Басты жаңалықтарМереке

Ел рәміздері — еркіндік нышаны

4 маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. Биыл рәміздеріміздің ресми түрде бекітілгеніне 30 жыл толып отыр.

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран — мемлекеттің негізгі рәміздері. Көгілдір түсті Туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан Елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын тәуелсіз мемлекеттің бейнесін паш етті. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік Ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал сәулетші — Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегінің жемісі.

1992 жылы республикамызда Әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Нәтижесінде тұңғыш Қазақстан Әнұранының авторлары — Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің жазған нұсқасы қабылданды. Бұдан кейін 2006 жылы жаңа Мемлекеттік Әнұран қабылданды — халық арасында кең танылған патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік Әнұранының авторлары —  Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Ту — мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі.

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы — белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы — 1:2.

Тудың көк түсі ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді. Күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтайды.

Күн астында қалықтаған бүркіт бейнесі мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмылысын көрсетеді.

Мемлекеттік тудың сабының тұсына тігінен ұзына бойына кескінделген ұлттық өрнектер — оның маңызды элементі. Қазақ ою-өрнектері — дүниені көркемдік тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетін ерекше бір түрі. Түрлі формалар мен желілер үйлесімін танытатын өрнектер халықтың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Елтаңба — мемлекеттің басты рәміздерінің бірі, «герб» термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан ол мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді.

Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған.

Егемен Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары — белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы — дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде — бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар.
Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу — алтын түстес.

Елтаңбада қолданылған негізгі түс — алтынның түсі. Бұл — байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны

Әнұран — мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.

Төл тарихымызда Әнұран екі рет қабылданды (1992 жылы және 2006 жылы). Алғашқы Әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны белгілі. Ал оның әуені бұрынғыша қалған болатын. Сегіз жылдан кейін 2000 жылы 9 мамырда Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Әнұранымызды өзгерту қажеттігін қадап айтты және Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде 2006 жылы қаңтарда «Менің Қазақстаным» Әнұран ретінде ресми бекітілді. Оның әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов болды. Бұл әннің тарихы 1956 жылдан басталады. Тың игеру жылдарында марш сарынында дүниеге келген бұл ән қазақтың рухын көтеру, намысын ояту мақсатында жазылған. «Менің Қазақстаным» 1986 жылдың желтоқсанында да жаңғырды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады.

Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше. Әнұранның сөзіне бүгінгі еліміздің мақсат-мұратын айқындайтын түзетулер енгізіп, бірлескен авторлардың қатарын толықтырды.

«Тәуелсіздіктің тұңғыш рәміздерін қабылдау кезінде мен Н.Назарбаевтың мемлекеттік тілге, қазақ тіліне, қазақ тіліндегі терминдерді кең қолдануға деген ерекше ілтипатты көзқарасын танытатын мысалдарды да байқап, жадыма түйдім, — деп еске алады ту авторы Ербол Шәймерденов. — Тұсаукесер сәтінде сөйлейтін сөзінің жобасын әзірлеп жатқан тұста «герб», «гимн», «символ» деп жазылған жерлерді өз қолымен «Елтаңба», «Әнұран», «нышан, рәміз» деп түзетті».

Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде шартарапқа кеңінен танылды. Қазақ елін әлем жұртшылығы мойындады. Біздің көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдында тұр, Қазақстан Республикасының шетелдердегі Елшіліктері ғимаратының маңдайшаларына тігілген. Қазақтың көк Туын ғарышкер Талғат Мұсабаев көк аспанда самғатты, әлемдік спорт додаларында еліміздің олимпиада жеңімпаздары Әнұранымызбен бірге көк Туымызды биікке көтерді.

Мемлекеттік рәміздердің тарихына байланысты қызықты деректер

1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес президиумының жаңа мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулысы шықты. Соған сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов және т.б. сияқты қайраткерлер кірген. Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларын жасауға байқау жарияланып, оған 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік ту эскиздерінің шығармашылық еңбектері бар — барлығы 1200 өтінім берілді. Сондай-ақ болашақ Мемлекеттік Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Мемлекеттік Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған.

Байқау қатысушыларының алдында күрделі міндет тұрды. Мемлекеттік рәміздер тек эстетикалық талаптарға жауап беріп қоймай, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Жас егемен мемлекеттің саяси мәні мен мақсатын нақтылы түрде көрсететін көркемдік шешім табу қажет болды. Бұл нағыз шеберлердің қолынан келген іс болды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Біздің отандастарымыз Қазақстан Туын әлемдік жарыстар мен олимпиадалардың жеңісті жолдарымен төрт мың рет ұстап жүріп, оны ғаламшардың баруға жолы ең қиын түрлі жерлеріне, ең биік тау шындарына тікті және ғарышқа апарды.

1 шілдеде ғарыш стансасының бортында біздің Мемлекеттік Тудың қасында сөз сөйлеген Талғат Мұсабаевтың ғарышқа ұшқанына 28 жыл толады.

1995 жылы Абайдың 150 жылдығына қарсы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік Туды Іле Алатауының «Абай» шыңына тікті.

2011 жылдың 14 желтоқсанында Оңтүстік Полюске шығудың 100 жылдық мерейтойында Қазақстан Республикасының Туы Антарктидада тігілді.

2012 жылдың 23 ақпанында қазақстандық Андрей Гундарев Оңтүстік Африканың ең биік нүктесі — «Охос-дель-Саладоны» бағындырды, қазақстандық Ту осылайша әлемдегі ең биік жанартауға тігілген.

2014 жылы қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев Солтүстік Американың ең биік тауы — «Мак-Кинли» шыңына шығып, онда Қазақстанның туын желбіретті.

Қазақстанның Туы сондай-ақ Батыс Еуропаның ең биік нүктесі «Монбланға» көтерілген.

2011 жылы альпинистер Мақсұт Жұмаев пен Василий Левцов Қазақстанның Туын Азияның ең күрделі тау шыңы — биіктігі 8 611 метр «Қарақорым Чогориге» тікті.

2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Жер шарын 150 рет айналып ұшты.

2015 жылдың 14 сәуірінде қазақстандық шаңғы экспедициясы Қазақстан Республикасының Туын Солтүстік полюс — Арктикада тікті.

Еліміздің Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Әнұраны Азия мен бүкіл әлемнің ең биік шыңдары — Памир тауының «Ленин» шыңына (7 134 метр) және Эвересте (8 800 метр) көтеріліп, шырқалған.

Ғаламтор материалдары бойынша әзірлеген Д.Қазихан.

 

Қобда ауданы

ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай Қобда ауданы Әлия ауылында «Тәжім етіп, бас ием» атты облыстық патриоттық шара өтті.

Оған Ақтөбе қаласындағы №37 жалпы білім беретін мектептің 150 оқушысы қатысты.  Оқушылар патриоттық тәрбие беру орталығындағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың музейін тамашалап, батырдың өмірі мен ерлігі, туған жері туралы мағлұматтар алды. Одан соң Мемлекеттік рәміздер күніне арналған шараға қатысты.

Ақтөбе қаласынан 4 автобуспен келген оқушылар ауылымыздың тарихын танып, батыр қыз туралы естеліктермен танысты. Одан соң мемлекетіміздің Рәміздері туралы слайдтар көрсетіліп, Әнұран, Ту, Елтаңбаның тарихы, ондағы белгілердің мән-маңызы туралы айтылды. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуының басты символы — Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, құрметтеу — бәріміздің парызымыз. Облыстағы жалғыз патриоттық орталық  болғандықтан осындай шараларды жиі өткізіп тұрамыз, — дейді «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Бағдаш Тупенова.

Жас жеткіншектердің патриоттық сезімін қалыптастыру, оларды туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілікке баулу мақсатында «Рәміздер — ел беделі» атты ақпараттық сағат өткізілді. Сондай-ақ оқушылар арасында «Сен Мемлекеттік рәміздерді білесің бе?» атты викториналық сұрақтар ойыны өткізілді.

Шара соңында оқушылар 4 командаға бөлініп, волейболдан жолдастық кездесу өткізді.

 С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Ойыл ауданы

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Ойыл аудандық Орталық саябағында «Мемлекеттік рәміздер — елдігіміздің нышаны» атты салтанатты шара өтті.
Алдымен еліміздің Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ұлықталып, Әнұраны шырқалды. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.
— Осыдан 30 жыл бұрын Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері ресми түрде қабылданды. Мемлекеттiк рәміздер еліміздің дербестігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі саналады. Сондықтан әрбір Қазақстан азаматы үшін Мемлекеттік рәміздер қастерлі. Ал әр азаматтың Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуі — өз-өзіне көрсеткен құрметінің, болашағына деген сенімінің, өлшеусіз мақтаныш сезімінің көрінісі, — деп ыстық лебізін білдірді.
Ел құндылығын дәріптеп, мерейін асқақтатуды мақсат еткен шара одан әрі дарынды балалардың ән-биіне ұласып, ауданымыздың белгілі өнерпаздарының патриоттық ән-жырларымен өрілді.
Сондай-ақ бүкілхалықтық сипатқа ие болған бұл мерекеге орай велошеру ұйымдастырылып, аудан жастары еліміздің көк туын желбіретіп, орталық көшелермен жүріп өтті.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Темір ауданы

ҚР Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай Темір ауданында «Туымыз — төрімізде» акциясы ұйымдастырылды.

Аудан орталығы — Шұбарқұдық кентіндегі көп қабатты ғимараттардың балкондарына Ту ілініп, Мемлекеттік рәміздер дәріптелді. Сондай-ақ бір мезгілде Әнұран орындалып, оған аудан әкімі Саламат Аманбаев бастаған жүзден астам мемлекеттік қызметші мен оқушылар атсалысты.

Мемлекеттік рәміздерге арналған мерекелік шара аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің коворкинг орталығында да өтті. «Шарықта, шарла көкте, көк байрағым!»  атты тақырыптық кешке Ж.Кереев атындағы №60 мектеп пен №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының оқушылары мен мұғалімдері қатысты. Әлия Қайырова, Әйгерім Ғаббас, Самал Нағыметқалиева сынды белсенді қатысушылар жиынның сән-салтанатын асырды. Соңында тақырыптық кітап көрмесі таныстырылып, библиографиялық шолу жасалды.

— Негізгі шаралар 4 маусым күні өтеді деп жоспарланған. Аудан бойынша осы Рәміздер күніне барлығы 52 шара өткізілмек. Басты мақсат — Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранның мән-маңызын өскелең ұрпаққа ұғындыру, — дейді Темір аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсемгүл Жұмаева.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ырғыз ауданы

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Ырғыз аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Рәміздер — ел беделі» атты мерекелік шара өтті.

Шараға кітапхана оқырмандары мен оқушылар қатысты.

Жиналғандар ҚР Әнұранын орындап, мемлекеттік рәміздердің шығу тарихымен танысты.

Шарада кітапхана қызметкерлері оқушыларға бүктемелер таратып, оларға Мемлекеттік рәміздерге аса құрметпен қарау керектігін түсіндірді.

Д.АЙДАР,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button