Басты жаңалықтарМәдениет

Табысты ұжымның талпынысы

Ақтөбенің музыка өнері жаңа деңгейге шықпақ

Әдетте жаз айларында өнер ұжымдарының көбі демалысқа кетіп, жаңа бағдарламасын күз мезгілінде ұсынатыны белгілі. Бірақ қазақтың кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі — Ахмет Жұбановтың елінде бұл кезең биыл өзгерек болмақ.Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония артистері маусым-шілде айларында көрерменін бірнеше жобамен қуантқалы отыр.

«Елім менің»: 7 мемлекеттің әншісі қатысады

Облыстық филармонияның мұрындық болуымен өтетін жаз мезгіліндегі ауқымды шаралар легін белгілі композитор, «Құрмет»  орденінің иегері Бейбіт Оралұлы атындағы«Елім менің»халықаралық ән байқауы ашпақ. 10-11 маусым күндері өткізілетін сазды сайысты ұйымдастырудағы мақсат — өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, жас таланттардың орындаушылық шеберлігін шыңдау.

Осымен 4-ші рет шымылдығын түргелі отырған байқаудың биылғы жай-жапсары жөнінде білмек болып, жерлес композитор Бейбіт Оралұлының өзіне хабарласқан едік:

— Бірер күнде 67 жасқа толғалы отырмын. Туған жерімде аталған байқаудың өткізілуі — мен үшін үлкен құрмет әрі туған күніме ерекше сый. Сол үшін ең алдымен барлық ұйымдастырушыға, атқарушы билікке ризашылығымды білдіргім келеді. 

Биылғы қатысушыларға келсек, жер-жерден барлығы 59 сұраныс түсті. Біз солардың арасынан ең мықты деген 20 әншіні таңдап алдық. Қазақстанды айтпағанда, Израиль, Болгария, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің солистері қатысқалы отыр. Бүгінге дейін 250-ден астам ән жазсам, соның ішіндегі халыққа кеңінен таралғанын қатысушылар орындамақ. Олардың өнерін халықаралық деңгейдегі музыка майталмандары бағалайды. Қазылар алқасының төрағасы — өзім.

Бір ерекшелігі, соңында биылғы қатысушылар сиясы кеппеген, осы байқауға арнап жазылған «Елім менің» әнімді шырқайтын болады. Барлық жерлестерімді осы өнер мерекесіне шақырамын, — дейді.

12 маусымда тегін концерттер басталады

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиевтің айтуынша,былтыр басталға«Music Fest Open Air» музыкалық жобасы биылда жалғасады. Филармонияға қарасты шығармашылық ұжымдардың ашық аспан астындағы концерті әр жексенбі сайын кешқұрым «Өнер орталығы» ғимаратының алдында өтпек.

— Өзімнің идеяммен қолға алынған жоба көпшіліктің, биліктің тарапынан жоғары бағаға ие болды. Бұл ең бірінші кезекте тыңдарман қауымның музыкалық деңгейін көтеруге бағытталған. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жұртшылық эстрадалық әндерді тыңдауға әуес. Ал бұл фестивальде әлемдік классика, өзіміздің дәстүрлі музыка кеңінен қамтылады. Бір жағынан, тұрғындардың демалыс уақытының қызықты өтуіне өз үлесімізді қосқымыз келеді.

Осы сұхбатты пайдалана отырып, мұң-мұқтажымызды да айтқым келеді. Ең бірінші кезекте сахнамызға «Оркестр шұңқыры» механизмі керек. Бұл әсіресе балаларға арналған қойылымды сахналауға қажет.

Сондай-ақ бізде академиялық әншілер, қобызшы, домбырашы, дирижер мамандар жетіспейді, — дейді  филармония директоры Елубай Кенжалиев.

Атап өтетін жайт — «Music Fest Open Air»-де тек жанды музыка болады. Оркестр, ақтөбелік әншілер туындыларды фонограммасыз орындайды. Бұл — болашақта басқа өңірлерде де қойылатын өзіміздің төл жобамыз.Яғни, фестивальдің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, — деген Елубай Кенжалиев фестивальдің 1 айға созылатынын, алғашқы концерт 12 маусым күні кешкі сағат 9-да басталатынын атап өтті.

АЙТПАҚШЫ…

 Жақында облыстық филармонияның бірқатар артисі мемлекеттік марапатқа ие болды: камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі Әли Ермекбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болса, А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің қобызшысы Кәмшат Балмұратова, классикалық музыка ансамблінің артисі Манзура Сапарова, камералық оркестрдің артисі Ирина Подкурова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Облыстық филармонияның құрамында он өнер ұжымы — А. Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, Классикалық музыка ансамблі, Камералық оркестр, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «Аққу»  би ансамблі, Бейбіт Оралұлының шығармашылық орталығы («Тамсан» тобы), «Саз» балалар студиясы, «Екі Езу» сатира театры бар. Барлығы 300 қызметкер еңбек етеді. Осы өнер ұжымдарының ұйытқы болуымен «Жұбановтар әуені» халықаралық хор музыкасы фестиваль-байқауы, «Айтқыштар — Ақтөбеде» республикалық әзіл-сықақ фестивалі, «Жібек жолы» республикалық эстрадалық әншілер байқауы, «Жан серігім – домбыра» республикалық дәстүрлі әнші-жыршылар байқауы тұрақты түрде өтіп тұрады. Бұлар — Ақтөбе филармониясының төл жобалары.

Одан бөлек тамыз айында дәстүрге айналған «Бақытты бала» халықаралық ашық балалар фестиваль-байқауы өтеді деп жоспарланып отыр. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі өнерлі ұл-қызды жинайтын дода биыл 4-ші рет өткізілмек.

— Жыл өткен сайын концерттерімізге үнемі келетін көрермендеріміздің саны артып отыр. Бұған өткен жылы енгізілген абонементтік жүйенің де оң ықпалы тиді. Мысалы, тұрақты келушілер бір жыл бойы өтетін концерттік бағдарламаларға билетті алдын ала 20 пайыздық жеңілдікпен сатып алуына мүмкіндік қарастырылған. Бұл — Еуропа елдерінде бұрыннан қалыптасқан жүйе. Сол арқылы біз көрерменіміздің музыкалық деңгейін өсіруді көздейміз. Әлгіндегі музыкалық фестиваль, абоненттік жүйе де сол үшін жасалған, — дейді мәдениет мекемесінің басшысы Е.Кенжалиев.

Марат Әйтімов атындағы алғашқы байқау

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбеге белгілі әнші әрі ұстаз Марат Әйтімовті көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық. Қалың жұртшылыққа жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің ұстазы ретінде де жақсы таныс өнер иесінің құрметіне биыл алғаш рет «Дауыс»вокалистер байқауы өткелі отыр. 2-3 шілде күндеріне жоспарланған Марат Әйтімов атындағы республикалық ән додасы атқарушы биліктің қолдауымен ұйымдастырылып жатыр.

— Әрине, бірінші рет өткендіктен, қобалжу бар. Негізінен бұл байқау пандемиядан бұрын өтуі керек-ті. Алайда карантин салдарынан кейінге қалдырылып, міне, сәті енді түсті. Ешқандай да мерейтойым емес, көптен ойда жүрген жоба еді. Жаңалықты қуана қабылдадым.

Еліміздің өңірлерінен 20-ға жуық әнші қатыспақ. Қазірдің өзінде ұсыныстар көптеп түсіп жатыр. 18-30 жас аралығындағы әншілер қатыса алады. Бас жүлдеге 500 мың теңге тігіліп отыр, — дейді М.Олжабайұлы.

Екі кезеңнен тұратын байқауда қатысушылар әуелі Марат Әйтімовтың репертуарынан бір әнді орындап, кейіннен Ақтөбе өңірінен шыққан композиторлардың туындысыншырқауы керек.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button