Басты жаңалықтар

Қант «келе жатыр»

Баға

Мониторингтік топ қант қымбатшылығына байланысты Ақтөбе қаласындағы дүкендерді аралады. Қалалық мәслихат депутаттары,  қоғам белсенділері мен журналистер Астана ауданына қарасты Болашақ тұрғын үй алабындағы дүкендерге барды.

Олар— қазіргі қымбатшылыққа байланысты азық-түлік бағасының тұрақты болуын бақылап, дүкен иелеріне түсінік жұмыстарын жүргізді.

Топ мүшелеріқаланың шағын дүкендерінде қант тапшылығы байқалып тұрғанын, кейбір дүкендерде мүлде қант жоқ екенін, ал кейбірі шағын дүкендерде келісі 830 теңгеден сатылып жатқанына көз жеткізді. Қала тұрғындары дүкендердегі азық-түліктің күн сайын қымбаттап жатқанын айтып шағымданды.

Осыдан бір ай бұрын қанттың келісін 368 теңгеден алған болатынмын. Одан кейін 600, тіпті 800 теңгеге дейін өсті. Зейнетақым тамақтан ауыспайды, тіпті жетпей қалады. Мен секілді қаншама адам бар. Тапқанын дүкенге санап береді. Бір бөлке нанның өзі — 105 теңге. Жалақы аз, тамақ қымбат. Осындай  бағамен бір ай бойы өмір сүру тіпті қисынға келмейді. Біз қарапайым тұрғынбыз. Жауапты адамдар бұған қалай жол беріп отыр? Бәрі де алаңдаулы. Ақшамыз жетпегендіктен, тамақты дүкеннен қарызға аламыз, — дейді Света есімді қала тұрғыны.

Одан кейін мониторингтік топ келесі дүкенге барып, тауар бағасын қарады.

Шағын дүкендерді тексере берудің не қажеті бар? Бізге қымбатқа сатылады. Тасымалдаушыға, өндірушіге, көтерме бағамен сататын орындарға барып айтыңыздар. Олар бізге арзан бағамен сатса, біз де бекітілген бағадан асырмаймыз. Мысалы, біз қантты бір келісін 500 теңгеден алып отырмыз. Біз алатын жерде сұйықмайдың өзі қымбаттап, 100-200 теңге қосылды.  Шағын дүкендерге көтерме бағамен тауар жеткізуді ұйымдастырсын. Халықтың бәрі «Анвар» мен «Дина» сауда желілеріне бара бермейді ғой. Ірі дүкендерге баруға қолма-қол ақшалары бола бермейді. Біздің де тұтынушыларымыз көп. Көбі қарызға алады. Амал жоқ, жағдайды түсініп жалақыға дейін береміз. Біздің де төлейтін шығындарымыз жетіп артылады. Оларды қалай жабамыз? Сөздің тоқетері — бағаның өсуі шағын дүкендерге байланысты емес, — дейді дүкен иесі Бибігүл Бабырова.

Сатушының да, сатып алушының да пікірі орынды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрінің бағасына қосылатын саудаөсімі 15 пайыздан аспауы керек.Ақтөбе қаласының аумағында  «Анвардың»23 «Динаның» 18 сауда желісі бар. Оған қоса 900-ден астам дүкен жұмыс істейді.

Облыста жергілікті тауар өндірушілерден шығатын ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы да құбылып тұр. Ал қант сырттан импортталады. Елімізде 4 қант зауыты бар. Олардан «Анвар» мен «Дина» сатып әкеліп отыр. Бірақ шағын дүкендерді түгел қамти алмайды. Басты себеп — соғыс жағдайына байланысты наурыз айынан бастап 31 тамызға дейін Ресейдің қантты сыртқа сатуды уақытша  тоқтатуы.

Алайда қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеевтің айтуынша, қант қоры жеткілікті.Оған қоса қант жеткізуші компания Үндістаннан 2 мың тонна қант әкелуге келісімшарт жасасқан. Қазір 500 тонна қант жолда келе жатыр. Сонымен қатар Белоруссиядан да 500 тоннаға жуық қант жақында жеткізілмек. Әрине, импорттың тауары ішкі  нарықтағы бағадан жоғары болмақ.

— Шетелден келетін қанттың келісінің көтерме бағасы — 510 теңге. Ал шағын дүкендерге түскенде 590 теңге болуы мүмкін. «Табыс» коммуналдық базарында қанттың көтерме сатып алу бағасына 10 пайыз қосылып, 563 теңгеден сатылып жатыр. «Анвар» мен «Дина»сауда желілері қантты көтерме бағамен 420 теңгеден сатып алып, 442 теңгеден сатуда. Алдағы уақытта қант бағасы тұрақтанады деп ойлаймын. Өйткені «қант қымбаттайды» деген соң тұрғындардың шамадан тыс қапшықтап алып қою фактілері бар. Әдейі қоймада ұстап отырғандар да болуы мүмкін. Сондықтан дүкендерде қант тапшылығы болып, баға өсті.  Бәрі реттеледі. Қанттан басқа азық-түліктің бағасын негізсіз өсірген кәсіп иелеріне шарақолданады, — дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Көкеев.

 Самат НАРЕГЕЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button