Басты жаңалықтар

Әділетті Қазақстанның әділ билері

Сот жүйесіне — 30 жыл

24  маусым — еліміздің сот жүйесінде айтулы күн. Бұл күні еліміздің сот жүйесіне 30 жыл толды. Биыл Үкімет қаулысымен алғаш рет 24 маусым  Судья мен сот қызметкері күні кәсіби мерекесі болып бекітілгені белгілі.  Кеше Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында қос мереке құрметіне орай ұйымдастырылған шара салтанатты түрде өтті.  Жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшылары, сот жүйесінің ардагерлері, сот төрағалары мен судьялары және осы сала қызметкерлері қатысты.

Алдымен сөз алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Сот жүйесі — түрлі деңгейдегі соттардың жиынтығы. Бұл материалдық және процессуалдық заңнамада белгіленген қатаң тәртіппен жұмыс істейтін иерархиялық жүйе. 

Ата Заңымызда белгіленгендей, сот жүйесі — мемлекеттік биліктің бір тармағы.   Сол себепті сот — еліміздегі адам құқығы мен бостандығының сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етудің бірден-бір кепілі, — деді Оңдасын Оразалин.

Ол сөзінде билер институты туралы, Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би секілді  бабаларымыздың тұтас қазақ халқының дамуына қосқан үлесі, қалдырған ізі туралы айтты.

Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның дербес сот жүйесі қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Жаңа Қазақстан дегеніміз — бұл шындығында әділетті Қазақстан» деп атап көрсеткеніндей, әділетті қоғам құрамыз десек, сол  істің басында ең әуелі сот жүйесінің қызметі тұрады.  

Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілеті арқасында сот саласында абыройлы еңбек етіп, еліміздің сот жүйесінің қалыптасып, нығаюына өз үлесін қосқан судьялар, сот төрағалары көп, — деп облыс әкімі Оңдасын Оразалин мереке иелерін құттықтап, оларға қоғамның игілігі, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолындағы жауапты қызметіне табыс тіледі.

Бұдан соң марапаттау рәсімі болды. Оңдасын Оразалин  облыстық соттың төрағасы Асламбек Мерғалиевке ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сот төрелігін іске асыру және сот жүйесінде заңдылықты нығайту жөніндегі көп жылғы қалтқысыз қызметі үшін Алғыс хат және «Алтын барыс» төсбелгісін табыс етті.

Шарада сөз алған облыстық сот төрағасы Асламбек Мерғалиев еліміздің сот жүйесінің 30 жылдағы белесі туралы баяндады.

30 жыл ішінде Қазақстанның сот жүйесі үздіксіз даму, іздену арқасында қазіргі жоғарғы кәсіби деңгейге жетті. Жаңа дәуірдің, жаңа қоғамның үдерістеріне сәйкес қайта түлеп, жаңарды, —  деді облыстық сот төрағасы.

Бұдан кейін ол сот жүйесінің ардагерлеріне, құрметті отставкадағы судьяларға «Сот жүйесіне — 30 жыл» мерейтойлық медальдарын табыс етті. Судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлері Судьялар одағының құрмет белгілері және төсбелгілерімен, Жоғарғы Соттың ведомстволық наградаларымен, сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі және мінсіз, көп жылғы қызметі үшін Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Шара соңында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония артистері ән мен жырдан шашу шашты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button