«Ақтөбе — құтты мекен»«Ақтөбе»-90Басты жаңалықтар

Алтын бесіктің әдемі мерекесі

Ақтөбеде облыстың 90 жылдығы мен Ақтөбе қаласының 153 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Ашық аспан астында бірқатар мерекелік және спорттық шаралар ұйымдастырылып, шаһардың бірнеше бөлігінде облыс аудандарының мерекелік іс-шаралары өткізілді.

Аламан бәйге

Қала күнін тойлау ұлттық спорт түрлерінен өткен облыс әкімінің жүлдесіне арналған турнирмен басталды. Көкпарға Ақтөбе қаласынан және облыс аудандарынан 8 команда қатысты. Ал бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес Ресей мемлекетінен келген 150-ден астам шабандоз бақ сынасты.

Мерекелік шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы қатысып, қала тұрғындарын құттықтады.

— Ақтөбе шаһары — Батыс Қазақстанның ірі өнеркәсіптік, ғылыми және рухани-мәдени орталығы. Жыл өткен сайын сүйікті қаламыз дамудың жаңа сатысына қадам басып келеді. Бүгінгі шара ұлттық дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа зор үлгіөнеге болары сөзсіз.

Екі жылдан астам уақыттан бері дүниежүзін шарпыған індет көптеген мәдени-бұқаралық шараларды өткізуге кедергі болды. Қазақта «Ер қанаты — ат» деген мақал бар. Біз ақ найзасын қолына ұстап, елді қорғаған батыр бабаларымыздың ұрпағымыз. Тәуелсіздігімізді сақтап, елімізді мәңгілік етеміз десек, намысты, жігерлі жастарымызды тәрбиелеуіміз керек. Сондықтан ұлттық спортты насихаттау маңызды. Мереке қарсаңында қаламыздың қарқынды дамуына қосып жатқан зор үлестеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Алтын бесік Ақтөбеміз көркейе берсін, — деді.

Көкпар жарысының ақтық сынына Байғанин ауданы мен Ақтөбе қаласының командасы шықты. Нәтижесінде Ақтөбе қаласының құрамасы жеңімпаз атанды. Байғанин ауданы екінші орынды еншілесе, Шалқар ауданы құрамасы үшінші орыннан көрінді. Бас жүлдеге 500 мың теңге қаржылай сертификат табысталды.

— Соңғы рет бәйге жарысы осыдан үш жыл бұрын болған еді. Жалпы, жыл өткен сайын халықтың ат спортына деген қызығушылығы артып келеді. Ақтөбеде ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Мұнда қазір 400-ден астам бала ұлттық спорт түрлерімен айналысады. Аударыспақтан үш Азия чемпионы шықты, — дейді Ақтөбе облысының Көкпар федерациясының президенті Фархат Сансызбай.

Бәйге 4 қашықтықта өткізілді. Олар: аламан бәйге (20 шақырым), тоқ бәйге (12 шақырым), құнан жарыс (8 шақырым) және тай (5 шақырым) жарыс.

Аламан бәйгенің бас жүлдесі «Нива» автокөлігі мен үшінші орынды Алматы облысынан келген шабандоздар иеленді. Екінші орын өзімізге бұйырды. Жүлдегерлерге қаржылай сертификаттар тарту етілді.

Аудандардың мерекелік тартуы

Бұл күні қаладағы бірқатар саябақта «Ақтөбе — алтын бесігім» атауымен облыс аудандарының мерекелік іс-шаралары өтті.

Батыс-2 ауданындағы «Денсаулық» саябағында Байғанин ауданының киіз үйі тігіліп, жиналғандар ақ дастарқаннан дәм татты. Сондай-ақ тарихи өлкенің мұрағаты топтастырылған көрме жасақталды. Көрмеге осы өңірден шыққан ұлы тұлғалардың шығармалары да қойылды.

— Мұндағы әрбір жәдігер Байғанин аудандық музейінен әкелінді. Біздің ауданымыз тарихи ескерткіштерімен ерекшеленеді. Қала тұрғындарының барлығы Байғанин ауданына бара бермеуі мүмкін. Сондықтан осындай шаралар арқылы таныстырып отырмыз. Мұнда ауданның 9 селолық округі орналасқан картасын әкелдік. Бұл QRкодтар арқылы жұмыс жасайды. Кез келген адам электронды түрде толығырақ ақпарат ала алады. Мұны барлық жерге апарып, жылжымалы көрме ретінде таныстырып жүрміз. Байғанин ауданында 213-ке жуық тарихи ескерткіш бар. Оның 4-еуі республика бойынша қорғауға алынды, — дейді аудандық музей директоры Ләззат Жаулина.

Шара барысында қолөнер шебері Гүлдана Серікқызының сүйектен жасалған бұйымдарына көпшілік ерекше қызығушылық танытты. Талантты жас сурет салудан шеберлік сағатын өткізді. Балалар жылы аясында бүлдіршіндерге спорттық жарыстар ұйымдастырылып, сыйлықтар табысталды.

Новый орта мектебінің ауласында Әйтеке би ауданының мерекелік шарасы өтті.  Жастар арасында асық ату, арқан тарту, қол күрес, гір көтеру жарыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздар Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Аудан өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, жиналғандарға мерекелік көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Балалар жылына орай аудандық балалар кітапханасы кітап көрмесін ұсынды. Көрмеге ертегілер, балаларға арналған әдебиеттер мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген кітаптар жинағы қойылды.

Аудандық музей қорындағы диірмен, келі-келсап, ауыл шаруашылығы өнімдері, мектептің қолөнер шеберлерінің жұмыстары да көпшілік назарына ұсынылды.

Қобыланды батыр атындағы орталық стадион алаңында батырлар мекені — Қобда ауданының мерекелік шарасы өтті. Шараға Қобдада туып өскен еңбек ардагерлері мен ауданның құрметті азаматтары да шақырылды. Ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, суретшілер, қолөнершілер мен, Оқушылар үйінің тәрбиеленушілері жасаған бұйымдардың көрмелері де ұйымдастырылды.

— Қобда батырлар мекені болғандықтан, тарихымыздан сыр шертетін көрмелерді әкелдік. Ауыл шаруашылығы өнімдері базардағыдан төмен бағада ұсынылды. Әсіресе ағарған дәмі, қымызы мен айраны, құрт, ірімшігі қашан да көпшіліктің жоғары сұранысына ие, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов.

Әсем ән қалықтаған кеш

Кешқұрым Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ алаңында ауқымды концерттік шара ұйымдастырылды. Мерекелік шараны тамашалауға келген жұртшылықтың қарасы өте көп болды.

 Ақтөбеліктер жыл сайын Қала күнін ерекше күтеді. Бүгінгі шарада балалар аймағын ұйымдастырып кішкентайларға түрлі ойындар, қызықты байқаулар, сурет салудан жарыс, тегін фотосессия өткіздік, — дейді Қурайлы ауылдық Мәдениет үйінің директоры Гүлден Ермұхамбетова.

Саябаққа жиналғандар облыстық филармония өнерпаздарының өнерін, кейін отандық эстрада жұлдыздарының әндерін тамашалады. Калифарния, Садраддин, AlZaBi, «Меховая 8/1» және ВИА секілді жастардың сүйікті әншілері ақтөбеліктерді Қала күнімен құттықтады.

Ең алдымен, Ақтөбе өңірінің қонақжайлылығы үшін алғысымызды білдіреміз. Шаһар гүлденіп, өсіп-өркендей берсін. Барлық игі бастамаларыңыз табысқа, жаңа биіктер мен шығармашылық жетістіктерге жол ашсын, — деп лебізін білдірді «Меховая 8/1» тобының мүшелері.

Шара соңы мерекелік отшашумен аяқталды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button