Басты жаңалықтар

Демаласыз ба, ем аласыз ба?

Жазда кез келген адам шетелге шығып, не болмаса шипажайға барып тыныққанды тәуір көреді. Дегенмен оның барлығы қаржыға келіп тірелетіні рас. Сіз қайда барып демалғыңыз келеді? Қазір қай елдерге немесе отандық шипажайларға баруға мүмкіндік бар? Облыстағы шипажайлар мен жағажайлар қалай жұмыс жасап жатыр? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік…

Шетелге барғыңыз келсе…

Пандемия кезінде қазақстандықтардың көбі ешқайда шыға алмады. Оған мүмкіндік те болмады, халықтың дені қымбатшылықтан қиналды. Қазір де арзан дүние жоқ. Дегенмен

әлемде карантин шектеулері алынып, шекаралар ашылған соң, ақшасы бар азаматтар шетелдерге немесе еліміздегі танымал шипажайларға барып демалып жатыр.

Биыл елімізде 25 мемлекетке 80 бағыт бойынша халықаралық рейстер қатынап жатыр, 74 мемлекетке визасыз баруға болады.

Қазіргі таңда қазақстандықтардың ең көп баратын елдерінің қатарында Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Шри-Ланка, Таиланд, Грузия, Өзбекстан, Албания, Армения, т.б. бар. Жыл басынан бері қазақстандықтар тарапынан Грекияға сұраныс көбейген. Туроператор өкілдерінің айтуынша, Шенген визасын рәсімдеу үшін осы бағыт бойынша екі аптаға жуық уақыт қажет болса да, осы елге деген қызығушылық артып келеді. Қазір Крит (ең үлкен грек аралы) аралына барғысы келетіндер саны көп екен. Сондай-ақ қазақстандықтардың тұрақты фавориттерінің қатарына Мальдив аралы да кірген. Черногория мен Италияға да қызығушылық танытатындар көп екен.

Шетелге барамын десеңіз, жол сілтеп, апарып-алып қайту қызметін атқаратын туристік фирмалар өте көп. Тіпті жеке тур өткізетіндер де бар. Мәселен Ақтөбе қаласында осындай 50-ге жуық туристік агенттік жұмыс істейді. Қай елге барам десеңіз де, жол ашық. Осы ретте біз де шетелдік жазғы демалыс орындары мен оған кететін шығындарды бағамдап көрген болатынбыз.

Ақтөбе қаласындағы «Чемодан» туристік агенттігінің өкілі Бағдат Дәрібай облыс тұрғындарының таңдауы, ең алдымен, табиғаты мен сұлулығы үйлесім тапқан Түркия еліне түсетінін айтады. Себебі бұл елдің туристерге қызмет көрсету сапасы өте жақсы дамыған. Мысалы 12 күнге Түркияның Алания қаласына демалуға барсаңыз, ең кемі 250 мың теңгеңіз дайын болуы керек. Оның ішіне жатар орныңыз, тамағыңыз бен барып-қайту билетіңіз, сақтандыру полисіңіз кіреді. Одан да өзге қызмет түрін алғыңыз келсе, үстеме ақша төлейсіз. Бүгінде Ақтөбеден Түркия еліне ұшатын тікелей рейс бар. Демек, түрік жұртына бару аса қиындық туғызбайды.

— Барлық елге сұраныс бар. Әсіресе Түркия мен Грузияға барғысы келетіндер көп. Ал Мысыр мен Біріккен Араб Әмірліктерінде аптап ыстық басталғандықтан, жазда ол елдерге демалушылар аз барады.

Төрт жылдан бері осы агенттікте жұмыс істеп келемін. Біздің басты міндетіміз — адамдардың көңілінен шығатын тур таңдап беру. Жыл сайын шетелдегі демалыс орындарымен танысу үшін арнайы инфотурға шығамыз. Өзім биыл мамыр айында Түркияның Ыстанбұл, Анталия қалаларына барып қайттым. Сондағы демалыс орындарымен, конақүйлердің жұмысымен жіті таныстым. 

Биылғы бір жаңалық  — 1 маусымнан бастап Түркияға вакцина паспорты немесе ПТР тапсыру міндеттелмейді. 8 маусымнан бастап Қазақстанға қайтуға да барлық шектеулер алынып тасталды. Қазір Ақтөбеден Түркияға аптасына үш рет «Scat» әуе рейсі ұшып жатыр, 16 маусымнан бастап аптасына екі рет «FlyArystan» рейсі қосылады, — дейді ол.

Оның айтуынша, жазғы демалысын шетелде өткізуді жоспарлағандар қыс, көктем айларында болатын жеңілдіктерді бақылап жүргені абзал. Мәселен кейде ұшақта бос орындар қалғанда қолайлы турлар жарияланады.

— Демалушылар өз қалауы бойынша демалыс орындарын таңдайды. Мәселен, кейбіреулер теңіздің жағасында орналасқан жайлы қонақүйді, енді бірі отбасымен барса, балаларына ыңғайлы орындарды таңдайды. 20-30 пайыз ғана ақшасын төлеп, жазғы демалысыңызды ертерек жоспарласаңыз, баға әлдеқайда арзанға шығады. Себебі рейс уақыты жақындаған сайын, баға да өсе бермек. Сондай-ақ айта кетейік, банктер арқылы бөліп төлеу мүмкіндіктері де қарастырылған, — дейді Бағдат.

Ал тарихымен ерекшеленетін Египет еліне сапар 2 адамға 461 мың теңгені құрайды. Бұл елде жаз айы өте ыстық. Сондықтан демалушылар көбіне күзде барғанды қолайлы көреді екен.

Сонымен қатар жылдың төрт мезгілінде де Грузияға баратын ақтөбеліктердің көп екенін білдік. Себебі онда курорттық орындар баршылық. Ақтөбеден тікелей рейспен 2 сағатта Тбилисиге ұшып жете аласыз. Демалушылар жазда Батумида суға түсіп, күзде Тблисидегі экскурсиялық турларға, Кахетиядағы таулы жерлерге саяхаттайды. Ал қыста Бакурианидаға қысқы спортты сүйетіндер жиі барады. Сондай-ақ көпшілігі Боржомиға ата-аналарын емдік шипажайларға жібереді екен. Жалпы, Грузияға барғыңыз келсе, 180 мың мен 250 мың теңге аралығында қаржыңыз болуы керек.

Дубайға жолыңыз түссе, қалтаңыздың қалың болғаны абзал. Бұл елге бару құны —  бір адамға 300 мың теңгеден басталады. Ол жақта барлығы қымбат екені айтпаса да түсінікті. Таксилері 5 мың, тамақтану құны бір адамға 10 мың теңгеден басталады. Ал 1 миллион 500-700 мың теңгемен Мальдив аралдарында демала аласыз. Мұнда көбіне жас жұбайлар бал айын өткізу үшін барады. Сондай-ақ қазір көршілес Өзбекстанды таңдайтындар да көп. Биыл наурыз айындағы мейрам күндері демалуға барған ақтөбеліктерді жиі байқадық. Мәселен Ташкент қаласына 100 мың теңгемен саяхаттап келе аласыз. Оның ішіне жатын орын, тарихи орындарға экскурсия, барып-келу билеті кіреді, — дейді Бағдат.

Оның айтуынша, тұрғындар демалуға баратын елді таңдағанда, ең алдымен, адам өміріне, денсаулыққа қауіпсіз жақтарын ескерген жөн. Саяхатшылар үшін шетелдердегі әртүрлі қауіпті жағдайлар, террористік актілер, жұқпалы аурулар, эпидемия, табиғат апаттары, алаяқтық, ұрлық аса қауіпті. Сондықтан мұны алдын ала бағамдау қажет. Бүгінде виза мәселесінде де еш қиындық жоқ, мұның барлығымен агенттік айналысады. Міндетті түрде агенттікпен келісімшартқа отыру керек. Сондай-ақ өзге елге барып, қайта елге жете алмай қалатын жайлар да кездеседі. Мұндай жағдайлар болмас үшін агенттіктің ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тіркелгендігіне көз жеткізуді ұмытпаған абзал. Оған қоса туроператор арқылы шетелге саяхаттауға шыққан азаматтар міндетті түрде сақтандыру полисін алуы керек. Себебі агенттік банкротқа ұшыраған жағдайда немесе демалыс уақытында қиындықтарға тап болсаңыз, аман-есен елге оралуыңызға көмектеседі.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Әйгерім Сатыбаева қазір Шарм-эль-Шейх қаласында демалып жүр. Ол бірнеше жылдан бері жазғы демалысын шетелде өткізуді армандапты. Әйгерім анасы екеуі бес жұлдызды «Activ Tropitel Waves» қонақүйін таңдапты. Оның айтуынша, мұнда барлық жағдай жасалған.

—  Төрт күн бұрын анам екеуміз Шарм-эль-Шейх қаласына Ақтөбеден тікелей рейспен ұшып келдік. Ұшаққа ұшар алдында ПТР-тест тапсырдым. Себебі пандемия кезінде отандық вакцина салдырған едім. Ал анам қытайлық вакцина алған еді, ол ПТР-тест тапсырған жоқ. Бұл елде бәрі алдын ала ұйымдастырылған, түрлі турлар да бар екен. Олардың бір адамға арналған құны — 10-300 доллар аралығында. Мұнда келіп демалып жатқан туристер көп. Қазақстандықтарды да кездестірдік. Қазір осы елдің мәдениетімен танысып, тарихи, киелі жерлерін аралап жүрміз, — дейді ол.

Әйгерім бұл қалаға туристік агенттік арқылы екі адамға арналған жолдама сатып алыпты. Құны — 523 500 теңге. Оның ішінде жол жүру ақысы, қонақүй ақысы, қызметі — бәрі қамтылған.

Айта кету керек, Әйгерім СММ-маман болып жұмыс істейді. Болашақта ол өзге де елдерге барып демалуды жоспарлап отыр.

Ал Динара Нұрланқызы жақында Түркияға барып, отбасымен демалып қайтыпты.

— Турдың жалпы бағасы 1 миллион 200 мың теңгеге шықты. Туристік агенттіктің көмегіне жүгіндік. Теңізге жақын жерден, төрт жұлдызды қонақүйді таңдап берді. Әуежайдан түскеннен күтіп алып, шығарып салушылар болды. Қызмет көрсету сапасы да ұнады. Түркия — отбасымен демалудың ең жақсы нұсқасы. Балалар үшін көптеген аттракциондар, ойын алаңдары, барлық ойын-сауық түрлері бар, — дейді ол.

Отандық туризмнің жайы қалай?

Қазір жұрттың көбі шетелге баруға құмар. Ал отандық туризмнің жайы қалай? Бұл тақырыпқа келгенде әркімнің айтар өз уәжі бар. Мәселен біреулер Қазақстандағы туристік орын­дарда сервис дұрыс дамымағанын алға тартса, енді бірі бағалары тым қымбат екенін айтады. Одан да сол кеткен ақшаға шетелді аралап қайтуға болатынын дәлелдейді. Статистикаға жүгінсек, дамыған елдер осы саладан қыруар пайда тауып отыр. Кішкентай аралдың үстінде отырып-ақ мол табысқа ке­неліп жатқан мемлекеттер бар. Осы тақырыпты зерттеу барысында отандық туристік базалардың бағаларын шолып шыққан едік, шынында, ба­ғалары шарықтап тұр. Мәселен, Алматы қала­сының маңында орналасқан сауықтыру орындарының құны — күніне 20 мың мен 63 мың теңге аралығында. Ал Сарыағаш шипажайларының құны — 10-25 мың теңге. Алтай аймағындағы сауықтыру орындарының құны – 12-30 мың теңге. Бурабайдағы қонақүй бағаларының орташа құны — күніне 15-20 мың теңге. Енді 10 күндік демалысыңызға қанша қаржы керектігін есептей беріңіз. Ем алғыңыз келсе, оған бөлек ақша төлейсіз.

2020 жылы карантин жарияланғалы ішкі туризм жақсы дамыды. Ақтаудан елімізде алғаш рет «Rixos Aktau» деген атпен теңіз жағасында орналасқан қонақүй ашылды. Бұл жерде де Түркияда жүргендей ерекше күй кешесіз. Мұнда бір аптаға демалуға барсаңыз, екі адамға 1 миллион теңгеге шығады. Иә, бұл ақшаға сіз шетелде де демала аласыз. Бірақ кейбір адамдар ішінде демалғанды қауіпсіз санайды, — дейді «Чемодан» туристік агенттігінің өкілі Бағдат Дәрібай.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Рано Чалабаева «Сарыағаш» шипажайына барып, демалып келген. Бұл шипажайда 10 күндік демалу құны 100 мың теңгеден басталады екен. Алайда оның ішіне емдік шаралар кірмейді.

— «Сарыағаш» шипажайында терапевт-дәрігердің нұсқауымен массаж, тұз шахтасы, балшықпен емдеу, парафин, тағы басқа емдік шаралар алуға болады. Алайда оның барлығына бөлек ақша төлейсіз. Мен көбіне тегін бассейнге түсуді жөн көрдім. Себебі суда жүзу денсаулыққа пайдалы. Сондай-ақ демалушылар фильм көріп, ән айтып, би биледік. Сенбі, жексенбі күндері экскурсияға апарды. Жалпы, шипажай қызметі көңілімнен шықты. Дегенмен емдік шараларға бөлек-бөлек ақы алатыны тиімсіз екен, — дейді ол.  Енді облыстағы шипажайларға келсек, қазіргі таңда Мәртөктегі «Зару» мен Алғадағы «Шипагерге» халық көп барады. Бұл жерлерде демалушылардың тынығып қана қоймай, ем алуына да барлық жағдай жасалған. Мәселен, Мәртөк ауданында орналасқан «Зару» шипажайында қазір 40 адам демалып, ем алуда.

Шипажай директоры Бану Тілегенованың айтуынша, мұнда бір күндік емнің бағасы — 18 мың теңге. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге жеңілдіктер қарастырылған.

  • «Зару» шипажайына келушілер пантымен емделеді. Яғни жаңа кесілген жас мүйіздің қаны беріледі. Сондай-ақ арнайы технологиямен пантогематоген жасалады. Ол да шипажайға келушілерге ұсынылады. Демалушылар бұл жерде бірнеше рет қайнатылған марал мүйізінен дайындалған сорпаға да түседі. Панты бұлауын да қабылдайды. Төрт мезгіл эко-тағамдармен тамақтанады. Барлығының денсаулыққа пайдасы зор. Әсіресе бұл емдердің қан қысымымен, қант диабетімен, онкологиялық аурулармен ауыратын адамдарға көп көмегі бар. Қазір бізде 40 адам ем алып, демалып жатыр. Шипажай 50 адамға арналған, осыған байланысты алдағы уақытта оңалту орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша шипажайымызға келушілерге мол мүмкіндік жасалмақ. Қазіргі таңда бізге Ақтөбеден бөлек Ақтау, Атырау, Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Орал қалаларынан келіп жатқандар көп. Тіпті қазір қазан айына дейін бос орын жоқ,— дейді Бану Тілегенова.

3-4 жылдан бері өңір халқы үшін қолжетімді бағаға қызмет етіп келе жатқан «Зару» —  облыстағы танымал шипажай. Мұнда келушілер демалып, ем алып қана қоймай, Мәртөктің тамаша табиғатына да серуендей алады. Ең бастысы, мұнда барлық жағдай жасалған.

Ал Алға ауданына қарасты «Шипагер» сауықтыру орталығында қазір 120 адам демалып жатыр. Мұнда зейнеткерлер мен ем алғысы келетіндер көп баратын көрінеді.

Шипажайдың бас дәрігері Әлия Өтепбергенованың айтуынша, мұнда келушілер тұзға, балшыққа түседі, массаж, парафин алады. Мұндай ем түрлері — омыртқа, бел, буын ауруларына бірден-бір шипа.

  • Біздің шипажайда бір күндік демалыс пен ем ақысы 13 мың теңгеден басталады. Оған бірқатар емдік шаралар кіреді. Мамандарымыз келушілерді жан-жақты тексеріп, денсаулығына қарай ем береді. Жалпы, келіп демалушылар үшін барлық жағдай жасалған: 4 мезгіл тамақ, түрлі көпшілік шаралар. Көп жағдайда қыс, көктем айларында жеңілдіктер қарастырылады. Жаз айларында бізге келушілер көп. Қазіргі таңда біздің шипажайдағы барлық ем түрлері облыс орталығындағы Заречный тұрғын алабында орналасқан «Шипагер» ем орталығында да бар. Ол жерге де барып ем алуға болады, — дейді ол.

Айта кету керек, Алғаға күн сайын облыс орталығынан автобус та, такси де қатынайды. Бұл шипажайға барушылар үшін ешқандай қиындық жоқ.

Жағажайлар ашылды

1 маусымнан бастап облыста суға шомылу маусымы ашылды. Осыған орай облыс аумағындағы 72 жағажай өз жұмысын бастады. Мәселен, қала аумағының өзінде 18 жағажай орналасқан. Олардың қатарында «BarBQ», «Алау», «Саяхат», «Миа», «Под Мостом», «1001 түн», т.б. жағажайлар бар.

Сондай-ақ қазіргі таңда қала сыртында орналасқан 6 жазғы демалыс орталығы да жұмыс істеп жатыр. Олар — «Green land», «Тау», «Солнечный»,  «Халва резорт», «Көк жайлау», «Жеті қазына» орталықтары.

Бүгінде Ақтөбе қаласындағы 41-разъезд аумағында орналасқан «BarBQ» демалыс орталығына ақтөбеліктер жиі барады. Ақтөбе жасанды көлінің маңындағы орталықта күндізгі 11.00-ден бастап кешкі 22.00-ге дейін көңілді демалыс уақытын өткізе аласыз. Орталыққа кіру құны ересектерге — 500, 3-7 жас аралығындағы балаларға — 300 теңге.

Бұл орталықтың басқалардан ерекшелігі, онда екі қабатты катермен суда серуендеуге болады. Демалушылар катермен бір айналым жасауға (20 минут) 1000 теңге (1 адамға) төлеп, міне алады. Орталықта киіз үйді жалға алу құны — 15 мың теңге, шатырлар — 10 мың теңге, тамақтануға арналған сәкілер 5 мың теңге тұрады. Сондай-ақ балаларға арналған велосипедтер, автобустар мен суда жүретін моторлы қайықтар да бар.

Бүгінде қала маңындағы Кірпішті елді мекенінде орналасқан «Green Land» демалыс базасы көптеген туристер үшін сүйікті орынға айналды. Мұнда жаз мезгілінде үйшіктер, тамақтану орталықтары, мейрамхана, қонақүй мен VIP монша бассейнімен, ипподром, балаларға ойын алаңдары қызмет көрсетеді. Қарғалы өзенінің көркем аймағында орналасқан демалыс базасына әсіресе сенбі, жексенбі күндері келушілер көп. Туристік базаға кіру құны дүйсенбі күні тегін. Қалған күндері ересектерге — 1000, балаларға — 500 теңге. Бұл жерде көңілді уақыт өткізу үшін спорттық бұйымдарды жалға алуға да біраз қаражат жұмсауыңызға тура келеді.

Мен қаламыздағы бірқатар демалыс орталықтарында болып жүрмін. Бірақ маған «Green Land» демалыс базасы ұнайды. Себебі іші ерекше әдемі әрі заманауи. Жақында ғана отбасымызбен және достарымызбен осы демалыс базасында болдық. Маған ұнағаны, барлығы бір аумақта орналасқан. Балаларға көңіл көтеруге арналған жерлер өте көп. Алайда бір кемшіл тұсы, әсіресе сенбі, жексенбіде адам өте көп болғандықтан, ұзақ кезек күтіп қалуға тура келеді.

Отбасымызбен демалысқа шықсақ, естелікке әдемі суретке түскіміз келетіні белгілі. Бұл жер ерекше фотосессия жасауға өте қолайлы, — дейді қала тұрғыны Сымбат Кенжеғұл.

Р.S. Бүгінгідей қымбатшылық қысып тұрған уақытта екінің бірінің шетелге немесе шипажайға баруға қалтасы көтермейді. Дегенмен мүмкіндігіңіз болса, демалып, бір серпіліп қайтқан да дұрыс. Бұл алдымен сіздің денсаулығыңызға пайдалы, сондай-ақ дүниетанымыңызды кеңейтіп, жаңа әсер алуыңызға көмектеседі. Ендеше, оқырмандарымызға сәтті және жайлы демалыс тілейміз! 

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button