Басты жаңалықтарЭкономика

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Облыста президент тапсырмалары ойдағыдай орындалып жатыр

Кеше ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында  облыстың 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы баспасөз мәслихаты өтті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын көтеру, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасы аясында атқарылып жатқан шаралар жайында баяндады.

Өңірде 1,2 мың жұмыс орны ашылады

Облыс әкімінің айтуынша, облыста барлық негізгі көрсеткіш бойынша оң динамика қамтамасыз етілген. Мысалы, өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің көлемі 102,7 пайызға, инвестиция – 120,6 пайызға, құрылыс – 104 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру – 113,6 пайызға, сауда көлемі 104,8 пайызға жеткен.

— Өңір экономикасының негізгі үлесі өнеркәсіпте болса, оның көрсеткіші — 37 пайыз. Өнеркәсіп өсімін қамтамасыз ету үшін өңірде жаңа кәсіпорындар пайдалануға беріліп, жұмыс жасап жатқандары жаңартылып жатыр. 2021 жылы өңірге 842,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін 80 миллиард теңгеге энергетика, мұнай өңдеу, азық-түлік өнеркәсібі, цифрландыру және тағы басқа салаларда 23 инвестициялық жобаны жүзеге асыру және шамамен 1,2 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, — деді облыс басшысы.

Өңірде шағын және орта бизнес саласын дамытуда оң динамика сақталып отыр.

2021 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп жатқан субъектілер саны 6,8 пайызға артқан. Бүгінде олардың жалпы саны — 65 992. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткен. Өсім көрсеткіші — 21,7 пайыз.

Сондай-ақ облыста 5300-ден астам шағын және орта бизнес жобасы мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы механизмдерін пайдаланған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы» аясында 4030 шағын және орта бизнес жобасы қолдау тауып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында — 74, «Еңбек» бағдарламасы аясында 1261 жоба мақұлданған.

Биыл да былтырғыдай бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жоспарланып отыр.

Биыл рекордтық тұрғын үй алаңы пайдалануға беріледі

Бүгінде облыста 900 мыңнан астам тұрғын бар, оның 500 мыңнан астамы Ақтөбе қаласында тұрады. Соңғы жылдары өңірде адам санының өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты тұрғын үй құрылысы қарқыны да артқан. Биыл осы орайда облыста рекордтық тұрғын үй алаңы пайдалануға берілмек. Бұл туралы облыс әкімі:

Соңғы үш жылда облыста жыл сайын кемінде 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылы 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталды. Бұл — бес жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есеге көп және ең жоғарғы көрсеткіш. Ал биыл облыста 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Биылғы бес айдың өзінде өңірде 300 мың шаршы метр тұрғын үй бітіп, иелері қоныстойын тойлады, — деді.

Өз сөзінде облыс әкімі құрылыстың дамуы экономика өсімінің негізгі драйвері, ал биылғы өсім рекордтық көрсеткіш екенін жеткізді.

Облыста 580 шақырым жол жөнделеді

Баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Оңдасын Оразалин облыстың көлік торабын

дамытуға өңірдің әлеуеті жететінін, бүгінде бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

  • Қазіргі таңда өңірдегі жолдардың сапасына қатысты тұрғындар, кәсіпкерлер мен өндіріс мекемелері тарапынан сыни көзқарастар мен наразылықтар бар екендігі рас. Дегенмен, айта кету керек, осыдан он жыл бұрын біздің өңірдегі жақсы жолдардың үлесі өте төмен болды. Нақтырақ айтсақ, ол көрсеткіш 43 пайыз болды, бұл ретте республика өңірлері арасында 16-орында болдық. Бүгінде аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, осы жағдайды түзету үшін тиісті шараларды қабылдап жатырмыз, — деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, облыста жол жөндеу жұмыстарына 2011-2018 жылдар аралығында

36 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Осылайша сапасы жақсы жолдардың үлесі 11 пайызға артқан. Ал соңғы 3 жылда жол жөндеуге шамамен дәл осындай көлемде қаражат бөлініп (36,7 миллиард теңге), жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 13,7 пайызға көбейген.

— Бұл мәселе Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен, сондай-ақ дәл сондай көлемде паритеттік негізде жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың арқасында шешіліп отыр. Биыл барлық кезеңмен салыстырғанда жол жөндеуге ең көп қаржы — 34,5 миллиард теңге қарастырылды. Оның ішінде 20,6 миилиард теңге жергілікті жолдарды жөндеуге, ал 13,9 миллиард теңгесі көшелерді жөндеуге жұмсалады. Осылайша облыста 583 шақырым жол жөнделеді, — деді О.Оразалин.

Оның айтуынша, биыл нормативтік жай-күйдегі жергілікті жолдардың үлесі 66,7 пайыздан 72 пайызға дейін артады.

2023 жылы ауызсумен қамту 100 пайызға жетеді

Бүгінде облыста Президенттің халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Келер жылы бұл бағыттағы жұмыстар толық аяқталады.

  • Бүгінде облыс халқының 97,2 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Мәселен, өткен жылы жалпы халық саны бес мың адам болатын он ауылды сумен қамтамасыз еттік. Биыл 23 мыңға жуық халқы бар 11 ауылды орталықтандырылған ауызсумен және 39 ауылды кешенді блок-модульдермен қамту жоспарлануда. Біздің алдымызда Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2025 жылы халықтың 100 пайызын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Дегенмен қабылданып жатқан шаралардың арқасында біз бұл көрсеткішті алдымыздағы 2023 жылы орындауды жоспарлап отырмыз, — деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда облысымыз халықты газбен қамту көрсеткіші жағынан республикада көш бастап тұр. 2021 жылы 10 мыңнан астам халқы бар 16 ауыл газбен қамтылса, биыл 9 ауылға көгілдір отын беріледі. Келер жылы газбен қамтылған халықтың үлесін 93,4 пайызға жеткізу жоспарлануда.

«Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуда көш бастап тұрмыз»

Оңдасын Оразалин баспасөз мәслихатында өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің бүгінгі ахуалына тоқталды.

Облыс басшысы өңірдің қолайлы климаты мен кең-байтақ алқаптардың болуы мал, егін шаруашылығын дамытуға және еліміздің батыс өңірінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ өнімдерді шетелдерге экспорттауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

  • 2019 жылы біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша бес жылдық жоспар әзірледік. Сол жоспарға сәйкес 2020-2021 жылдары жергілікті бюджеттен бұрын-соңды болмаған жемшөпті субсидиялау үшін 12,7 миллиард теңге және ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуды субсидиялауға 7,2 миллиард теңге қаражат қарастырдық. Яғни техника алуға республикалық бюджеттен беретін 25 пайыздық субсидияға қосымша жергілікті бюджеттен 10 пайыз көлемінде қаражат бөліп отырмыз. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасының жаңартылуы қарқынды жүруде. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,9 пайыз болса, былтыр 5,9 пайызға жетті. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес біз осы бағыт бойынша өзге облыстар арасында алдыңғы орында тұрмыз, — деді О.Оразалин.

Облыста соңғы екі жыл ішінде 700 млрд теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Жылқы саны — 38 пайызға, ірі қара саны — 19,3 пайызға, ұсақ мал саны —  7,1 пайызға, құстар саны 4,5 пайызға артқан.

  • Мал басының артуына байланысты облысымызда жемшөппен қамтамасыз ету үшін 2020 жылдан бастап Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджет есебінен 25 мың гектар көлтабан және 10,6 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп жатыр. Жалпы жоспарға сәйкес алдағы үш жылда қолданыстағы суармалы жерлердің алқабын 100 мың гектарға дейін жеткіземіз, — деді облыс басшысы.

Ол өз сөзінде облысымыз 32 негізгі азық-түліктің 24 түрімен өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғанын, оның ішінде ұн, нан, сүт, ет өнімдері, жұмыртқа және көкөніс бар екендігін атап өтті.

Алдағы үш жылда өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы құны 315 млрд теңгеден астам қаражатқа 75 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

  • Біз Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік бағдарламаларды толыққанды іске асыру жөніндегі тапсырмасын ойдағыдай атқарып келеміз. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Бүгінде еліміз дамудың жаңа белесінде тұр. Сондықтан баршаңызды осы ортақ мақсат пен ортақ мүдде жолында еңбек етуге шақырамын. Еліміз дами берсін, облысымыз гүлдене берсін, — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

P.S. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин баспасөз мәслихатының соңында БАҚ өкілдерінің әлеуметтік, экологиялық проблемаларға, сондай-ақ азық-түлікпен қамту, қоғамдық көлік қатынасын реттеу, тұрғын үй құрылысын жүргізу және т.б. мәселелерге қатысты сауалдарына жауап берді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button