Спорт

Бексұлтанға пәтер беріледі

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Бразилия мемлекетіндегі XXIV Сурдлимпиада ойындарына қатысқан жерлес спортшылармен кездесіп, құрмет көрсетті. Олардың арасында жүлдемен оралғандар да бар.

Мамыр айының 1-15 күндері аралығында Бразилия Федеративтік Республикасына қарасты Кашиас-ду-Сул қаласында ұйымдастырылған дүбірлі додаға 400 мыңнан астам спортшы қатысқан болатын. Жүзден астам елден жиналған қайсар жандар спорттың 21 түрінен өзара күш сынасты. Ал Қазақстаннан қатысқандардың саны — 67. Олардың 4-еуі — ақтөбелік. Атап айтсақ, еркін күрес бойынша Бексұлтан Малайдар, Мұхтар Есенғосұлы және жеңіл атлетикадан Ерлан Сүйеуәлиев, Руслан Орынбасаров. Сурдлимпиада қорытындысы бойынша 92 келі салмақта ұлттық құраманың атынан белдескен жерлесіміз 24 жастағы Бексұлтан Малайдар қола медальді жеңіп алса, 25 жастағы тағы бір жерлесіміз Мұхтар Есенғосұлы IV орынды иеленді.

Сіздер бұл биікке тағдырдың сынағына сынбай, спорттағы бейбіт бәсекенің күресінде оза шауып шықтыңыздар. Өздеріңіздей ақтөбелік спортшылар осындай маңызды жарыстарда алда талай жеңістер әкелетініне сенемін.

Әр нәтижелі істің лайықты марапаты болуға тиіс. Бексұлтан Еркінбекұлының жетістігі үшін заңнама бойынша пәтер қарастырылған. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар рәсімделуде. Сондықтан Бексұлтан бауырымыздың қоныстойын тойлау сәті де алыс емес.

Жалпы облыста спорт секциялары ашылып, оның дамуы үшін ауқымды қаржы  бөлініп келеді. Мәселен, өткен жылы 60 нысан пайдалануға берілсе, биыл 90-ға жуық спорт нысаны ашылмақ. Бұлардың арасында Ақтөбе қаласындағы Үстел теннисі орталығы, Футбол академиясы, аудандардағы 5 денешынықтыру және 14 ангарлық типтегі кешен бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт орталығының құрылысы да көп ұзамай аяқталады, — деген Оңдасын Сейілұлы  спортшылар мен олардың жаттықтырушысына Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырды.

Өз кезегінде Ақтөбе қаласындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының еркін күрестен жаттықтырушысы Жанат Қожантаев жасалған қолдауға ризашылығын білдіріп, бір ай демалыстан соң жігіттердің республикалық жарысқа аттанатынын айтты.

Айта кетейік, Сурдлимпиада —есту қабілеті бұзылған адамдар арасында өтетін жаһандық жарыс.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button