Спорт

Жасыл алаңда жарқылдай аламыз ба?

Еурокубоктар

Қазақстан футбол клубтарының алдағы айда басталатын Еуропа кубоктары үшін болатын жарыстарда кездесетін командалары анықталып болды.

Қазіргі чемпионымыз «Тобылдың» бірінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы — Венгрияның «Ференцварош» командасы. Чемпиондар Лигасындағы бірінші кездесу 5-ші немесе 6 шілдеде Қазақстанда өтсе, қарымта кездесу 12-ші немесе 13 шілдеде Венгрияда өтеді.

«Ференцварош» — өте тәжірибелі команда, осы кездесудің фавориті болып есептеледі. Егер қостанайлық команда бұл сыннан мүдірмей өтсе, екінші кезеңде «Слован» (Словакия)-«Динамо» (Батуми, Грузия) кездесуіндегі жеңімпазбен күш сынасады.

Ал Конференция Лигасында болатын тайталастарды қазақстандық командалар екінші кезеңнен бастайды.

«Астана» Польшаның «Ракув», «Қайрат» Венгрияның «Кишварда», ал «Қызылжар» Хорватияның «Осиек» командаларымен ойнайды.

«Кишварда» — еурокубок ойындарында тәжірибе жинай қоймаған жас команда, сондықтан алматылықтар басым түсуге тиіс. Ал «Ракув» тәжірибелі болғанымен, елордалықтар да еурокубок ойындарының құпиясын жеткілікті білетіні мәлім, жерлестеріміздің келесі кезеңге өту мүмкіндігі мол. Рас, бұл ретте «Қызылжарға» оңай соқпайды. «Осиек» — шеберлігі жоғары ойыншылардан жасақталған, Еуропа чемпионаттарына мықты футболшылар даярлап беріп жүрген мығым команда.

Біз бұлайша баға бергенімізбен, жасыл алаңда ертең қандай жағдай қалыптасатынын, әрине, нақты білмейміз. Қалай болғанда да, жерлестерімізге табысты ойындар тілейміз.

Алғашқы ойындар 21 шілдеге, ал қарымта кездесулер 28 шілдеге белгіленген.

 

Е.АХАТҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button