздерін зерттеудегі табандылығына және оның мәйегін қаламгерлік мұратына қалай шебер пайдалана білгеніне қайран қаласың».

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ.

 

* * *

«Тар кезең» романы — өмірде болған, қазақ тарихында орны бар тарихи тұлға, қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілістің көсемдерінің бірегей тұлғасы, би әрі шешен, батыр, өз заманының саясаткер әрі дипломаты болған Сырым Датұлы тарихи тұлғасын көркемдік тұрғыдан суреттеген туынды.

Романға автор Қ.Мырза Әлидің:

«Бұл жерде ел ұрандасқан, айқайласқан,

Бұл жерге жау аяғын байқай басқан!

Ерліктің етегінен ұстап тұрып,

Еркіндік сонда алғаш тәй-тәй басқан» — деген өлең жолдарын эпиграф ретінде алуы тарихи романның елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан өткен тарихқа жаңаша көзқарас, пайым, парасат тұрғысынан келген елдік, патриоттық бағыт-бағдарын бірден аңғартады. Эпиграф оқырманға романдағы кешегі өткен тар кезең, алмағайып замандағы елім деп еміренген ерлердің рухынан хабар бергендей әсер қалдырады…

Тарихи дерек бойынша Уфа және Симбирск аймағының жаңадан тағайындалған наместнигі — генерал-поручик барон Игельстром мен Сырым арасындағы саяси қарым-қатынастар жасауда Сырымның тапқырлығы, батырлық тұлғасы, ұлттық қаһармандық бейнесі тарихи деректер негізінде көркем суреттеліп, елдің ішкі ынтымағы мен сыртқы саяси тәуелділіктің болашағын болжай алуын автор нанымды тұрғыдан суреттейді. Бұл жерде автор тарихи деректермен қоса, шешендік сөздермен, тарихи жырларды интерпретациялау арқылы романның көркемдік құндылығын арттыра түскен».

 Айдарбек АҚБОЛАТОВ,

философия ғылымдарының докторы.

«ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНА СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН»

Әке…үн-түнсіз жарық дүниеден кете бардың. Оған да екі жыл болды. Тек сенің қадір-қасиетіңді, азаматтық биігіңді білетін көз көргендердің естеліктерін ғана жұбаныш етіп келеміз.

Тіршілікте тындырған ісін айтсақ, үлкен кітап болар еді. Әкеміз, расында, кісілік келбеті келіскен, кішілік кейпін сақтаған, өмірде де, қызметте де кеудесін тік ұстаған, бағы жанса тасымаған, қиын күндерінде де бір қалпынан ештаймаған ерекше жан болатын.

Балалық шағында әкесін көрмесе де, үлкен ағасының, әжелерінің, апасының қамқорлығын, тәрбиесін көріп өскендіктен, үлкенді аялап, кішіге қорған болып, жан-жағына қолынан келгенше жәрдем беруге ұмтылатын. Балаларына — қызы Дариға, мен, бауырымМейрамғалиға аяулы әке болды. Мектепте оқып жүргенімізде бізді балық аулауға, серуенге жиі алып шығып, талай-талай қызық тарихи оқиғаларды баяндап беретін. 6-7 сыныпта оқып жүргенімізде Өзбекстанның ескі тарихи қалаларына — Хиуа, Бұқара, Самарқантқа да баратынымыз қазір жиі еске түсіп жүр…

Әкемнің азаматтығын, ар тазалығын, мейірімін, имандылығын, биік адамгершілік қасиетін, тағдырдың талай сынынан сүрінбеген мықтылығын, сабырлылығын, еңбекке адалдығын еске түсіріп, қолыма қалам ұстатқан — Сағыныш, Әкеге деген перзенттік сағыныш сезім еді.

Сөз зергері, академик Зейнолла Қабдоловтың: «Жақсы адамдардың өлген күні болмайды, туған күні ғана болады», — дегені бар еді.

Иә, солай. Биыл желтоқсан айында әкеміздің туғанына 80 жыл толады. Оның «Тар кезең» тарихи романынан бастап, бүкіл шығармашылығы халықтың, ұлттың ұлы қазынасы — әдебиетіміздің асыл жауһарына айналды.Бұл туындыларды кешегі, бүгінгі оқырман ғана емес, болашақ ұрпақтар да оқып, өзіне рухани азық етеді, бағалайды, құрметтейді. «Таланттың өзі өлсе де, сөзі өлмейді» дегендей,

әкемнің мұрасыхалқымызбен бірге жасай беретініне сенемін.

 Дінбаян ҚАЖЫҒАЛИҰЛЫ,

Петропавл қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button