«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Қала күні сәйгүліктер шеруімен басталды

Бейсенбі күні облыстың 90 жылдығы мен Ақтөбе қаласы күніне арналған мерекелік шаралар басталып кетті. Бірнеше күнге созылатын арнаулы бағдарламаның шымылдығын Орталық саябақтағы ерекше көрме ашты.

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық саябақта жылқылар, тазылар және бүркіттердің көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Одан бұрын Әлия Молдағұлова, Әбілқайыр хан даңғылдарының бойымен жүріп өткен сәйгүліктерге қызығушылар көп болды. Әсіресе балақайлар Қамбар ата түлігімен естелік суретке түсіп, ерекше ықылас білдірді.

— Бүгінгі көрмеміз 27-28 мамыр күндері ипподромда өтетін облыс әкімінің жүлдесіне арналған аламан бәйге мен көкпар турнирінің жарнамасы десек болады. Көпшілікті аталған шара туралы хабардар ету үшін орталық көшелерде  бәйге аттарымыздың шеруі өтті. Бұған атбегілер ғана емес, ұлттық спорттың басқа да өкілдері қатысты. Сондай-ақ көрмеге саятшылар да атсалысып отыр. Жалпы 40-қа жуық тазы әкелінді, — дейді облыстық «Бәйге» федерациясының президенті Азат Жукен.

Ал «Ақтөбе облысының көкпар федерациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Фархат Сансызбайдың айтуынша, көрмеге өңірдегі барлық ауданнан 60-қа жуық шабандоз қатысып отыр. Тиісінше жылқы саны да осынша.

— Ашық аспан астындағы мұндай көрмеге бұған дейін де қатыстым. Осы жолы Айқас деген тазымды әкеліп отырмын. Жасы 5-те. Өте ақылды, бәрін түсінеді. Төзімді, айдалада күн ұзағына жүре беруге бар. 

Қазақтың дәстүрлі аңшылығымен айналысамын. Мылтық қолданбаймын. Осындай тазылардың көмегімен бұйырғанын аламын. Жалпы Ақтөбеде мен сияқты тазы ұстап, оны аңшылыққа қосып отырғандардың саны 200-ге жуықтайды. Көршілес облыстармен де байланысымыз жақсы. Айқасым — тазыларымның арасындағы ең жүйрігі әрі мықтысы, — дейді көрмеге қатысушы Думан Ысқақов.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпеновтің айтуынша, сүйікті қаламыздың «туған күніне» арналған шаралардың легін концерттер, қылқалам шеберлері мен фотосуретшілердің «Келбетті қалам — Ақтөбе!» көрмесі, т.б. мәдени-көпшілік шаралар жалғайды. Негізгі шаралар 28 мамырда өтеді.

Көрмені тамашалағандардың бірі қала тұрғыны Үмітай Мақсымова:

— Біз сияқты зейнеткерлерге арналған шеберлік сабақтары, қызықты кездесулер көптеп ұйымдастырылса екен. Балаларға арналған ойындар болса да артық етпейді. Ақтөбеміздің 153 жылдығы құтты болсын! Барлық тұрғындарға тек жақсылық тілеймін, — деп лебізін білдірді.

Мерекелік шара ақтөбелік өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button