Басты жаңалықтарМереке

Тәртіп сақшылары марапатталды

Полиция күні

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай 26 тәртіп сақшысын Алғыс хаттармен марапаттады.

Салтанатты іс-шараға полиция басқармасының басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

Қала басшысы полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін шексіз алғысын білдіріп, деніне саулық, отбасыларына бақ-береке және қылмыспен күрестегі, құқықбұзушылықтың алдын алудағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ қала тұрғындарының басты талабы — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екендігін атап өтті.

Осыдан 30 жыл бұрын құрылған Қазақстан полициясы бүгінде қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең маңызды құрылымдардың бірі болып отыр.

Елдегі тұрақтылықты сақтап, беріктігін нығайту жолындағы сіздердің қызметтеріңіз зор жауапкершілігімен, қауіп-қатерге тайсалмай қарсы тұруымен ерекше. Қаламыздың қауіпсіздігін сақтау жолындағы еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы саланың дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Сын-сағаттарда өздеріңізге төнген қауіп-қатерден тайсалмай уақытпен санаспай атқарып жатқан қызметтеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін, — деді Асхат Шахаров.

Бұдан соң қала әкімі полиция саласындағы мінсіз қызметі үшін бір топ қызметкерді Алғыс хатпен марапаттады.

Мұндай құрметке ие болғандардың арасында Ақтөбе қаласы полиция басқармасының әкімшілік тәжірибе инспекторы, полиция капитаны Гүлнұр Алданова да бар. Бүгінде ол әкімшілік айыппұлдарды өндіру жұмыстарын атқарады.

— Қай салада болмасын қызметтің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Полиция қызметкері болу оңай емес, бұл — әрі маңызды, әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Арасында түн ортасында да шақыртулар болып жатады. Осындай жағдайлар, қызметім мені қаттылыққа, ер мінезді болуға тәрбиеледі. Осы салаға келгеніме 10 жыл уақыт болыпты. Көп тәжірибе жинадым. Ең басты мақсатым — қоғамдық тәртіпті күзету, азаматтардың құқықтарын қорғау. Өз жұмысымды жауапкершілікпен, адал атқаруға тиіспін, — дейді ол.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button