Әлеумет

Өз ісінің шебері

Еңбек адамы

Қоғамда елеусіз ғана жүргенімен жасаған ісінің жұртшылыққа пайдасы көп адамдар болады. Отыз жылдан бері бір жерде тұрақты еңбек етіп келе жатқан «Аqtobe su-energy group» мекемесінің авариялық-диспетчерлік қызмет бөлімінің слесары Әділхан Нұртазин — сондай адамдардың бірі.

Қаладағы кәріз жүйесінің қалыпты жұмыс жасауына өзіндік үлесін қосып, бітеліп қалған құдықтарды түрлі қоқыстан тазалайтын еңбек адамымен сұхбаттасқан едік…

Алға ауданына қарасты Ерназар ауылында 1966 жылы дүниеге келген Әділхан  мектепті бітірген соң әскерге аттанады. Литвада екі жыл әскери борышын өтеп келген жас жігіт аз уақыт кеңшарда тракторшы болып еңбек етеді. Кейін өзге жолдастары секілді арман қуып қалаға аттанады. Алғаш келген уақытта ауыл баласына қаланың қым-қуыт тірлігі тым мазасыз болып көрінген.

— Қалаға 1988 жылы келдім. Алғашында зауытқа жұмысқа тұрғанмын, кейін қаладағы су каналында жұмыс барын естіп осы жаққа келдім. (қазіргі «Аqtobe su-energy group» мекемесі-ред.) Сөйтіп 1991 жылы осы мекемеге слесарь болып жұмысқа орналастым. Сол кезде ұжымда екі-ақ қазақ жігіті болды. Соның бірі — мен.Өзім таңдап келген  жұмыстың алғашында оңай болмағаны рас. Бірақ біз сол қиындыққа шыдай білдік. Өйткені тоқсаныншы жылдардың басындағы аумалы- төкпелі заманда айлығын уақытылы төлейтін біздікіндей мекемелер қатары аз болатын. Сондықтан жұмысымыздың барына қуанып, шүкір еттік, — дейді Әділхан.

Алғашқы жұмысқа тұрған уақытта кәріз жүйесінің қызметі, көшедегі құдықтардың астында не болып жатқандығы қарапайым ауыл баласына мүлде түсініксіз жұмыс болып көрінген. Ал қазір ол жұмыстардың барлығын ұйықтап жатқан жерінен оятып алып сұрасаң, айтып бере алатындай дәрежеге жетті. Бір сөзбен айтқанда, өз ісінің нағыз шебері.

— Жұмыстағы кәсіби біліктілік жылдар мен тәжірибе арқылы келеді,ең бірінші жұмысқа тұрған кезде менің де білмейтін тұстарым көп болды. Сол кездегі аға буыннан білмегенімізді сұрап үйрендік. Ал қазір өзіміз үйрететін жасқа келдік. Біздің жұмыстың ауырлығынан бөлек лас жұмыс екендігі тағы бар. Содан ба екен, қазір жастар мұндай жұмысқа көп келе бермейді.  Бірақ әріптес ретінде енді жұмысқа тұрған азаматтарға барынша түсіндіріп мән-жайды көрсетеміз, — дейді кейіпкеріміз.

Авариялық-диспечтерлік қызмет бөлімінің жұмысшысы біз сұхбатқа барған күні түнгі ауысымнан шыққанын айтты. Әділхан Нұртазин кезекшілік еткен түні қала бойынша диспетчерлік бөлімге 8 қоңырау келіп түскен.

— Қаладағы шақыртуларәсіресе көктем-жаз айларында көбейеді. Бір түнде 20-дан астам қоңырау келіп түсетін кездер де болады. Барлығына қолымыздан келгенше уақытылы баруға тырысамыз. Кезекші бөлімде бір ғана бригада жұмыс жасайтын болғандықтан уақыт жағынан үлгермейтін кездер де болады. Кейде қаланың о шетінен бұл шетіне жеткенше, тағатсыздық танытып, сөйлеп жататын  тұрғындар да бар. Бірақ, шынын айту керек, көп жайттар сол тұрғындардың салғырттығынан болып жатады. Еден жуған шүберегін, балаларының  жөргектерін әжетхана унитазына салып жібергеннің салдарынан кәріз жүйесі бітеліп қалады. Сондай бір адамның кесірінен көпқабатты үйлердегі бірнеше пәтер иесі зардап шегеді, — дейді слесарь Әділхан.

Кезекші бөліміне қоңырау түскен бойда бригада жұмысқа жөнеледі. Бір бригаданың құрамында көлік жүргізушісін қоса есептегенде 5 адам болады. Негізгі жұмысты слесарь жасайды. Яғни, біздің кейіпкеріміз оқиға орнына жеткен бойда кәріз жүйесін тексеріп, білетіп қалған құбырды тазалайды. Жұмыс кейде бірнеше сағатқа созылып кетуі мүмкін, ал кейде 10-15 минуттың айналасында бітіп болады.

Әңгіме барысында жұмысы қаншалықты ауыр болса да, лас болса да, шын жүрегімен адал жасайтын еңбек адамын көрдік. Ол ешқашан қолын бір сілтеп, жеңіл жұмыс қарастыруды ойламапты да.

— Қиындық кез келген жұмыста болады. Әрбір жұмыс төзімділікті, шыдамдылықты, күш-қайратты талап етеді. Бірақ жұмыстың ауырынан қашып жүре беруге тағы болмайды. Адам тұрақты болуы керек. Жас кезімде осы саланы таңдадым. Өзіме ыңғайлы, жалақым да көңілге қонымды. Басшылық еңбегімді үнемі елеп отырады. Еңбек адамына бұдан артық не керек? — дейді Әділхан.

Қалаға қоныс аударып, жұмысқа алғаш орналасқан жылдары отбасымен жатақхананың бір бөлмесінде тұрған оған басшылық екі бөлмелі пәтер берген.

— Ол кезде қай мекемеде жұмыс жасайсың, сол мекеме тұратын жер беретін еді. Отбасым үлкейген соң маған екі бөлмелі пәтердің кілтін берді. Бүгінде екі ұлым бар. Балаларымды осы жұмыстан тапқан жалақыммен жеткіздім. Қазір бірі зауытта жұмыс жасаса, екінші ұлым өрт сөндіруші болып еңбек етеді, — деді ол.

Әділхан Нұртазин қаладағы кәріз жүйесінің осыдан отыз жыл бұрынғы жағдайымен қазіргі жағдайын салыстыру мүмкін емес екендігін айтады. Бүгінде барлық кәріз құбырлары жаңартылған. Сондай-ақ өздерінің жұмыс барысында қолданатын құралдарының да заманға сай, ыңғайлы екенін айтады.

Көп сөзге жоқ, өте тұйық, қойған сұраққа аса байыппен жауап беретін өз ісінің маманы Әділхан Нұртазинді Ақтөбе қаласы күні қарсаңында қала әкімі Асхат Шахаров құттықтап, қаланың дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Алғыс хат пен арнайы сыйлығын тапсырыпты.

«Зейнетке шығуыма 7 жыл ғана қалды» деген Әділхан Нұртазин осы жұмысын абыроймен атқарып, құрметті демалысқа басқа емес осы «Аqtobe su-energy group» мекемесінен шыққысы келетінін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button