Жаңалықтар

Мұғалжарлықтар кубок жеңіп алды

23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күні

13 мамыр мен 17 маусым аралығында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында облыс әкімінің кубогына арналған дәстүрлі облыстық спартакиада ұйымдастырылды. Жұма күні аталған жарысты қорытындылау шарасы өтті.

Спартакиадаға Ақтөбе қаласы және аудан әкімдіктерінің мемлекеттік қызметшілерінен құрылған 15 команда қатысты. Жалпы спартакиадаға 400-ге жуық мемлекеттік қызметші атсалысты.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылған спартакиаданың биылғы ерекшелігі — жарыстар көшпелі форматта өткізілді. Мәселен, спартакиада ойындары 13 мамырда Ойыл ауданында басталып, шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы, жүзу сияқты спорт түрлерінен 15 команда сынға түсті. Ал 20-21 мамырда Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында командалар шағын футболдан жарысып, қызықты да тартысты ойын көрсетті.

Облыстық спартакиаданың келесі мәресі 27 мамырда Мәртөк ауданында жалғасты. Онда мемлекеттік қызметшілер 5 салмақ (-66, -74, -82,-90,+90 кг) дәрежесі бойынша ұлттық спорт — қазақша күрестен сынға түсті. Ал 10-17 маусым аралығында командалар Қобда ауданында волейболдан, сондай-ақ Ақтөбе қаласында бильярд, үстел теннисі, президенттік тест, қол күрес және гір көтеруден бақ сынасты.

Бір айға созылған турнирде облыстың жастары мемлекеттік қызметшілер арасында өткен жарыстарға жанкүйер ретінде қатысып, тартысты ойындарға куә болды.

Жұма күні аталған спартакиаданың қорытынды шарасында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев дәстүрлі турнирдің биылғы ерекшелігіне тоқталып, бұл шаралар мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Сондай-ақ шарада облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Дәулетияр Тоғызбаев пен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров спартакиадаға қатысқан мемлекеттік қызметшілерге алғысын білдірді.

Шара соңында командалық есеп бойынша үздіктер марапатталды. Атап айтсақ, биылғы спартакиадада облыс әкімінің кубогын Мұғалжар ауданының командасы жеңіп алды.

ІІ орынды Қобда ауданының командасы иеленсе, ІІІ орын Байғанин ауданының командасына бұйырды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button