Басты жаңалықтар

Тарихи тұлғаларға тағзым

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Әбілқайыр хан мен Бопай ханымды еске алу шараларына қатысу үшін өңірімізге келген қонақтарды қабылдады. Олардың қатарында Өмірзақ Озғанбаев, Жауғашты Нәбиев, генерал-майор Айтқали Исенғұлов, Серікбай Ораз, Сергей Әзімов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері бар.

— Ақтөбе жерінде жүздескеніме қуаныштымын. Еске алу шарасын өткізу туралы бастама көтерілгенде қолдау көрсетуді жөн көрдік. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Әбілқайыр хан — біздің ұлы бабамыз, оның қызметі арқасында қазақ халқы өзінің ұлттық болмысын, әдет-ғұрпын, тарихы мен мәдениетін сақтай алды, —  деді облыс әкімі.

Еске алу шарасы 15-16 маусымда Әбілқайыр ханның «Хан моласы» мемориалды кешені аумағында өтеді. Оған қатысу үшін Ақтөбе облысына Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен еліміздің көршілес өңірлерінен қонақтар келді.

Облыс әкімімен кездесуде Әбілқайыр ханның ұрпағы, генерал-майор Айтқали Исенғұлов ақтөбеліктердің бабалар рухын ұлықтауға құрметпен қарайтынына ризашылығын білдіріп, мұндай іс-шаралардың ұлттық рухты көтеруде маңызы зор екені атап өтілді.

— Жастардың ұлттық сана-сезімін ояту, олардың көрнекті қазақ қайраткерлері туралы білімін арттыру өте маңызды. Бұл бағытта Ақтөбеде  Едіге батыр, Есет батыр, Досжан хазірет туралы естеліктерді жаңғырту және сақтау бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл — жас ұрпақтың тәрбиесі үшін өте қажет іс-шаралар, — деді академик, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаев.

Ел басына күн туғанда үш жүздің басын қосқан Әбілқайыр ханның тарихтағы шынайы тұлғасын жасауда тарихшылар мен зерттеушілермен қоса, мәдениет қайраткерлерінің де рөлі зор.

— Еске алу шаралары Әбілқайыр ханға, сонымен бірге оның адал серігі Бопай ханымға да арналып отырғаны әділетті. Бопай— хан өлген соң оның ісін жалғастырып, ұлдарын таққа отырғызған ұлы қайраткер, дана дипломат болды, —  деді режиссер Сергей Әзімов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button