Басты жаңалықтарМереке

Жаңа Қазақстанның жайсаң жандары

23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күні

23 маусымда полицейлермен қатар, еліміздің мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген азаматтар да кәсіби мерекелерін тойлайды. Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған шаралар облыста мамыр айында басталды. Мәртебелі міндетті абыроймен алып жүрген қыз-жігіттер кәсіби мерекелері қарсаңында

түрлі байқауларда бақ сынап, кездесулер мен спорттық шараларға қатысты. 

Қызметім — мақтанышым

Шынар Жұмабайқызы мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келеді. Мереке иесі өмірінің отыз үш жылын әлеуметтік салаға арнағанын айтады.

Бүгінгі таңда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ардагерлермен және оларға теңестірілген азаматтармен жұмыс бөлімінің басшысы қызметін атқарып отырған Шынар Құрманбаева мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 1989 жылы Шалқар ауданындағы әлеуметтік қорғау бөлімінде іс жүргізуші болып бастаған. 1990 жылы аталған мекеме жолдама беріп, Талдықорған заң техникумына оқуға жібереді.

Кейіпкеріміз қарапайым инспектордан басқарманың бөлім басшысына дейінгі қызметтік жолы барысында түрлі оқиғаларға куә болғанын айтады.

— Біздің жұмыс жұмыссыздар, аз қамтылған отбасылар мен ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен тығыз байланысты. Әлеуметтік көмекті қажет ететін түрлі санаттағы азаматтарға жәрдемақы тағайындаймыз. Жұмыс барысында түрлі қиындықтар мен оқиғалар да болып тұрады. 1997 жылдың желтоқсан айының соңғы күндері болған оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Тоқсаныншы жылдары елде қиын кезең болғанын жақсы білесіздер. Жәрдемақысын ала алмаған әйелдер наразылық білдіріп, Шалқардың теміржолының бойында пойызды тоқтатып тастағанын көпшілік жақсы біледі. Сол уақыттарда облыс орталығынан тиісті қаражат келгенше әлеуметтік салада қызмет етіп жүрген мамандардың бірі де үйіне қайтпай жұмыс жасады. Ол кезде балаларымыз да кішкентай болатын. Әріптестердің жауапкершілігі мен ауызбіршілігінің арқасында ол қиындықты да еңсердік, — дейді Шынар Жұмабайқызы.

Осы уақыт аралығында өзінің біліктілігімен, жан-жақтылығымен көріне білген Шынар Жұмабайқызының бұл қызметте жеткен жетістіктері де аз емес. Ол — «Әлеуметтік саланың үздігі» төсбелгісінің иегері. Сондай-ақ облыс, аудан әкімдері де абыройлы міндетті арқалап жүрген жанның еңбегін ескеріп, бірнеше рет алғыс жариялапты.

Басқармадағы тұтас бір бөлімнің жұмысымен қатар үйдің тірлігін алып жүрген Шынар үйде ене бағып отырған келін. Жолдасы Сағынтай екеуі 4 бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере сүйіп отырған ардақты әже.

«Ақтөбенің» анықтамасы:

Бүгінгі таңда облыста  4083 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Әйелдердің үлесі —  56,6 пайыз. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы — 39,2 жас. Орташа мемлекеттік қызмет өтілі — 12,3 жыл. Атқаратын лауазымдағы орташа еңбек өтілі — 4,1 жыл.

Туған ел үшін әрдайым…

Ырғыз аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  бас маманы Талант Орынжай— туған өлкенің дамуы жолында еңбек етіп жүрген жастардың бірі.

М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі, Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін қызыл дипломмен бітірген Талант жұмыс табу алғашында оңай болмағанын айтады.

Диплом алған екенсің деп ешкім сені қол бұлғап жұмысқа шақыра қоймайды. Жоғары оқу орнын енді бітірген жастар үшін осы бір кезең күрделі болып көрінуі мүмкін. Сондай уақытты мен де басымнан өткіздім. Алғашқы еңбек жолымды «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының облыстық филиалында бастадым. Бұл жерде қалалық жұмыспен қамту орталығы берген жолдама арқылы жастар практикасынан өттім. Кейін туған өлкеме барып еңбек етуді жөн санадым. Сөйтіп, аудандағы қазіргі еңбек етіп жүрген бөліміме штаттан тыс қызметкер болып қабылдандым. Осы жерде жүріп көп нәрсені үйрендім, — дейді Талант.

Жұмысына тиянақты, кез келген шаруаның шешімін тез таба білетін Талант кейін аудан әкімінің көмекшісі қызметіне ауысады.

2018 жылы Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданы әкімі аппаратындағы бос лауазымға конкурс жарияланғанын көріп, бірден өтініш білдірдім. Конкурстан өтіп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына жетекші маман болып тағайындалдым. Бұл қызметте әріптестерім өзім қатарлы жас мамандар еді. Жұмыстың қыр-сырын үйреніп, менде өз білгенімді айтып, бірлесе қызмет атқардық. Қалада тұрғындарының саны көп болғандықтан, мәселе де өте көп. Соған сәйкес тұрғындармен жеке кездесулер, жиналыстар жиі болып тұратын. 2020 жылы пандемия басталған уақытта да абыройлы қызмет атқардық. Сол уақытта алғаш мемлекеттік қызметке қабылданушы ретінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы Ақтөбе облысы бойынша филиалында білім алдым. Қазір  Ырғыз аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  бас маманы болып еңбек етіп жүрмін. Қаладан жинаған бар тәжірибемді аудан тұрғындарының мәселелерін шешуге, ауданның экономикалық, әлеуметтік көрсеткіштерін көтеруге пайдаланып келемін. Облыстық деңгейде бірге әріптес болған мамандармен хабарласып, үлкендердің ақылын тыңдап, ауданның дамуына өз ықпалымды тигізу жолында қызмет етемін, — дейді жас маман.

Ол қызмет барысында қиын сәттер де кездесетінін, алайда әрбір тұрғынның мәселесі оң шешімін тапқан кезде қиындықтың барлығын ұмытып кететінін айтады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Біз жастарға сенеміз!

Жанболат Барзаков — аудандағы ең жас мемлекеттік қызметшілердің бірі.

Қолына диплом алған Жанболаттың еңбек жолы Алға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде басталды. Жастар практикасын сәтті аяқтаған ол кейін сол бөлімге инспектор болып жұмысқа орналасады. Қазір Сарықобда ауылындағы әкімдікте бас маман болып қызмет етіп жүр.

Жанболат оқушы кезінен қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысты. Қоғамдық шараларда шығармашыл тұрғыда танылып, өзін еркін ұстайтын. Мемлекеттік қызметке келудегі себебін сұрағанымда:

— Халықпен жұмыс жасаған ұнайды. Қоғамға өз пайдамды тигізсем деймін, — деп жауап берді.

Расында, мемлекеттің өркендеп, халықтың әл-ауқатының артуы бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне байланысты. Халыққа адал қызмет ету — мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті.

Қазіргідей күрделі кезеңде мемлекет алдында тұрған өзекті міндеттерді жүзеге асыру барысында мемлекеттік қызметшілер басқаларға өзінің әділдігімен, қарапайымдылығымен, сабырлығымен, отансүйгіштігімен үлгі болуы керек. Осы қасиеттердің барлығын бойына сіңіріп, өз еліне, жеріне адал қызмет ететін үлгілі азаматтардың бірі Жанболат Барзаков болашақта ата-анасының, ұстаздарының, бүкіл халықтың сенімін ақтап, мемлекет игілігіне адал қызмет етеді деген сенімдеміз.

 Мәдина БОЛАТБЕК,

Алға ауданы.

Сегіз қырлы, бір сырлы

Мемлекеттік қызметте жиырма жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Нұрболат Құспанов — сегіз қырлы, бір сырлы азаматтардың бірі.

Күй атасы Құрманғазы мен Дина, Шамғон Қажығалиев өмірге келген өңір Батыс Қазақстан облысы  Жаңақала ауданының тумасы өнерден де кенде емес. Домбыраны былай қойғанда, гитара, сырнаймен қатар, үрлемелі аспаптарда ойнауды шебер меңгерген. Боз кілемге шыққанда анау-мынауды шаң қаптыратын спортшы. Журналистика саласында да өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген Нұрболат Ғайноллаұлының негізгі мамандығы — ауылшаруашылық саласының инженер-механигі. Орал қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтының түлегі.

Мамандығы бойынша Жаңақалада жұмыс жасап жүрген Нұрболатты дәм-тұзы айдап кезіндегі «Новый путь» ұжымшарына келеді. Осы жерде өмірлік серігі Талжібекпен танысып, отбасын құрады. Бүгінде ұлдары ержетіп, қыздары бойжетті.

Қарапайым маманнан бөлім басшысы, кейін аппарат басшысы сынды қызметтерді абыроймен атқарып келе жатқан Нұрболаттың ата-анасы да өз заманында белді қызмет атқарған жандар.  Әкесі Ғайнолла кезінде ұжымшардың  бас бухгалтері болса, анасы Зияда кадр бөлімінде еңбек еткен.

Қызметте беделді Нұрболат Құспанов бүгінде жас мамандардың үлгі тұтар ағасына айналды. Талай жылын мемлекеттік қызметке арнаған жанның еңбегі де ескерусіз емес. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай төсбелгі тағып, облыс, аудан әкімдерінің алғысын иеленіп жүр.

Әңгіме барысында ел ағасы әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтауды да ұмытпады. Біз де Нұрболат Ғайноллаұлын мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, отбасына береке тіледік.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button