Басты жаңалықтарЖастар

Жұмыссыз жастарға жәрдемші бағдарламалар

Түлектердің оқу бітіре сала жұмыс іздейтіні белгілі. Бірақ тәжірибесі жоқ, әлі еңбек нарығын көрмеген жас маманның екі қолына бір күрек тез арада табыла қоймайды.

Бұл жағдайда жастарға арналған бірқатар бағдарламалар көмекке келеді.

Алғашқы қадам

Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді. Солардың бірі — Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Алтынай Маханова бүгінде мемлекет тарапынан жастарға арналған көптеген тиімді бағдарлама бар екендігін айтады.

— Жастарға ұсынылып отырған мемлекеттік көмектер — «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады.

Бұл бағдарламалардың мақсаты — университет пен колледж бітірген жастарға мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беру. Бағдарламаға қабылданып, жолдама алған жас түлек өзін жақсы жағынан көрсете алуы тиіс. Жауапкершілігі мен ынтасын, талабын таныта алса, жаңа қызметке ие болмақ. Жұмысқа келген жасты арнайы тәлімгер үйретіп, жөн сілтейді.

«Жастар тәжірибесіне» оқу бітіргеніне 3 жылдан аспаған, мамандығы бойынша тәжірибесі жоқ 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Бұл жас маманның аз-кем тәжірибе жинақтап, тұрақты жұмыспен қамтылуына жасалған алғашқы қадам, — дейді ол.

«Алғашқы жұмыс орны» — жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға арналған бағдарлама. Жұмыс ұзақтығы 18 айдан аспайды. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналастырылады.

«Ұрпақтар келісімшарты» — 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған, 29 жасқа дейінгі жастарға арналған бағдарлама.  Жұмыс ұзақтығы — 6 ай.

Бұл бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан жасқа зейнеткерлік жасқа дейін 6 айдан аз уақыты қалған тәлімгер бекітіледі. 6 айдан кейін жұмыс беруші жұмыссызды тәлімгердің орнына алады немесе басқа бос орынға ауыстырады. Аталған бағдарламалар бойынша жұмысқа орналасқан жастардың жалақысын мемлекет толық қаржыландырады.

753 жас тұрақты жұмыс тапты

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының өкілдері түлектерді алған мамандықтары бойынша жұмысқа бейімдеу мақсатында 16 колледж бен 3 университетте кездесу ұйымдастырды.

— Қазіргі таңда, мекемелерден, кәсіпорындардан келіп түскен өтінімдер бойынша жұмыспен қамту орталығына жолыққан жастарға мамандықтарына сәйкес жолдамалар беріліп, «Жастар тәжірибесіне» бағытталып жатыр. Мәселен, 2020 жылы — 1112, былтыр  708 жас жіберілді. Оның ішінде 753 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 

Сондай-ақ биыл халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша комиссия отырысында қаланы абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарына бағытталған жоғары сынып оқушылары мен студенттердің жалақысын көбейту жайы талқыланды. Нәтижесінде жалақы мөлшерін 65 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін көтеру шешімі қабылданып, бекітілді, — дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Ж.Айдаубаева.

Өткен жылы қоғамдық жұмысқа 554 оқушы мен студент бағытталған. Биыл бұл

жұмыстар маусым айында басталды.

«Жастар тәжірибесімен» жұмысқа тұрған жастардың бірі — ақтөбелік Мұхаммедәли Кәрімбаев. Ол былтыр Нұр-Сұлтандағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Бүгінде ол «Ақтөбе геодезия» орталығында тәжірибе жинақтауда.

— Биыл наурыз айында Жұмыспен қамту орталығына бардым. Орталық мені бір жылға тәжірибеден өтуге жіберді. Жұмысым өзіме ұнайды. Сәулет-құрылыс бағытындағы жобаларды әзірлеуге көмектесемін. Мүмкіндік болса, алдағы уақытта осында тұрақты жұмыс істегім келеді, — дейді ол.

«Жастар тәжірибесіне» қатысқысы келген азамат Жұмыспен қамту орталығына барып тіркеліп, өтініш бере алады. Орталық мамандары қатысу шарттарын, қандай жұмыс орындары барын, бағдарлама ережелерін түсіндіреді.

Ол үшін жеке куәлік (көшірмесі), еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар екенін растайтын құжаттың көшірмесі қажет.

Бағыты мен мамандығына байланысты мемлекеттік қызметтен бастап жекеменшік компаниялар мен зауыттарға дейін жұмыс түрлері бар. «Жастар тәжірибесіне» келген азаматтың өзі де қай мекемеде тағылымдамадан өткісі келетінін айтып, өтініш білдіруіне болады. Себебі бұл бағдарламамен жұмысқа қабылдағысы келетін кәсіпорындар көп.

Кәсіптік бағдар берудің маңызы зор

Кәсіптік бағдар беру жастардың саналы түрде болашақ мамандығын қателеспей таңдауына мүмкіндік береді.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығы жастарға кәсіптік бағдар беру мақсатында қаладағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы, «Нектар» өндірістік кооперативі, «Достық» су спорты мектебі, «Ақтөбе Фудс» ЖШС сынды ірі кәсіпорындар мен ұйымдарда түлектермен кездесу ұйымдастырды.

— Кездесудің негізгі мақсаты — еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Шара барысында жұмыс берушілер бос жұмыс орындары бойынша ақпарат айтып, түлектердің сұрақтарына жауап берді. Жастар қауіпсіздік шаралары мен кәсіпорындардың тарихымен танысып, өндірілетін өнімдер жайында кең мағлұмат алды. Сондай-ақ кәсіпорында еңбек ететін жұмысшылармен әңгімелесіп, олардың қызметтерінің қыр-сырымен танысты.

Алда мұндай шаралар жалғасатын болады. Осындай кездесулерге әлі де болса жұмыс беруші мекемелер көбірек қатысса дұрыс болар еді, — дейді Алтынай Маханова.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button