Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Мердігерлер елдің алғысын алуға ұмтылуы керек!

Жұмыс сапарымен Ырғыз ауданына барған облыс әкімі Оңдасын Оразалин бірқатар мердігерлердің жұмысын сынға алды.

Өңір басшысы алдымен Қызылжар ауылдық округінің орталығы  Құрылыс ауылына барды. Бұл ауылда былтырдан бері бірнеше нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда былтыр қазан айында салына бастаған ангар типтес спорт кешенінің құрылысы тоқтап тұр. Өйткені нысанның жобасы мен құрылыс материалдарына кететін шығын сай келмейді.  Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нағымжан Алдияровтың айтуынша, жобада қажетті материалдардың 50 пайызы қарастырылмаған. Бөлінген 294,2 миллион теңге нысан құрылысын аяқтауға жетпейді. Бұл жобада ауылдарда салынған тап осындай спорт кешендерінің бағасынан 100 миллион теңгедей кем есептелген — құжатта спорт кешенінің іргетасы мен қабырғасы ғана бар. Қазіргі таңда жобаның авторы іздестіріліп, жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізу керек. Жобаны іске асырушы қызылордалық «Ер-Қанат Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыста 5 құрылыс нысанын өз жауапкершілігіне алған. Бірақ барлығының да жұмысы кешеуілдеп тұр.

Мұның бәрінің себебін анықтаңдар. Мерігерлер жобамен толық таныспай жатып, тендерге түсіп, ақша алғысы келеді. Кейін жұмысты қалай бітіретінін ойламайды. Бұл — сырттан келген мердігерлердің жауапкершілігі жоқ деген сөз. Бәрінің жұмысы бая жүріп жатыр. Халық әрбір құрылыстың тезірек бітіп, пайдалануға берілуін күн санап күтіп жүр. Ал кейбір мердігерлер мойнына алған жұмысты созып жүреді. Нәтижесі, міне, өздерің көріп тұрғандай. Осындайлардың кесірінен ісіміз алға баспайды, — деген облыс әкімі жұмыстың сапалы әрі уақтылы бітуін қатаң бақылауға алынатынын айтты.

Округ орталығындағы «Балдәурен»  балабақшасының ғимараты «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. «АймарСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқан күрделі жөндеу жұмысы шілде айында аяқталады.

Балабақша ғимараты 1977 жылы салынған. Іргетасы мен қабырғаларынан басқасының бәрі жаңартылып жатыр. Ғимарат сырты қапталады. Балабақшада 50 бала бар. Ауылды толық қамтып отырмыз. Қазіргі кезде балабақшамыз уақытша мектеп жанынан ашылды. Балаларымыз шілде айында жаңа, заманауи талапқа сай балабақшада тәрбиеленетін болады, — деді балабақша меңгерушісі Дәмелі Сарманова.

Былтыр күрделі жөндеуден өткізілген Мәдениет үйінің ішкі-сыртқы келбеті көз тартып тұр.  Көрермен залына әдемі орындықтар қамтылған.

Мәдениет үйінде  облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, алдағы республикалық референдум, ауыл шаруашылығы мен ауылды дамыту туралы әңгімелесті. Ақсақалдардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Округке қарасты Шеңбертал елді мекенінің тұрғыны Аманғос Ызашов   интернет пен жол мәселесін айтты.

Ауыл болашағы үшін көтеріп отырған мәселелеріңіз өте орынды. Өткен жылы Жаныс би, Шеңбертал елді мекендеріне газ бен ауызсу барды. Облыста 322 ауыл бар. Әр ауылдың проблемасы да әртүрлі. Әлі газ, ауызсу бармаған ауылдар қаншама. Облыста ауызсу мәселесін 2025 жылға дейін 100 пайыз шешу жоспарланған. Бірақ біз оған дейін күтпей, алдағы 1-2 жылдықта толық іске асырамыз деп отырмыз. Сіздердің айтқан талаптарыңыз да біртіндеп шешіліп келе жатыр. Биыл Құтикөлге газ барады. Одан әрі Нұра халқы да көгілдір отынды күтіп отыр. Менің ұстанымым — құр уәде бермеу. Ал уәде бергеннен кейін оны орындауға бар күшімді саламын. Өйткені Нұра ауылына барғанда тұрғындарға газ тартып беру жөнінде уәде бергенмін. Жобалық-сметалық құжатттары дайындалды. Қаражат бөлінді. Демек, көгілдір отынның игілігін көретін күн жақын. Ал Шеңберталға көтерме жол салу мәселесін әзір айта алмаймын. Өйткені бәріне бірдей қыруар қаражат керек. Барлық жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады, — деді облыс басшысы.

Биыл Ырғыз ауданында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жыл басынан бері 16 ырғыздық жаңа үйдің кілтін алады. Аудан орталығында екі 8 пәтерлі, 2 екі қабатты үй салынып жатыр. Мердігерлердің айтуы бойынша, барлық материал 100 пайыз алынған. Қазан айында қос үйдің құрылысы аяқталып, ауласы  абаттандырылады.

Оңдасын Оразалин биыл аяқталуға тиіс екі сегіз пәтерлі үйдің құрылыс барысымен танысты. Жалдамалы-коммуналды пәтерлер жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандарға беріледі. Ырғызда 210 отбасы үй кезегінде тұр. Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, ауданда дәрігер мамандар тапшы. Орталық ауруханаға 7 мамандық бойынша дәрігер жетіспейді. Ауданға келетін жас маманға жаңа салынған үйден пәтер беру туралы айтылды. Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдады. Бірақ ең алдымен мүмкіндігі шектеулі, көмекке мұқтаж отбасыларды қамту керек екенін айтты.

Ырғызда спорт кешені салынып жатыр. Бұған дейін аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығып келген спортшылар үшін бұл көптен күткен жаңалық.

Аудан орталығындағы спорт мектебіне бас сұққан облыс басшысы мұндағы спорт секцияларының талапқа сай еместігін айтты. Ескі ғимараттың іші тар әрі желдеткіші жоқ. Биыл спорт мектебі жаңарады. Спорт мектебінің директоры Самұрат Садриев облыс басшысына жаңарған мектептің жобасымен таныстырды.

— Ғимараттың желдеткіші болмағандықтан ауа тар. Балалар үш ауысым бойынша жаттығады. Ауа тар болғандықтан, тері аурулары жиі пайда болады. Былтыр осындай 35 жағдай тіркелді. Спорт кешені салынса, спортшыларымыз да көбейіп, күрес залы да кеңейеді. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының спортпен шұғылдану көрсеткіші — 38 пайыз. Оның межесін кемінде 50-ге дейін жеткізуіміз керек, — дейді спорт мектебінің директоры.

Бүгінде мұнда 800 бала спорттың 13 түрімен айналысады. Мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Сараптамадан өтіп қойған тиісті жобалық-сметалық құжаттама толық дайын. Облыс әкімі құзырлы мемлекеттік органдарға жөндеу жұмыстарына қаржы бөлуге қолдау көрсетуді тапсырды.

Аудан орталығынан бастап Құтикөлге жол салынып жатыр. Құтикөл ауылында тұрғындармен кездесу болды. Ауыл ақсақалдары ауылға газ құбырлары тартылып жатқаны үшін ризашылықтарын білдірді. Осы жылдың шілде айына қарай ауылдағы 1100-ден астам тұрғын газбен қамтылады деп жоспарланып отыр. Ауылда сондай-ақ су құбырының желісі жаңартылып жатыр.

Облыс басшысы Ырғыз ауданындағы сапарында мердігерлерге ескерту жасады. «Қаражат жағынан мәселе болмайды. Тек жұмысты уақытында әрі сапалы жасаңыздар. Олай болмаған күнде заң аясында тиісті шара қолдануға тура келеді. Сіздер ақша үшін емес елдің алғысы үшін қызмет етіңдер», — деп нақтылады.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button