Басты жаңалықтарМереке

Болашағы жарқын жас достар!

Сіздерді 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп атағанын білесіздер. Ел Президенті «Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек.

Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы — біздің жалпыұлттық міндетіміз», — деп атап көрсетті.

Тәуелсіз мемлекетіміз Сіздердің балалық шақтарыңыздың бақытты болуы үшін қамқорлығын аямай, мемлекет тарапынан бар жақсылық жасалуда.

Сіздер — Қазақстан деп мақтанышпен айтатын тәуелсіз елде дүниеге келген бақытты ұрпақсыздар, егемен еліміздің болашағысыздар. Алтын бесік Ақтөбе өңірінің әлемге танылып, көркейіп-көріктенуіне үлес қосатын жас өркенісіздер.

Ақтөбе аймағы Батыстың қақпасы саналған, көптеген пайдалы қазбалары, кен орындарымен аты шыққан, адамзаттың тірегі болған қасиетті мекен. Осындай киелі жерде туып-өскендеріңізді  әрдайым мақтаныш ете білулеріңіз керек.

Бүгін, міне, еліміздің жарқын болашағы жолындағы мәні зор жаңа белеске қадам басқалы отырсыздар. Біз қай заманда да білімге құштар, жақсылыққа ұмтылған халық ұрпағымыз. Балаларымызға сапалы білім бере отырып, өз Отанын жүрегімен сүйіп, қастерлей білетін азамат ретінде тәрбиелеу — келешегіміздің кемел болуының айғағы.

Сіздердің де мектеп қабырғасынан жақсы оқып, сапалы білім алып, тәртіпті болсаңыздар  жететін шыңдарыңыз, шығар белестеріңіз биік болады.

Данагөй халқымыздың «Бірлік бар жерде — тірлік бар» деген  жақсы мақалы бар. Сондықтан барлық жақсылыққа бірліктің, татулықтың, достықтың арқасында ғана қол жеткізетінімізді естен шығармаңыздар.

Құрметті жас достар!

Сіздердің заманауи білім алып, мемлекетіміздің өсіп-өркендеп, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуіне үлкен үлесін қосар азамат болуларыңызға тілектеспіз. Елдік мақсат-мұраттарымыздың қастерлі жолын жалғап,  мерейін асқақтатады деп сенеміз!

Жазғы демалыстарыңызды жақсы өткізіп, көптеген достар тауып, ауызбіршілік пен ынтымақтың ұйытқысы бола біліңіздер.

Мерейлеріңіз үстем болып, игі арман-тілектеріңіз жүзеге ассын!

Мерекелеріңіз құтты, еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!

 Оңдасын ОРАЗАЛИН,

Ақтөбе облысының әкімі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button