Басты жаңалықтар

«Аңсаған сәби»: үшем келді өмірге!

Ақтөбедегі облыстық перинаталды орталықта балалар күні қарсаңында үшем дүниеге келді. Қасым, Жомарт, Кемел есімді үш нәрестені өмірге әкелген Қарлығаш Жармағанбетова — Ақтөбе қаласының тұрғыны.
Облыстық перинаталды орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Андрей Гайдайдың айтуынша, қазір ана мен сәбилердің жағдайы бақылауда.
— Жүкті әйел 36 аптадан асқанда дүниеге үшем әкелді. Үлкенінің салмағы — 2 келі 620 грамм, одан кейінгісінің салмағы — 2 келі 270 грамм, үшіншісі — 1 келі 925 грамм. Алғашқы күннен бастап анасының сүтімен тамақтанып жатыр, — дейді Андрей Гайдай.
Үшемнің анасы — елімізде былтыр басталған «Аңсаған сәби» бағдарламасының қатысушысы. Облыстың бас репродуктологі медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Светлана Есенаманованың айтуынша, былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша біздің облыстағы сәби сүйе алмай жүрген әйелдерге 324, биыл 322 квота бөлінген. Оның 128-і бойынша Ақтөбедегі экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы тиісті жұмыстар атқарды. Бүгінгі сүйінші жаңалық та — «Аңсаған сәби» бағдарламасының жемісі. Қалған квота иелері өз қалауы бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы экстракорпоралды ұрықтандыру орталықтарының қызметін пайдаланған.
— Үшемнің анасы былтыр квотамен облыстық перинаталды орталық жанындағы экстракорпоралды ұрықтандыру орталығына келді. Тиісті процедуралар жүргізілді. 36 аптадан асқанда жоспарлы ота жасалды. Бұрын осындай жолмен туғандардың 3 пайызы ғана үшемдер болатын, қазіргі таңда бұл жиіледі. Себебі ұрықтың бөліну мүмкіндігіне байланысты кейде монохориалды егіздер, яғни бір плацентада екі бала пайда болады. Бұл жағдайда да солай, — дейді Светлана Есенаманова.
Үшемнің ата-анасы Мират Болатов пен Қарлығаш Жармағанбетованың тұңғышы қыз екен. Ол қазір он үште. Жаңа туған ана қыздары жалғыз болмасын деп, біраз емделгендерін, көп жыл бойы нәтиже болмай, сосын «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы квотаға ие болып, гинеколог, репродуктолог мамандардың кеңесіне жүгінгендерін әңгімеледі.

— Осы үш балапан бізді бір сәтте көпбалалы отбасына айналдырды. Аллаға шүкір, балалар аман болсын! Енем бойыма бала біткен кезде-ақ: «Баланың атын Кемел деп қоямыз», — деген. Үшем өмірге келген соң, отбасымызбен ақылдасып, біреуіне енем айтқан Кемел есімін беріп, тағы екеуін Қасым, Жомарт болсын деп шештік. Кеше әлеуметтік желілердегі үшем туралы материалдар соңына жазылған пікірлерді оқып, таңғалдым. Балаларымыздың есімін оқыған жұрттың кейбірі «үй алу үшін солай қойған ғой» депті. Бірақ біздің ондай ойымыз болған жоқ. Шүкір, үйіміз де, көлігіміз де бар. Тек денсаулық болсын! Әр үйдің еркетайларын мерекелерімен құттықтаймын, — дейді Қарлығаш Талғатқызы.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button