Жаңалықтар

Интернет алаяқтары азаймай тұр

Брифинг

Бүгінде алаяқтық қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалады екен. Биылдың өзінде облыста 455 интернет алаяқтық дерегі тіркелген. 

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Берік Боранбаев мәлімдеді.

— Интернет алаяқтығы қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселелерінің біріне айналды. Интернетті қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп отырады. Ең жиі кездесетін алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену, бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр, — дейді Берік Боранбаев.

Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері — сауда-саттық саласы. Әсіресе сұранысқа ие Instagram әлеуметтік желісінде, olx сайтында кімнің кім екенін ажырату өте қиын.

— Мәселен, сіз бір затыңызды сатпақ болып, хабарландыру бердіңіз делік. Алаяқ сізге алдын ала төлем жасағысы келетінін айтып, картаңыздың нөмірін, артынша хабарламадағы құпия кодты сұрайды. Осылайша картаңыздағы ақшаны жымқырып алуды көздейді. Мұндай жағдайда сатып алушыға бейнеқоңыраумен хабарласуға болады. Немесе сіздің атыңыздан біреу несие алғалы жатқанын айтып хабарласса, дереу өз банкіңізге және полицияға қоңырау шалуыңыз керек.

Алаяқтар өзге мемлекеттерден де қазақстандық нөмірлер арқылы хабарласады. Олар қазақ тілінде жауап бере алмайды. Әрі ешқандай банк қызметкері жеке мәліметтерді телефон арқылы сұрамайтынын естен шығармаңыз, — дейді Берік Боранбаев.

Сөз соңында ол интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларына тоқталып, дербес деректерді, карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button