Басты жаңалықтарМереке

Балдырғандар шаттыққа бөленген күн

Ақтөбеде жаздың алғашқы күнімен жадырай келетін Халықаралық балаларды қорғау күні ерекше сән-салтанатпен атап өтілді.

Бұл күні шаһардың түкпір-түкпірінде 40-тан аса мерекелік шара ұйымдастырылды. Оның ішінде түрлі концерттік бағдарламалар, шығармашылық байқаулар, көрмелер мен спорттық сайыстар бар. Шаттыққа толы мерекеде бүлдіршіндерге тегін балмұздақтар таратылып, тәттілер үлестірілді.

Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта өткен шараларға облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы қатысып, дарынды оқушыларды марапаттады.

— Ата-ананың ең үлкен бақыты — баласының жақсы азамат болып өсуі. Сондықтан бүгінгі мерекенің маңызы зор.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Сондықтан биыл балаларды барынша қолдауға, жас ұрпағымыздың ұлттық құндылықтар негізінде сапалы білім мен жақсы тәрбие алуына, сапалы медицинаға, озық технологияларға қол жеткізуіне, өзін-өзі дамытуға барлық мүмкіндік қарастырылады.

Мемлекеттің назары мен қолдауы, әсіресе ата-аналардың тәрбиеге жауапкершілікпен қарауы балаларымыздың ақылды да саналы, еліміздің нағыз патриоты болып қалыптасуына жол ашатынына сенімдімін, — деді облыс әкімі.

Бұдан соң өңір басшысы биылғы оқу жылында жоғары көрсеткіштерді бағындырған бірқатар мектеп оқушысын марапаттады.

Солардың бірі — Ақтөбе қаласындағы №31 қазақ орта мектебінің оқушысы Аида Нағашыбаева. Дарынды жас биыл республикалық олимпиада жүлдегері атанған.

— Бірнеше жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қалалық, облыстық олимпиадаларға қатысып келемін. Биыл республикалық додаға жолдама алып, үшінші орынға қол жеткіздім. Осы орайда ұстазым Гүлзифа Құспановаға ерекше алғысымды білдіргім келеді.

Бүгінгі мерекеде облыс әкімінің қолынан марапат алып тұрмын. Бұл мен үшін ерекше қуаныш болды. Барлық достарымды жетістіктерімен құттықтаймын, — дейді ол.

Сондай-ақ бұл күні Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастырумен өткен «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» атты ерекше сайыс өткізілді. Бұл сайысқа 6-18 ай аралығындағы 50 бүлдіршін еңбектеуден сынға түсті. Балақайлар бесеуден топқа бөлініп, үздіктер іріктелді. Бөбектердің еңбектеуі үшін арнайы кілем төселген. Баласын жарысқа қатыстырған ата-аналар да өздері еңбектегендей әуреге түсті. Себебі балалардың бірі орта жолда тоқтап қалып, айналасына қараса, енді бірі жылап, жүрмей қояды. Баласының орын алуы үшін барын салған ата-аналар түрлі әдісті қолданды. Бірі ойыншықтарды сылдырлатса, енді бірі тәттімен, ақшамен қызықтырды.

Сайыстың нәтижесі бойынша 9 айлық Хамза Өркен жеңімпаз атанды. Оған 100 мың теңге қаржылай сыйлық берілді. Сондай-ақ екінші және үшінші орын жүлдегерлеріне де 80 мың, 50 мың теңгеден сыйлық берілді.

— Хамза — біздің тұңғышымыз. Сайыс болатынын естіген кезде бірден өтініш бердік. Әсіресе әжесі немересінің жеңімпаз болуына барынша күш салды. Еңбектетіп, тез қимылдауға үйреттік. Бүгін бәрінен озық шығып, жеңімпаз атанғанымызға ерекше қуанып тұрмыз, — дейді анасы Айдана Қанатова.

Сондай-ақ Орталық саябақта 3-5 жас аралығындағы балалар үш аяқты велосипедпен жарысқа түсті.

Бұл сайыста 4 жасар ақтөбелік Ислам Өтеген жүзден жүйрік атанып, 100 мың теңгеге қол жеткізді.

Мереке күні балаларға арналған аквагрим суретін салу, «Ғажайып Ақтөбе» көрме-жәрмеңкесі, «Спорттық калейдоскоп» алаңы, «Жас суретшілер» алаңы, «Көңілді старт» эстафеталық ойындары да ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Радуга детства — радуга дружбы» облыстық балалар шығармашылығы фестивалі, «Жадырасын балақай» қуыршақ-концертінің қойылымы өтті. Аталған шараларда облыстың қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері мен жас таланттар өнер көрсетті.

Сонымен қатар «Ақтөбе Арбат», Авиатор, «Денсаулық» саябақтарында, Есет батыр шағын ауданында, Қурайлы, Сазды, Нокин мәдениет үйлерінде, Ж.Кереев алаңында мерекелік шаралар өтті. Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектепте  облыстық планетарийдің ұйымдастыруымен 300 аз қамтылған отбасы балаларына арналған «Таңғажайып ғарыш» планетарий қойылымы ұйымдастырылды.

Айта кетейік, бүгінде облыста 18 жасқа дейінгі 256 мыңға жуық бала бар.

Биыл аудан орталықтары мен ауылдарда  жаңа 11 мектеп пен  мектепке дейінгі 26 ұйым ашылып, 56 мектеп жөнделмек. 73 мектепте жетілдірілген 143 пәндік кабинет ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек балалар тасымалы үшін 32 автобус сатып алынбақ.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button