Референдум

Баршаға — ортақ міндет

5 маусымда елімізде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін референдум өтеді. Осыған байланысты Алға ауданында да ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудандық штабтың құрамында қоғамдық кеңестің, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, барлығы 15 адам бар. Олар төрт топқа бөлініп, осы уақытқа дейін «Алға Жылу» КМК ұжымымен, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен, «Алға Газ» бөлімшесі қызметкерлерімен, ауған соғысы ардагерлерімен, ардагерлер кеңесі мүшелерімен, сондай-ақ Бесқоспа, Тамды, Маржанбұлақ, Қарағаш, Бестамақ ауылдық округтерінің тұрғындарымен және басқа да ұжымдарда кездесулер өткізді.

Бұл кездесулерде штаб мүшелері Ата Заңға енгізілетін түзетулер мен толықтырулардың маңыздылығына тоқталып, жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолында халықты 5 маусым күні өтетін референдумға қатысуға шақырды.

Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан азық-түлік бағасының қымбаттауы, жолдардың  жағдайы, латын әліпбиіне көшу секілді мәселелер көтеріліп, штаб мүшелері жұртшылықтың түрлі сауалдарына жауап берді.

Сондай-ақ референдумға қатысты түрлі бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілерге жарияланды, қала, ауыл көшелеріне баннерлер ілінді.

 Зита САҒИЕВА,

Алға ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button