Басты жаңалықтар

Жылдан-жылға кәсіби теологтар көбейіп келеді

Бұл діни ахуалды тұрақтандыруға оң әсер етеді

«Деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастырудың жолы — ағарту жұмыстарын күшейту. Әсіресе, жастардың дәстүрлі діннен, халықтың әдет-ғұрпы мен тарихынан хабардар болуы өте маңызды. Ешкім де аяқ астынан радикальды топқа еріп кетпейді. Біреу өзіне өмірден рухани тірек іздейді, екінші біреу материалдық жағдайын жақсартқысы келеді. Түптеп келгенде, деструктивті ағымға ұрыну білімсіздіктен болады. Түрлі көздерден алынған әдебиеттер мен ақпараттарға көзсіз сене бермеу керек», — дейді теолог Назгүл Данаева.

Біз батысқазақстандық теологпен Ақтөбеге келген сапары барысында тілдескен едік.

«Аманат-Ақжайық» қоғамдық қорының теологы Назгүл Данаева біздің өңірге республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының қатарында,Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған арнайы жобасымен келіп, Ақтөбе қаласында және бірқатар ауданда әйел адамдармен кездесулер өткізген еді.

Кездесулер қорытындысында теолог дін мәселелері төңірегінде сөз қозғалғанда, әсіресе, Қандыағаш қаласы тұрғындарының белсенді екенін атап өтті. Сұрақ-жауап, пікір алмасу түрінде еркін өткен кездесуде қандыағаштықтар өте көп, соның ішінде күрделі сауалдар да қойған. Көпшілікті, негізінен, дін жолындағы әйелдердің киімі, соның ішінде қара киім кию, екінші әйел мәселелері толғандырады екен.

— Тұтастай қара киім — қайғы-қасіреттің белгісі болып есептеліп, оны әдетте жесір әйелдер кигенін түсіндірдім. Осы қара киімге байланысты сауал әр кездесу сайын алдымыздан шықты. Бір назар аударатын жайт, жастар, яғни жоғары сынып оқушылары мен студенттер де діни мәселелер төңірегіндегі әңгімеге өте белсенді араласты. Медреседе оқымаған, ешқандай діни білім алмаған 15-16 жастағы жасөспірім қыз балалардан да өте күрделі сауалдар түсті. Кейбірі екінші әйел мәселесін қозғады. Жап-жас балаларды бұл мәселе неліктен толғандырады? Бұл көшенің ықпалынан ма, әлде ата-ананың тәрбиесінен бе? Осы жағы қоғамды ойландыруы керек. Қандыағашта біз 70 шақты қыз баламен кездесіп, сөйлестік. Кейбірі ата-аналарынан жасырын намаз оқиды екен. «Ата-ананың рұқсатынсыз намаз оқуға бола ма?», «Әке-шешем ораза ұстауыма қарсы болса, не істеймін?» деген секілді сауалдар қойды. Кейбірі кейін жеке хабарласқысы келетінін деайтты, — дейді теолог.

Ол ата-аналарды өз балаларымен барынша жақын болуға шақырды. Баланы қандай мәселелер толғандыратыны, кіммен достасып жүргені ата-аналардың назарынан тыс қалмауы керек. Баламен достық, жанашырлық қарым-қатынас орната алмаған жағдайда, оның зардабы ауыр болуы мүмкін екенін ескертті. Мектеп пен басқа оқу орындарында да бұл мәселеге байланысты тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі керек.

— Жастарды діни теріс ағымдардан қорғау — бүкіл қоғам жұмылуы тиіс мәселе, — деп атап айтты теолог.

Назгүл Данаева діни бағыттағы ағарту жұмыстарының бұдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда, қазір жақсы жолға қойылғанын да атап өтті:

— Он жыл бұрын мешіттерде әйел-ұстаздар өте аз болушы еді. Мен Оралдағы орталық мешітке алғаш жұмысқа тұрған кезімде бізге паранже жамылған алпыс әйел келгені есімде. Тәжірибесіз жас маманға бұл көріністің қаншалықты ауыр тигені айтпаса да түсінікті ғой. Ал сөйлесе келгенде қара киімді олардың тек күйеулерінің айтуымен ғана кигені, исламның талаптарынан бейхабар екені анықталды. Көпшілігі «парыз», «уәжіп», «сүннет» деген ұғымдарды алғаш рет естіді. Ал қазір жылдан-жылға кәсіби теологтардың қатары көбейіп келеді, бұл,әрине, діни ахуалды тұрақтандыруға оң әсер етеді, — деді.

Назгүл Данаева — 2019 жылдан бері «Жусан» операциясы бойынша Сириядан оралғанәйелдерді сауықтыру жұмыстарының ортасында жүрген мамандардың бірі. Батыс Қазақстан облысына «Жусан» операциясымен 30 әйел келген.

— Отыз адамның әрқайсысының тағдыры әрқилы: біреуін Сирияға күйеуі ертіп әкеткен, екіншісі мұсылман елінде діни білім аламын деп ойлаған. Өздерінің соғысқа, қанды қырғынға бара жатқанынын олар түсінбеген. Дегенмен араларында «бұл мұсылман елі емес» деп, өз елін жат санап, жеріп кеткендер де бар. Сирияда халифат құрылып, шариғат заңымен жүріп-тұратын өмір орнайды деп сенген. Ал өз сапарларының шын мақсатын тек бір-екі адам, яғни оларды ертіп кеткен жетекшілері ғана білген. Басқалары солардың уағызымен «уланып», алданып қалған. Бір сөзбен айтқанда, бұл жағдайға душар болудың басты себебі— білімсіздік. Сириядан оралғандардың көпшілігі жоғары білім алмаған, тіпті араларында мектеп бітірмегендер де бар. Бірер аят пен хадис жаттап алып, өздерін Алла жолында жүрген діндар адамдардың қатарына қосқан. Ал шет жерде жүріп көп қиындық көріпті. Айтуларынша, олар соғыспаған, соғыс болып жатқан жерлерден аулақ жүруге тырысқан. Тамақ пен суға зар болған кездері де көп. Ұрыс кезінде өз қолымен қазған окоптарға тығылыпты. Кейбірі Сирия аумағына енген бірінші күннен-ақ күйеуінен айырылып қалған. Олардың басынан өткергенжайттар туралы әңгімесін тыңдау оңай емес, — деді теолог.

Оның пікрінше, Сириядан келген әйелдердің бәрі бірдей өз көзқарасынан айныды деуге әлі ерте.

— Оларды сауықтыру мақсатына қаншама білікті маман жұмылдырылып отыр, дегенмен толық нәтижеге жеттік деуге әлі ерте. Олар соғыс көрді, қантөгіске, кісі өліміне куә болды, соның бәрін ұмыту, жүректерін жібіту оңай емес, — дейді. Теологтың айтуынша, тіпті беті бері қарады деп жүрген адамның өзі аяқ астынан басқаша мінез көрсетіп, бұрынғы «әніне» басуы мүмкін. Кейбірі ұсынылған көмектен, мысалы, медициналық қызметтен бас тартады. Сол арқылы өзінің заңға бағынбайтынын көрсеткісі келеді.Дегенмен өздеріне қажетті басқа көмекті дереу арада талап етуді жақсы меңгерген.

— Мысалы, елімізде қарапайым аналар балабақша кезегін үнсіз күтеді. Ал «Жусан» оперциямен келген кейбір әйелдер «тез арада баламды балабақшаға орналастырып беріңдер» деп талап қояды. Әйтпесе біздің шараларымызға, сабақтарға қатыспайтынын айтады. Сабақта да көпшілігінің халықтың салт-дәстүрінен, әдебиетінен, мәдениетінен хабарсыз екені байқалады. Бұл жағын жоғарыда да айттық. Негізінен, теріс ағымдарды тартушылар да, ең алдымен, білімі аз, өз ұлттық құндылықтарынан ажыраған адамдардың қармаққа ілінетінінжақсы біледі, сондай адамдарды жағалайды, — дейді Назгүл Данаева.

Дегенмен Сириядан оралғандардың арасында дәстүрлі исламға біржола өткендер бар. «Үш жылғы еңбектің нәтижесінде әйелдердің үштен екісі зайырлылық құндылықтарын қабылдайтын болды», — дейді теолог. Олардың арасында білімге құштарлары да бар. Назгүл Данаева алты әйелді Нұр-Мүбәрак ислам мәдениеті университетіне әкелгенін айтады.

Теолог Сириядан келген әйелдерді зайырлы өмірге бейімдеу жұмыстарын әрі қарай жалғастыра беру керек деп есептейді.

— Олардың санасын сауықтыру мүмкін емес деп үзілді-кесілді түрде айтуға болмайды. Адамды темір тордың арғы жағына жіберу үшін бір үкім жетіп жатыр, ал өзгерту үшін ұзақ уақыт бойы жұмыс істеу керек.Біз сол жұмысты істеуге әзірміз. Әрине, кей жерде әдіс-тәсілді өзгерту, әр өңірдегі мамандардың өзара тәжірибе алмасуы да маңызды. Қалай болғанда да, бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпағандұрыс, — деп түйіндеді сөзін теолог.

 А. САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button