Басты жаңалықтар

Мәртөктегі кездесу: мақсат — оқырман ойынан шығу

Баспасөз-2022

Мәртөк — облыстағы өзіндік ерекшеліктері бар, аймақтың солтүстік бөлігіндегі егіншілігі мен мал шаруашылығы қатар дамыған аудан. Ауданның Ресей федерациясымен, оның ішінде Орынбор облысымен шекаралас орналасуы да маңызды роль атқарады. Өңір тұрғындарының көпұлтты болуы да бір өзгешелігі. Мұнда қазақтармен бірге орыстар, украиндар, беларустар, татарлар ынтымақтастықта, қоян-қолтық тіршілік етуде.

Облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» компаниясы қызметкерлері осы аптаға аудан тұрғындарымен кездесуге келді.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Сәтжан Дәрібай мен Айгүл Нұркееваны жұртшылық ықыласпен қарсы алды.

— Баспасөз қай кезде де халықпен бірге. Біз газет-журнал арқылы атқарған жақсы істерімізді жария етеміз, көпшілікті хабардар қыламыз. Сонымен бірге өзімізге керекті ақпараттарды басылымдардан аламыз. Біздің ауданымызда облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бұрыннан қалыптасқан тұрақты оқырмандары бар. Сондықтан да қалам иелерінің бүгінгі кездесуге келген қадамына оң тілек айтқымыз келеді,— деді жиынды ашқан аудан әкімі Алмас Салықбаев.

Аудан басшысы өзі басқарып отырған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысымен қысқаша таныстырып өтті, соңғы кездері мемлекеттік қолдау нәтижесінде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын, орта және шағын бизнесті дамыту мүмкіндіктері артқанын тілге тиек етті.

— Мәртөк ауданының өзіндік даму тарихын біздер жақсы білеміз. Әлі есімде, 1995 жылы ауданның 60 жылдығы атап өтілді. Сол тұста біздер, журналистер, «Өркенді өңір-Благодатный край» атты кітап шығаруға көмектестік. Ол кезде ауданды Ерсайын Әжібаев басқаратын. Оның алдында ұзақ жыл осы өңір тізгінін ұстаған Алексей Маркевич бастаған аға буын өкілдері де салтанатты жиынға арнайы келіп қатысқанын, естеліктер айтқанын көзімізбен көрдік. Оған да отыз жылға жуық уақыт өтіпті.

Міне, заман,уақыт өзгерді. Жаңа Қазақстан идеясы өмірге келді. Таяуда жаңа қадамның жаршысы іспеттес республикалық референдум өткізіледі. Бұл — саяси маңызды оқиға. Оған халықтың белсенді қатысуы, өз пікірін білдіруі қажет. Осындай өзгерісті жолда біздің газеттеріміз ел тіршілігін кеңінен көрсетіп, Мемлекет басшысының Жолдауын халыққа жеткізуде жүйелі жұмыстар атқарып жатыр.

Сіздермен кездесудегі мақсатымыздың өзі — оқырмандарымыздың ой-пікірін білу, кеңінен кеңесу, алдағы міндеттерді айқындау. Ауыл — ел тірегі. Сондықтан да біздің журналистеріміз ауыл тынысын ашуға көп көңіл бөлуде. Ұрпақтар сабақтастығы — басты тақырыптарымыздың бірі. Жас буын — балалар тәрбиесі де назарымызда. Биыл «Балалар жылы» болып жарияланды. Облыстықгазеттерде «Балдырған», «Весточка» беттері тұрақты беріліп келеді,— деді медиа компания басшысы Раукен Отыншин кездесуге келгендер алдында сөйлеген сөзінде.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай бір ғасырға жуық тарихы бар басылымның бүгінгі бағыттарына тоқталды. «Елдің жоғын іздейтін, облыс жаңалықтарын халыққа жүйелі жеткізетін біздің газетімізде соңғы кездері жаңадан қосымша беттер дайындалып, оқырмандар ойынан шығу мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Сіздердің ой-пікірлеріңіз, ұсыныстарыңыз біз үшін құнды, сондықтан да газет бетінен орын беруге әрқашанда дайынбыз», — деді ол.

Ал «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нұркеева мәртөктік оқырмандарымен байланыстың бұрыннан беріктігін тілге тиек етті. «Біздің белсенді оқырмандарымыз қатарында Ақтөбе облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Ирина Цыба, ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметте болған Шамиль Сарин және басқаларын айта аламыз. Мәртөк аудандық газеті қабырғасынан көптеген талантты журналистер түлеп ұшты, олардың көпшілігі кейін облыстық, республикалық деңгейде қызмет атқарып жүр»,— деді ол.

Оқырмандар атынан сөз алған аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Қымбат Сүйінғалиева өзінің көптеген газет-журналдарды тұрақты алдырып отыратынын, жалпы баспасөз — рухани демеуші, жан азығы екенін айтып, жиналғандарды өз қатарына шақырды.

Кездесу барысында осы өңірден шыққан ерекше талант иелері туралы да сөз өрістеді.

Дәстүрлі ән өнерінің тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың бірі Молдабай Тәңірберлі кезінде Орынбор жәрмеңкесінің сәнін келтірген. Оның мұрасын зерттеген Ахмет Жұбанов «Молдабай — нағыз дала серісі» деп анықтама берген екен. Молдабайдың «Қойшының әні», «Бестоспа», «Сусар-ай», «Молдабай» секілді туындылары көпшілікке жақсы танымал.

Ал осы өңірдің тағы бір перзенті Қамбар Медетовтің тағдыры тіпті өзгеше. Ол 1929 жылы Орынбордағы заң курсын бітіреді. 1835-1936 жылдары Қазақ филармониясында әкімшілік қызметкер, директордың орынбасары қызметтерін атқарады. Ел арасынан дарынды күйшілерді қазақтың халық аспаптар оркестрінің құрамына тартып, оны толықтырып, жақсартуға атсалысты. Қамбар Медетовтің репертуарында «Жошы хан», «Боғда», «Шалқыма», «Алтынай», «Арынғазы», «Ел айырылған», «Қарасай» секілді күйлер болған.

Жиынға қатысқандар осындай талант иелерінің кейінгі ізбасарларын тәрбиелеу, өнер өрісін кеңейту, аталған дарындардың еңбегін кеңінен насихаттау тұрғысындағы ойларын ортаға салды.

Қай өңірде де газет жанашырлары көптеп кездесетіні белгілі. «Сонда да солардың бар таңдамасы» дегендей, баспасөзді жанына серік етіп, жаңалықтарды іздеп жүріп оқып, өзгелермен бөлісетін, сөйтіп қоғамдық пікір қалыптастыратын оқырмандар жөні бір бөлек.

Осы жиында сондай белсенді азаматтардың бір тобына «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның Алғыс хаттарымен сыйлықтар тапсырылды. Мұндай марапатқа аудандық ардагерлер ұйымының төрағасыҚыдырбай Шудабаев,аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрсейіт Кішкентаев, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директорыЖанар Ерманова, №4 орта мектептің директорыМұрат Айтназаров, аудандық «Мәртөк тынысы» газетінің бас редакторы Елена Ониськова ие болды.

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button