Спорт

Үшінші орынға жеткізген жеңіс

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Астана» — 4:1

Сенбі, жексенбі күндері, 25-26 маусымда Премьер-Лиганың 15-тур ойындары өтті.

Сырт алаңда жеңіске жеткен «Тобыл» екінші орынға көтерілді. Турнир кестесінің соңғы орындарында жүрген «Тұран» дес бермей келе жатқан «Каспийді» сенімді түрде жеңді. Алты тур бойы жеңіске жете алмай келе жатқан «Ақжайық» бұл турда да оңдырмады, өз алаңында жеңіліп тынды. Ең соңғы орында келе жатқан «Мақтаарал» алғашқы алтылықта жүрген «Атыраумен» тең ойнады. «Қайрат» та тең ойынмен қанағаттанды. Өзара кездескен «Шахтер» де, «Ақсу» да чемпионат басталғалы екінші реттен тең ойнады.

Чемпионат басталғалы 94 кездесу өткізіліп, 219 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 2,33  голдан өткізілді.

*   *   *

«Ақтөбе» бұл турды өз алаңымызда өткізді. «Астананы» жеңді. Жеңгенде де, ойсырата жеңді.

Біздіңше, бұл жеңіс шын мәніндегі ұжымдық жеңіс болды.

Біріншіден, біздің жігіттер алаңның қос қапталын да толық жауып тастады деуге болады. Қонақтар қанша тырысқандарымен де, екі қапталдан да еркін ойнақтап шыға келуден күдерін үзді. Екіншіден, қонақ команданың әр футболшысы жіті назарда болды. Ақтөбеліктер олардың пасты еркін қабылдауына немесе асықпай соққы жасауына мүмкіндік бермей қойды. Ал пасты жанталаса қабылдау (қабылдай алмай қалу), асығыс-үсігіс соққы жасау еш нәтижеге жеткізбейтіні белгілі. Үшіншіден, жерлестеріміз қарсыластар қақпасы алдындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды меңгере бастағандарын аңғартты. Қақпаға енгізілген төрт гол, есептелмеген және бір гол — соның дәлелі. Төртіншіден, қорғаушыларымыз да, әсіресе қақпашымыз Стас Покатилов жеткілікті дәрежеде қырағылық көрсетті. Бесіншіден, бас бапкер Андрей Карпович өткен турдағы тәрізді бұл жолы да алаңдағы футболшыларды сәтті алмастыра білді. Алтыншыдан, ақтөбеліктер Қазақстандағы ең адал жанкүйерлер екенін тағы бір танытты. Оның дәлелі — бұл турда ең көп жанкүйерлер (13 400 адам) жиналған ойын «Ақтөбе»-«Астана» кездесуі болды. Басқа қалалардағы стадиондарға жиналғандар саны жеті мыңға да жеткен жоқ: 6800-700 адам аралығында болды.

Ал ойын барысына келсек…

18-минутта алаң ортасында жүрген Уго Видемонт өзіне жақын жерден Сердер Сердеров тастай салған пасты іліп алды да, ілгері зулады. Жолшыбай екі-үш қорғаушыны әрлі-берлі, ілгерілі-кейінді қимыл жасай жүре алдап өтіп, айып алаңына тақалған сәтте күтпеген жерден жойқын соққы жасады да, астаналық қақпашы Марко Милошевичті қапы қалдырды — 1:0.

Екінші нәтижелі шабуыл да алаң ортасынан басталды. Аяғына тиген допты Рамазан Оразов оң қапталмен ілгері қарата дөңгелентті де кетті. Сөйтіп қақпаға жақындаған шақта ілгері қарай қиғаштай шұғыл соққы жасады. Екі қорғаушыны да сүріндіріп өте шыққан доп осы жердегі Уго Видемонттың аяғына іліне кетті. Видемонт допты қақпаның оң жақ үстіңгі бұрышына қарата әуелете тепті де, қақпашыдан асып бара жатқан допты созыла көтерілген Рожерио Шина баспен соқты — 2:0.

Үшінші гол біздің қақпаға соғылды. Отыз шақты метр жерден Аслан Дарабаев айып добын орындады да, біздің қорғаушылардың бірінің басына тиген доп бағытын кілт өзгертіп жіберді. Қақпашы алданды да қалды. Бұл жерде қорғаушыны да, қақпашыны да кінәлау қиын. Мұндай кездейсоқ голдар футболда кездесіп тұратыны заңды жағдай — 2:1.

Екінші таймда қонақтар белсене шабуыл ұйымдастырумен болды. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, біздің жігіттер оларды тіпті де еркінсіткен жоқ, оның үстіне бірнеше рет төтен қарсы шабуылдар ұйымдастырып, Срджан Благоевичтің шәкірттерін әбден әбіржітті. Сондай бір сәтте астаналық футболшы Данил Бескоровайный қақпа алдында пас қабылдауға сәл қалған біздің футболшыны қос қолдай қапсыра құшақтай құлатып, пенальти белгіленді. Он бір метрлік нүктеге келген Әлібек Қасым қателескен жоқ — 3:1.

85-минутта біздің Виталий Балашовтың соққысынан соң астаналық  Брайан Сильва асып-сасып өз қақпасына автогол соғып алды, бірақ бұл доп соғыларда ақтөбеліктер ойын ережесін бұзды деген шешім шығарған төрешілер голды есепке алмады.

Дегенмен төртінші гол бәрібір соғылды. 90+5 минутта қонақтар қақпасы алдындағы қарбаласта Максим Самородов өзіне Жерар Гоу тастаған допты лезде ыңғайына келтіріп алды да, қақпаның оң жақ бұрышын көздеп қақырата соққы жасады, қақпашы ұмтыла құлағанымен қақшып түсе алмады — 4:1.

Осылайша «Ақтөбе» алғаш рет бір кездесуде төрт гол соқты.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда (17 наурызда) жерлестеріміз елордалық командадан сырт алаңда 0:1 есебімен ұтылған болатын.

«Ақтөбе»-«Астана» — 4:1

Гол авторлары: Уго Видемонт, 18-минут (1:0); Рожерио Шина, 33-минут (2:0); Аслан Дарабаев, 42-минут (2:1); Әлібек Қасым, 72-минут, пенальти (3:1); Максим Самородов, 90+5 минут (4:1).

85-минутта Брайан Сильва («Астана») өз қақпасына соғып алған автогол есепке алынбады.

Ескерту қағазын алғандар: Темірлан Ерланов, 45+2 минут («Ақтөбе») — Абзал Бейсебеков, 28-минут; Даниил Бескоровайный, 71-минут; Рай Влут, 83-минут; Брайан Сильва, 87-минут («Астана»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, қақпашы, Дмитрий Шомко, Темірлан Ерланов, Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов, Юрий Логвиненко, капитан (Никита Маляров, 88-минут), Артурас Жулпа (Йоахим Адукор, 64-минут), Рамазан Оразов (Виталий Балашов, 64-минут), Уго Видемонт, Рожерио Шина (Жерар Гоу, 88-минут), Сердер Сердеров (Максим Самородов, 74-минут).

Запаста болғандар: Саша Стаменкович, Евгений Ситдиков (қақпашылар), Әлішер Әжімов, Рустам Темірхан, Руслан Камболов, Диас Андырмаш.

Бас бапкер Андрей Карпович.

26 маусым 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 13 400 адам.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 13 кездесу өткізіп, 7 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 4 рет ұтылды. Ұпай саны — 23. Доп айырмашылығы — 17:15.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 5 гол;

Сердер Сердеров, жартылай қорғаушы — 2 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 2 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Виталий Балашов, шабуылшы — 1 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 1 гол.

Әлібек Қасым, қорғаушы — 1 гол;

Максим Самородов, шабуылшы — 1 гол.

(Равиль Ибрагимов («Атырау») өз қақпасына бір автогол соғып алды).

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қызылжар»-«Тобыл» — 1:3

«Каспий»-«Тұран» — 0:2

31-минутта пенальти орындаған Абдулай Диакате («Тұран») пенальтиді голға айналдыра алмады.

«Ақжайық»-«Ордабасы» — 0:1

«Мақтаарал»-«Атырау» — 1:1

45-минутта Артур Западня («Мақтаарал») ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін алаңнан қуылды.

«Тараз»-«Қайрат» — 1:1

«Ақсу»-«Шахтер» — 1:1

*   *   *

15-турдан соң  командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

1.«Астана» (Нұр-Сұлтан) — 24 ұпай

  1. «Тобыл» (Қостанай) — 24 ұпай
  2. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 23 ұпай
  3. «Тараз» (Тараз) — 22 ұпай
  4. «Каспий» (Ақтау) — 22 ұпай
  5. «Ордабасы» (Шымкент) — 20 ұпай
  6. «Атырау» (Атырау) — 20 ұпай
  7. «Қайрат» (Алматы) — 20 ұпай
  8. «Шахтер» (Қарағанды) — 17 ұпай
  9. «Тұран» (Түркістан) — 15 ұпай
  10. «Қызылжар» (Петропавл) — 15 ұпай
  11. «Ақсу» (Павлодар облысы) — 14 ұпай
  12. «Ақжайық» (Орал) — 12 ұпай
  13. «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 10 ұпай

«Тұран» мен «Ақсудың» басқалардан 2 кездесуі, «Ақтөбе», «Ордабасы», «Шахтер», «Ақжайық» командаларының 1 кездесуі кем екендігін, сондай-ақ 13-тур ойындары тұтасымен кейінге қалдырылғанын еске саламыз.

*   *   *

16-тур ойындары 1-4 шілде күндері өтеді.

1 шілде, жұма

«Тұран» — «Тобыл»

2 шілде, сенбі

«ШАХТЕР» — «АҚТӨБЕ»

«Атырау» — «Тараз»

3 шілде, жексенбі

«Астана» — «Мақтаарал»

«Қайрат» — «Ақжайық»

«Ақсу» — «Қызылжар»

4 шілде, дүйсенбі

«Ордабасы» — «Каспий»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button