Басты жаңалықтар

Біздің кішкентай кейіпкерлер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Осыған орай қаңтар айында облыстық «Ақтөбе» газеті бетінде «Кішкентай кейіпкер» айдарын ашып, балақайларға арналған фотобәйге болатынын хабарладық.
Апта сайын шығармашыл кішкентайлардың өнері мен ерекше қылықтарын суреттеп, фотоларын жариялап отырған газетіміздің «Кішкентай кейіпкер» бәйгесіне барлығы отызға жуық хат келді. Әлі де келіп жатыр. Алайда біз фотобәйге туралы хабарлағанымызда осы жылдың 1 маусымында — Халықаралық балаларды қорғау күнінде қорытындылайтынымызды жазған едік. Жыл басынан бері газет бетінде барлығы 17 балақайдың суреті жарық көрді. Соның жетеуі үздік деп танылды. Оның үшеуі — инстаграм желісіндегі @aktobegazeti парақшасында көп дауыс жинағандар. Ал төртеуі редакция алқасының шешімімен үздік деп танылды.
Балаларды қорғау күнінде «Ақтөбе Медиа» ЖШС баспасөз клубында өткен марапаттау рәсіміне 7 үздік шақырылды. Олар Әйтеке би, Мұғалжар, Ойыл, Байғанин аудандары және Ақтөбе қаласынан келді. Бірін ата-анасы, енді бірін әжесі ертіп келіпті.
Редакция ұжымы екі-үш күннен бері патшалар мерекесінде балаларды қуантуға ерекше ықыласпен дайындалды. «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин:
— Ғасырға жуық тарихы бар «Ақтөбе» газеті облыстың барлық ауданына тарайды. 20 мыңға жуық оқырманымыз бар. Жыл басында газет бетінде «Үздік ауыл», «Шебер оқырман» және «Кішкентай кейіпкер» атты үш байқау жариялаған едік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды Балалар жылына арнады. Осыған орай қаңтар айынан бері апта сайын газетімізде шығармашыл кішкентайлардың фотолары жарияланып келді. Балаларға арналған фотобәйгеміз Халықаралық балаларды қорғау күнінде мәресіне жетіп отыр. Үздіктерді жүлделерімен құттықтаймыз! Жаңа Қазақстанның ертеңі — жас ұрпақ. Балалардың болашағы жарқын болсын! — дей келе, газеттің «кішкентай кейіпкерлеріне» дипломдар мен сыйлықтар табыстады.
Әуелі әлеуметтік желідегі қатысушылар арасында топжарғандар марапатталды. Олар — Қандыағаш қаласынан келген шаршы тақтаның кішкентай шебері Айдын Жеңісбекұлы, Ақтөбе қаласы маңындағы Қызылжар елді мекенінің екі жастағы тұрғыны, көбіне асық ойнағанды ұнататын кішкентай патриот Дәулет Нұрболұлы және Ақтөбе қаласында тұратын доппен ойнағанды жақсы көретін болашақ футболшы Арман Сапарғалиұлы. Қалған үздіктер тобы редакция алқасының шешімімен анықталды. Үздіктер қатарында смартфонға қызықпайтын, оның орнына әлем картасын қарап, қазақтың әндерін жаттайтын бес жастағы ақтөбелік Қайсар Құдайберген, Байғанин ауданы Кемерши ауылынан келген логикалық есептерге жүйрік Мансұр Жұмабекұлы, Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округінің алты жастағы тұрғыны, оқуға зерек Айым Болат, Әйтеке би ауданы Т.Жүргенов ауылындағы «Таңшуақ» балабақшасының тәрбиеленушісі, төрт жасқа енді толатын өнерпаз Дария Әлқуаныш бар. Белсенділік танытып, байқауға қатысқан қалған 10 балаға да «Ақтөбе Медиа» ЖШС басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

АЛҒЫС ХАТҚА ИЕ БОЛҒАНДАР
Адина Дәулетханқызы, Байғанин ауданы Кемерши ауылы.
Кәусар Дәуренқызы, Ақтөбе қаласының 60 орта мектебінің оқушысы.
Расул Сергей, Мұғалжар ауданы Еңбек ауылдық округі Сағашилі ауылы.
Сәулет Шәудіров, Байғанин ауданы Кемерши ауылы.
Айшагүл Талғатқызы, Мұғалжар ауданы Құмсай ауылы.
Айдар Нұрболатұлы, Шалқар қаласы.
Салидат Алдаберген, Әйтеке би ауданы Құмқұдық ауылы.
Нұрболат Тұрғанбай, Ақтөбе қаласы.
Аяна Тайбекова, Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылы.
Найра Нұрдәулетқызы, Әйтеке би ауданы Жарөткел ауылы.

Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай газеттің кішкентай кейіпкерлеріне жылы лебіздерін арнады.

ЖЕТІ ҮЗДІК
Айдын Жеңісбекұлы. «Шаршы тақтаның кішкентай шебері». Қандыағаш қаласы.
Дәулет Нұрболұлы. «Қамшы ұстар». Ақтөбе қаласы, Қызылжар елді мекені.
Арман Сапарғалиұлы. «Чемпион». Ақтөбе қаласы.
Қайсар Құдайберген. «Қайтпас Қайсар». Ақтөбе қаласы.
Мансұр Жұмабекұлы. «Болашақ математик». Байғанин ауданы Кемерши ауылы.
Дария Әлқуаныш. «Өнерлі бала». Әйтеке би ауданы Т.Жүргенов ауылы.
Айым Болат. «Оқуға зерек Айым». Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округі Құрман ауылы.

Шара соңында жеті үздіктің бірі бес жастағы Қайсар Құдайберген Бәкірдің «Ақбұлағын», Молдабайдың әнін орындап берсе, Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округі Құрман орта мектебінің оқушысы Айым Болат Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін мәнерлеп жатқа айтты. Қатысушы ата-аналар атынан Байғанин ауданы Кемерши ауылынан келген Нұргүл Сейіт:

— Ауылда тұрамыз. Немерем Айдынның шашбауын көтеріп, осы шараға арнайы келдім. Көп жылдан бері «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымын. Шығармашыл балаларды дәріптейтін осындай бәйгелер көп болғаны жақсы, — деп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, балапандарды мерекесімен құттықтады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button