Баспасөз тарихы тереңде жатыр
Көрме
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында «Ақтөбенің ақпарат әлемі» атты көрме ашылды. Облыстық газеттер мен музей қорындағы фотоаппараттар қойылған көрмені облыс тұрғындары мен қонақтары бір ай бойы тамашалай алады.
Музейдің жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Сағымбек Ұлықпановтың айтуынша, музей тарихында ғана емес, Ақтөбе тарихында алғаш рет ұйымдастырылған көрменің мақсаты — «Ақтөбе», «Актюбинский вестник», «Эврика», «Диапазон», «Шалқар» газеттерінің тағылымды тарихын дәріптеп, музей архивіндегі газеттерді, қордағы фотоаппараттар мен журналистер пайдаланған құралдарды жұртшылыққа таныстыру. Мерекелік шараға аталған газеттердің шығармашылық ұжымдары мен ардагер журналистері қатысты.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова халық пен билік арасын жалғап жүрген журналистерді төл мерекесімен құттықтап, жауапкершілігі мол қызметтеріне сәттілік тіледі.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының директоры Раукен Отыншин мұндай шараның газет үшін де, музей үшін де маңызы зор екенін айтып, көрменің өтуіне атсалысқан бірқатар музей қызметкерін медианың атынан арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.
— Журналистика — елдің, өркениеттің дамуымен қатар өркендеп келе жатқан сала. Бұрын журналистер тек қалам мен дәптерді серік етсе, қазір түрлі технологияларды қолданады. Мына көрмені толық аралап өткен адам соған куә болады. Танымдық рөлі жоғары, ұтымды тұстары көп маңызды көрме, — деген «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Мерекелік көрме экспозициясына ғасырлық тарихы бар «Ақтөбе» газетінің өткені мен бүгінінен сыр шертетін, ұжымның әр жылдардағы және жұмыс барысындағы суреттері, мемлекеттік және мерекелік марапаттары, облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған «Кедей» («Ақтөбе») газетінің араб алфавитімен шыққан 1928 жылғы тігіндісі, 1974 жылы облыстық «Коммунизм жолы» газетінің СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен наградталған «Құрмет белгісі» ордені, газеттің 1987, 2020 жылғы тігінділері, басылымның 90 жылдық мерейтойына орай шығарылған кітап пен аталған мерейтойға орай ұйымдастырылған мерекелік шара туралы шығарылған компакт-дискі, газеттің 95 жылдығына орай шығарылған журнал, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның эмблемасы, басылым төсбелгісі, «Үздік ақпарат қызметкері-2016», «А-Полиграфия» статуэткалары мен газет журналистерінің әңгіме-өлең жинақтары қойылды.
«Актюбинский вестник», «Эврика», «Диапазон» газеттерімен қатар, тоқсан жылдық тарихы бар «Социализм туы» («Шалқар») газетінің 1934 жылғы латын алфавитімен шыққан нөмірі, «Коммунизм таңы» газетінің 1963, 1990, 2000 жылдардағы және басылымның 60 жылдығында шыққан нөмірлеріндегі мақалалар мен 2021 жылы шыққан газет нөмірлері мен 1966 жылы газетке берілген ІІ дәрежелі Диплом, 1970 жылы берілген Құрмет грамотасы қойылды.
Сонымен қатар көрмеден музейдің ғылыми архивінде сақталған, кезінде Уфадағы «Ғалия» медресесінің қазақ шәкірттері шығарған «Садақ» қолжазба әдеби журналының мұқабасы, Ресейде шыққан «Смычка» газетінің 1923 жылғы алғашқы нөмірі, 1941 Ұлы Отан соғысы басталған жылы шыққан «Социалистік жол», «Актюбинская правда», «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің әр жылдардағы нөмірлері және музей қорында сақталған фотоаппараттардың түрлі маркалары мен құрал-жабдықтарын, диктофонды да көрме экспозициясынан тамашалауға болады. Фотоаппараттар арасынан «Ақтөбе» газетінің фототілшісі, Хайреден Раушановтың «Зенит» фотоаппараты да бар екен.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.