«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

«Ең жайлы аудан» байқауына қатысып, қаламызды көркейтуге үлес қосыңыз!

Ақтөбе қалалық әкімдігі абаттандырылған аудандарды анықтауға конкурс жариялады. Аталған байқау екі кезеңде 7 номинация бойынша өтеді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар беріледі.

Номинациялар және жүлделер

Байқауға қатысушылар «Көппәтерлі үйдің ең үздік ауласы» номинациясы бойынша — 70 мыңнан 500 мың теңгеге дейін, «Ең жасыл аула» — 40 мыңнан 250 мың теңгеге дейін, «Жеке үйдің ең жақсы дизайны» — 30 мыңнан 150 мың теңгеге дейін, «Ең жақсы гүлзар немесе гүл бақшасы» — 30 мыңнан 100 мың теңгеге дейін, «Үздік аула сыпырушы» — 40 мыңнан 150 мың теңгеге дейін, «Кәсіпорын мен ұйымның ең жайлы аумағы» — 40 мыңнан 250 мың теңгеге дейін, «Тұрғындардың қатысуымен құрылған үздік спорт нысаны» 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін ақшалай сыйақыға ие болады. Өтінімдерді әр тұрғын өз ауданында орналасқан әкімдікке тапсыра алады.

«Ақтөбе қаласының абаттандырылған ең үздік ауданы» конкурсын ұйымдастырудағы басты мақсат — ауданда, шағын ауданда, көшеде, аулада, үйде, кәсіпорында және ұйымдарда тұрғындарды қаланың келбетін жақсартуға үндеу, қаламызды гүлдендіруге үлес қосуға шақыру, Ақтөбе қаласы аудандары әкімдіктерінің тұрғылықты жері бойынша халықпен, аудандардағы кәсіпорындар және ұйымдармен жұмыс формаларын жетілдіру, қала тұрғындары үшін жайлы орта қалыптастырудың сапасын жақсарту, аудандарды, шағын аудандарды, кварталдарды, аулаларды кешенді абаттандыру.

Конкурстың құрылтайшысы Ақтөбе қалалық әкімдігі болса, шараны ұйымдастырушылар —Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ішкі саясат бөлімдері, сондай-ақ Ақтөбе қаласының Астана және Алматы аудандарының әкімдіктері.

Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:

1) жазғы кезең номинациялары:

«Көппәтерлі тұрғын үйдің үздік ауласы»;

«Көппәтерлі тұрғын үйлердің ең үздік жасыл ауласы»;

«Аумағы абаттандырылған ең үздік кәсіпорын мен ұйым»;

«Үздік гүлзар»;

«Үздік аула сыпырушы»;

«Үздік безендірілген және абаттандырылған жеке үй»;

«Тұрғындардың белсенділігімен құрылған үздік спорт нысаны»;

2) қысқы кезең номинациялары:

«Қысқы ең үздік кәсіпорын мен ұйым аумағы»;

«Көппәтерлі тұрғын үйдің үздік қысқы ауласы»;

«Сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарының үздік қысқы витринасы».

Конкурс екі кезең бойынша өтеді: 1) аудандық кезең: жазғы кезеңнің номинациялары бойынша конкурс өткізілетін жылдың 1 сәуірі мен 20 шілдесі аралығында; қысқы кезеңнің номинациялары бойынша конкурс қорытындылары шығарылатын жылдан бұрынғы жылдың 20 қарашасы мен 15 желтоқсаны аралығында өткізіледі.

2) қалалық кезең: жазғы кезеңнің номинациялары бойынша конкурс өткізілетін жылдың 15-30 тамызы аралығында; қысқы кезеңнің номинациялары бойынша конкурс қорытындылары шығарылатын жылдан бұрынғы жылдың 26-30 желтоқсан аралығында өткізіледі.

Аудандық және қалалық кезең қалай өтеді?

Байқаудың аудандық кезеңін Ақтөбе қаласы аудандарының әкімдіктері және Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі өткізеді.

Бұл кезеңде Ақтөбе қаласы аудандарының әкімдіктері өз аумағында тұрғындардың, жеке кәсіпкерлердің, сондай-ақ меншік нысанына және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан (қоғамдық ұйымдар, ардагерлер ұйымдары, мәдени-ұлттық диаспоралар және т. б.), нысандарды пайдаланатын (қолданатын) ұйымдардың конкурсқа қатысуын ұйымдастырады.

Бұл кезеңде Ақтөбе қаласының әрбір ауданында аудан әкімдігі аудандық конкурстық комиссия құрады. Оның құрамына Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері, тиісті ауданның әкімдіктері, аумақты абаттандыру және көгалдандыру, табиғатты және экологияны қорғау, сәулет қызметі жөніндегі мамандар, жұртшылық өкілдері кіреді.

Бұл кезеңнің конкурстық материалдарын аудандық конкурстық комиссиялар жазғы кезең номинациялары бойынша шілде айында, қысқы кезең номинациялары бойынша желтоқсан айында қарайды.

Конкурстың аудандық кезеңінің қорытындылары бойынша жеңімпаздарға сыйақылар беріледі. Атап айтсақ, жазғы кезеңнің номинациялары бойынша марапаттау 5 тамызға дейін өтуі керек. Ал қысқы кезеңнің номинациялары бойынша конкурс қорытындылары 20 желтоқсаннан кешіктірілмеуге тиіс.

Ал конкурстың негізгі (қалалық) кезеңіне қатысу үшін Ақтөбе қаласы аудандарының әкімдіктері Ақтөбе қаласы ауданының әкімі қол қойған өтінімді қалалық конкурстық комиссияға ұсынады.

Өтінімге келесі конкурстық материалдар қоса беріледі:

– конкурстық материалдардың атаулы парағы;

– Ақтөбе қаласының ауданы әкімінің қолы қойылған ілеспе хат;

– номинациялар бойынша ұсынылатын материалдар тізімі;

– Ақтөбе қаласының ауданы әкімінің қолы қойылған, көлемі 10 беттен аспайтын түсіндірме жазба.

– номинациялар бойынша абаттандыру жұмыстарының көркем мәнерлі тұстарын суреттейтін фрагменттердің фотосуреттері.

– конкурсқа ұсынылған мәліметтерді растайтын бейнематериалдар.

Конкурс аясында ұсынылған материалдарды Ақтөбе қаласы ауданының әкімі растауы керек. Қалалық конкурс комиссиясының шешімі бойынша Ақтөбе қаласы ауданының әкімдігі қосымша ақпарат береді.

Конкурстық материалдарды, сондай-ақ Ақтөбе қаласы ауданының әкімдігі куәландырған конкурстың негізгі (қалалық) кезеңіне қатысу үшін барлық өтінімдердің көшірмелерін Ақтөбе қаласы аудандарының әкімдіктері қалалық конкурстық комиссияның хатшысына: жазғы кезең номинациялары бойынша конкурс өткізілетін жылдың 10 тамызына дейін, қысқы кезең номинациялары бойынша конкурс қорытындылары шығарылатын жылдың алдындағы жылдың 26 желтоқсанына дейін ұсынады. Конкурстық құжаттамаға арналған жиынтық альбом А3 форматындағы өлшемде болуға тиіс.

Қатысушыларды кім бағалайды?

Конкурсқа түсетін өтінімдерді бағалау үшін комиссия төрағасынан, комиссия төрағасының орынбасарынан, комиссия хатшысынан және комиссия мүшелерінен тұратын қалалық конкурстық комиссия құрылады. Комиссия төрағасы — Ақтөбе қаласының әкімі.

Комиссия төрағасы болмаған кезде оның міндеттерін комиссия төрағасы орынбасарларының бірі атқарады.

Комиссия өтінімдерді бағалайды, конкурстың аудандық кезеңіне қатысқан конкурсанттардың жалпы санын, конкурстың негізгі кезеңіне ұсынылған номинациялардың санын ескереді және ауданның абаттандырылуын бағалау өлшемшарттарының тізбесі негізінде әрбір номинация бойынша конкурс жеңімпаздарын айқындайды.

Конкурстың қорытындыларын шығару комиссия отырыстарында жүзеге асырылады. Атап айтсақ, жазғы кезеңнің номинациялары бойынша қорытынды конкурс өткізілетін жылдың 25 қыркүйегіне дейін, қысқы кезеңнің номинациялары бойынша конкурстың қорытындылары шығарылатын жылдың 30 қаңтарына дейін өтеді.

Комиссияның конкурс қорытындыларын шығару жөніндегі шешімі хаттама түрінде рәсімделеді, оған комиссия төрағасы мен хатшысы қол қояды.

Конкурс қорытындысында жеңімпаздар бірінші, екінші және үшінші жүлделі орындарға ие болады, сондай-ақ барлық қатысушыға диплом табысталады.

 

Өтінімдер, фото және бейнематериалдар сіздің аудан әкімдігінде қабылданады.

Астана ауданы жанындағы конкурстық комиссия: тел.: 41-64-39,  e-mail:  astanakonkurs@mail.ru.

Алматы ауданы жанындағы конкурстық комиссия : тел.: 41-62-65,  e-mail:  Oks18.00@mail.ru.

Басқа жаңалықтар

Back to top button