Спорт

Биылғы қыс футбол додасымен басталады

ӘЧ-2022 

Қыс келген кезде, яғни қарашаның соңы мен желтоқсанның басында Қазақстанда футбол стадиондары мүлгіп тұратыны мәлім. Теңбіл доп додалары туралы әңгімелер де осы кезде бұрынғыдан саябырси бастайды. Бірақ биыл дәл осы уақытта қазақстандық жанкүйерлер бір ай бойы футбол ойындарын тамашалайтын болады. Әрине, теледидардан.

Катар мемлекетінде  21 қараша мен 18 желтоқсан аралығында өтетін 22-ші Әлем чемпионатының ақырғы (финалдық) кезеңіне қатысатын 32 құрама 14 маусым күні толық анықталып болды.

Ұлттық құрамалар мынадай 8 топқа бөлінді:

«A» тобы:

Катар, Эквадор, Сенегал, Нидерланды.

«B» тобы:

Англия, Иран, АҚШ, Уэльс.

«C» тобы:

Аргентина, Сауд Арабиясы, Мексика, Польша.

«D» тобы:

Франция, Австралия, Дания, Тунис.

«Е» тобы:

Испания, Коста-Рика, Германия, Жапония.

«F» тобы:

Бельгия, Канада, Марокко, Хорватия.

«G» тобы:

Бразилия, Сербия, Швейцария, Камерун.

«H» тобы:

Португалия, Гана, Уругвай, Оңтүстік Корея.

Осы топтық кезеңдегі ойындардың нәтижесі бойынша бірінші және екінші орынға шыққан құрамалар плей-офф кезеңіне жолдама алады да, қалғандары еліне қайтады.

Чемпионаттың алғашқы кездесулері 21 қараша күні өтеді: Сенегал — Нидерланды; Англия — Иран; Катар — Эквадор; АҚШ — Уэльс.

Ал бірінші орын үшін болатын ақырғы кездесу 18 желтоқсанға белгіленді.

Ең бір қызықтысы, бұл чемпионат бұрынғы жарыстарға қарағанда ерекшелігі көп дода болғалы тұр.

Біріншіден, Катар футболдан Әлем чемпионатын бірінші рет өткізгелі отыр.

Екіншіден, Әлем чемпионаты алғаш рет абсолютті монархиялық елде өткелі отыр.

Үшіншіден, бұл дода тұңғыш рет мұсылмен халқы көп елде өтпекші.

Төртіншіден, бұл жарыс Таяу Шығыста бірінші рет өтеді.

Бесіншіден, бұл футбол сайысы Араб әлемінде алғаш рет өтпекші.

Алтыншыдан, бұл Әлем чемпионаты тұңғыш рет Солтүстік жер шарында күз аяқталып, қыс басталар шақта өткелі отыр. Жарыстың мамырда немесе маусымда әйтпесе шілдеде өткізілмеуінің себебі — бұл кезде Катарда күн өте-мөте ыстық болады. Сондай-ақ чемпионат мерзімі барынша ықшамдалып, 28 күн шамасына есептелді.

Жетіншіден, бұл чемпионат футболдан Еуропа чемпионаты мен Олимпиадалық ойындар өткеннен кейін араға бір жыл салып қана өтпекші.

2022 жылғы Әлем чемпионатының ерекшеліктері туралы әңгімемізді осымен түйіндей тұрамыз.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button