Басты жаңалықтар

Ақтөбе облысында экологиялық жағдайды жақсарту үшін қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр

Жұма күні Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру, сондай-ақ өңірдің экологиялық жағдайымен танысу мақсатында Ақтөбеге арнайы келген министр қаладағы бірқатар өндіріс нысандарын аралап, тұрғындарды жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Сапар соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесті.

Кездесу барысында өңірдің өзекті экологиялық мәселелері талқыланып, шешу жолдары айтылды. Өз кезегінде Оңдасын Оразалин өңірде экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру басты бағыттардың бірі екенін және олар тұрақты бақылауда екенін баса айтты.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жұмыс сапарын облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловпен бірге қаладағы бірқатар өндіріс нысандарын аралаудан бастады.

Облыстағы экологиялық мәселелердің жай-жапсарын білмекке келген министрдің іссапары «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» акционерлік қоғамынан басталды.

Аталған басқарма төрағасының міндетін атқарушы Радий Фахретдинов зауыттың  экологиялық ахуалымен таныстырды.

«Ақтөбе хром қосындылары зауыты» 1957 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мамандандырылған іргелі кәсіпорын. Компания өнімдері металлургия, тау-кен өнеркәсібі, тоқыма, былғары, ағаш өңдеу, химия, мұнай және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Қазіргі таңда зауыттың шетелде өнім өткізетін кең нарығы бар. Шығаратын өнiмдері елімізге көршілес Ресей, Украина, Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерге экспортталады. Қазір зауытта 2 жарым мыңға жуық жұмысшы еңбек етіп жатыр.

— Соңғы 5 жылда құны 1,345 миллиард теңгені құрайтын 11 жаңа электрофильтр іске қосылды. Электростатикалық сүзгілер әртүрлі өндірістерде пайдаланылған газдардан шаңды тазалауға арналған ең тиімді құрал. Мәселен, 2001 жылы 1 тонна өнімнен 25 келі қалдық шағырылатын болса, қазір 9 келіні құрайды. Яғни 2,7 есеге азайды. Биыл тағы бір жаңа фильтр қондырылмақ. Сондай-ақ тағы үшеуін 2025 жылы қондыру жоспарда бар. Түтін газын тазалау үшін де автоматты жаңа қап сүзгілері орнатылуда, — деді Радий Фахретдинов.

Қаладағы ауаны ең ластаушы көздердің бірі — кәріз жүйелері. Бұдан кейінгі бағыт «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамында жалғасты. Ақтөбеліктер қаланы жайлаған жағымсыз иіске наразы екені рас. Әсіресе сасық иіс кешқұрым қаланың ескі бөлігін, Шанхай ауданын алып кетеді.

— Кәріздік тазарту құрылғысы өткен ғасырдың 80-жылдары салынған. Объектінің жұмысы көктемгі су тасқыны кезінде тазартылған ағындарды сұйылту арқылы өзенге ағызу жолымен кәдеге жарататындай етіп ойластырылған. 2017 жылы ылғалды сүзгі орнатылды. Жел қалаға қарай соққанда, жағымсыз иіс қолайсыздық тудырып отыр. Алда модернизациялау жұмыстары жүргізілмек. Сондықтан бұл мәселе сарапталып, зерттеледі. Суды қаланың өндірістік қажеттіліктері үшін, яғни жерді көгалдандыру немесе суару үшін де пайдалануға болады, —  дейді «Aqtobe su-energy group» АҚ директоры Ержан Жексембинов.

Министрдің тапсырмасы бойынша ауа сапасын жақсартуға қатысты жұмыстар жалғаса бермек.

Түстен кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев облыс тұрғындарымен және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, олар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Екі сағатқа созылған кездесу барысында ақтөбеліктер министрден қаладан шығатын жағымсыз иістен қашан құтылатындарын сұрап, Шалқар көлін тазарту, Ойыл өзенін сақтап қалу мәселелері бойынша ойларын ортаға салды.

Серікқали Брекешев алдымен Ақтөбе облысында экология, геология, су ресурстары, орман және балық шаруашылығы салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Министрдің айтуынша, Ақтөбе облысы еліміздегі ең ластанған өңірлерінің бестігіне кіреді. Өткен жылы облыстың табиғат пайдаланушыларының экологиялық жағдайын жақсартуға шамамен 20 млрд теңге инвестиция салынған. Қаражат көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артық.

— Өткен жылы экологиялық ахуалды жақсарту үшін жаңа экологиялық кодекс қабылданып, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Сондай-ақ  2020 жылы облыстарда экоситуацияны жақсарту бойынша Жол карталары бекітіліп, жүзеге асырылып жатыр.  Ақтөбе облысының экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасында 33 іс-шара қарастырылған. Бүгінде әкімдік 3 аудан орталығында полигон салуды аяқтады, коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарын паспорттау бойынша жұмыстар жүргізілді. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты осы жылдың соңына дейін электр сүзгілерін жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бұл ластаушы заттардың шығарындыларын 2 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Биыл балқыту цехтарында 67 аспирациялық қондырғы ауыстырылды, бұл да өз кезегінде қатты ластағыш заттардың шығарындыларын, сондай-ақ газ тәріздес қалдықтарды төмендетуге мүмкіндік береді, — деді министр.

Жаз шықса қаладағы жағымсыз иістің зардабын тартатын ақтөбеліктер жайын жақсы білетінін айтқан министр Ақтөбе қаласында кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту жобасын іске асырудың қадамдық алгоритмінің жол картасы бекітілгенін, онда қажетті іс-шаралар көзделгенін хабарлады.

— Облыс әкімдігі кәріз-тазарту құрылыстарын қайта құру процесін жеделдету үшін барлық нұсқаларды қарастыру қажет. Иә, бұл айтарлықтай қаржыны қажет етеді. Шамамен 17 миллиард теңге керек. Аталған мәселе Үкіметтің ерекше бақылауында тұр. Жақын арада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл мәселені шешу үшін жүйелі шаралар әзірлейтін болады деп ойлаймын, — деді Серікқали Брекешев.

Министрдің мәлімдеуінше, облыстағы 12 ауданның сегізінде тазарту құрылыстары жоқ, қалдық сулар жабдықталмаған алаңдарға төгіледі.

Министрліктің таза экожүйеге және бірінші кезекте су қоймаларын тазартуға көп көңіл бөлетінін айтқан Серікқали Брекешев облыстағы өзен-көлдердің мәселесіне де тоқталды.

— Өздеріңіз білетіндей, республикалық бюджет есебінен Шалқар көлін тазарту жұмыстары басталды. Қазір жұмыстың 45 пайызы орындалды. Шалқар көлін тазарту судың сапасын арттыруға және тұрғындарды сумен қамтамасыз етуге Арал өңірінің экологиясын жақсартуға мүмкіндік береді.

Ақтөбеліктерді Елек өзенінің алты валентті хроммен ластану мәселесі де толғандыратынын білемін. Бұл 1957 жылы Ақтөбе хром қосындылары зауытының іске қосылуымен тікелей байланысты. Елек өзенінің жерасты суларының ластану ошағының жай-күйін анықтау бойынша зерттеу жүргізуге жергілікті бюджеттен 96,5 миллион теңге бөлінді. Зерттеу жыл соңына дейін аяқталады. Бұдан әрі әкімдік жобалық құжаттаманы әзірлеуді жоспарлап отыр. Министрлік халықаралық сарапшыларды тарту бойынша көмектеседі. Жобалық құжаттаманы әзірлегеннен кейін министрлік жобаны іске асыру үшін Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім жібереді. Мәселе бақылауда, министрлік жобаны іске асыру барысы туралы халықты хабардар ететін болады, — деген С.Брекешев 2023-2024 жылдары

Жем өзенінің арнасын тазарту, Ойыл өзенін сақтап қалу, Елек, Қарғалы және Жіңішке өзендері арнасын тазарту, түбін тереңдету жұмыстарын бастауды жоспарлап отырғандарын айтты.

Министр өз кезегінде облыс әкімдігіне қатты-тұрмыстық қалдықтар полигондарының жай-күйін жақсарту және оларды тиісінше жайластыру жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін, сондай-ақ кәсіпкерлерге қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша мемлекеттік қолдаулар туралы айту керектігін тапсырды.

Жиында геология саласын дамыту, орман, балық, су шаруашылығы мәселесіне тоқталған министр 2030 жылға дейін еліміздің 8 өңірінде 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отырғанын, ал Ақтөбе облысында 6 ірі су қоймасы салынатынын айтты.  

— Қазіргі уақытта жобалық құжаттаманы әзірлеу жүргізілуде. Жалпы, су қоймаларының құрылысын 2024 жылы бастауды жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Бұдан соң өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Көкжиде кен орнын ластануын болдырмау мәселесіне жеке тоқталып өтті.

— Зерттеулер жүргізілді және бірқатар ұңғымалар бойынша мұнай өнімдерінің артық мөлшері анықталды. Біз Энергетика министрлігімен бірлесіп кен орнын сақтау бойынша іс-шаралар жоспарын бекіттік. Жұмыс тобы құрылды. Тамыз айының соңына дейін 400-ге жуық ұңғыманы зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде ұңғыманың қандай күйде екенін және тағы қандай шаралар қабылдау керектігін анықтайды, — деді министр.

Сондай-ақ дәл осы күні Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев облыс әкімдігі ғимаратында тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button