Басты жаңалықтар

Жаманшыңға туристердің қызығушылығы жақсы

Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне 12 нысанның енгізілгенін, оның қатарында Ырғыз ауданындағы Жаманшың метеорит кратері барынан көпшілігі хабардар. Аумағы атшаптырым бұл жер — туристер көп баратын орын. Оған қатысты аңыз-әңгіме де аз емес…

Біз аталған ескерткіштің жай-жапсарына, әсіресе аумағына кіретін ерекше орындарға кеңінен тоқталмақпыз. Бұл туралы бізге облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов айтып берді.

Әлқисса…

Құпиясы көп мекен

Бұл жерге өсімдік өспей, жәндіктер де жолай алмағандықтан жұрт Жаманшың деп атап кеткен деседі. Жаугершілік жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандар осында келіп паналаған деген де долбар бар. Сол кезде құрсанып келген қуғыншылар оларды таба алмапты деседі. 1960 жылдары осы Жаманшыңда құпия әскери бөлімше тұрған деген де дерек кездеседі. Алып машиналар, қару-жарақтар, оқ-дәрілер сақталып, тіпті әскери ұшақтар қонатын болған. Жаманшың аумағынан табылған тектиттер ТМД елдері аумағында бірінші рет тек біздің облыстан ғана табылып отыр. Бұрынғы замандарда адамдар бұл заттан түрлі бұйымдар жасағаны да зерттеушілерге мәлім. Ал герцог Эдинбург осы тектиттерден моншақ тізіп, патшаға сыйға тартқан.

Жаманшыңды 1937-1939 жылдар аралығында алғашқы болып зерттеген ғалымдар — А.Яншин мен В.Вахрамеев. Сол уақытта геологтар Жаманшыңда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, палеозой дәуірінің жыныстарын табады. Жаманшыңның құпияларын табу зерттеуші ғалымдарға оңайға түскен жоқ. Сондықтан бұл жердегі геологиялық жұмыстар 1946, 1957, 1961 және 1963 жылдары одан әрі жалғасын тапты. Зерттеу жұмыстары кезінде ол жерден қара түсті шлактар, әйнектің ерекше түрлері көптеп анықталған. Артынша табылған кен үлгілері Мәскеудегі білікті ғалым Петр Флоренскийге жіберіледі. Өз кезегінде ол 1975-1976 жылдары Жаманшыңның жарылыстан пайда болған ойпат екендігін ғылыми түрде дәлелдеді. Осыннан табылған ерекше тастарға «жаманшит», «иргизит» деген атаулар берілді. Ал 1977 жылдың жаз айында метеориттер жөніндегі комитеттің экспедициясы жұмыс істей бастайды. 1989 жылдың қыркүйегінде АҚШ, Канада, Германия және Франция елдерінің ғалымдарынан құралған халықаралық экспедиция ұйымдастырылып, Жаманшың әлем назарын аударды.

Айта кетейік, зерттеушілер Жаманшың осыдан 075-1,1 млн жылдар бұрын оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай ұшқан ірі метеориттің жерге қиғаш (көлбеу) құлау салдарынан пайда болғандығын анықтады. Ойпаттың диаметрі 5-6 шақырым, түбі жайпақ, баурайы көлбеу, тереңдігі 700 метрдей.

Кратер Ырғыз ауданының орталығынан 40 шақырым жерде, оңтүстік-батысқа қарай орналасқан.

Азу тіс

Кратер аумағында орналасқан «Азу тіс»деп аталатын қатпар-қатпар тасты ел кезінде «Әке арқауы» деп те атапты.

1000 метрдей жер астында жатқан қабаттарды метеорит күші жер бетіне шығарып тастаған керемет көріністі тамашаласаңыз, таң-тамаша қаласыз… Осы орайда елге келген космоэнергетиктер де тасты «Әке арқауы» деп атап, бұл жердің ерекше қасиеті бар екенін алға тартқан. Әдетте жұртшылық аталған тасқа арқаны тіреген күйде арғы ата-бабаларына сиынып, Құран бағыштап, қолдау сұрайды. Сонымен бірге «Ана құрсағы» деп аталатын қуысқа кіріп, бала аңсап жүргендер Жаратқаннан сәби сұрайтыны және бар. «Азу тіс» аумағында лешательериттер көптеп кездеседі.

Бұл жерде шлак, қоңыр немесе сары әйнектің сынығы, түссіз лешательерит, мөлдір емес рудалар да бар.

Лешательерит дегеніміз тастамырдан кварцтың балқуы нәтижесінде пайда болған ерекше кесек тастар екенін оқырман қауымның қаперіне сала кетейік.

Ала төбе

1977 жылы Жаманшыңнан құрамында титан бар әйнек табылады. Осылайша кратерде титан кен орны бар екені де анықталды. Бұрынғы замандарда адамдар бұл жерлерді кен орындары ретінде пайдаланып, түрлі бұйымдар әзірлеген болуы да мүмкін. Бұл шоқы басқа шоқылардан ала болғандығымен ерекшеленеді. Сондықтан оны «Ала төбе» деп атап кеткен.

Ала төбе — жер бетінде аз кездесетін тектиттер (иргизиттер) кенішінің бірі, ал Жаманшың  — тектиттер мен импактиттер қатар кездесетін жалғыз ғана кратер. Сонымен қатар бұл жерден лешательерит үш валентті титан да табылыпты. 1989 жылғы Ресей, Канада, Франция, ГФР, АҚШ және Қазақстан ғалымдарының бірлескен экспедициясы «метеориттің құлауы табиғи геохимиялық ахуалды өзгерткен» деген пікірді ұсынған.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

Ақтөбедегі ескерткіштерді қорғау, зерттеу ісімен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жанындағы арнайы орталық айналысады. Аталған мемлекеттік мекемеде ескерткіштер түрлеріне қарай бөлініп, әрқайсысы туралы мәліметтер топтастырылған. Сол сияқты киелі жерлердің тізімі де осында жасақталады. Кейіннен бұны Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығындағы мамандар талдап, арнайы тізімге һәм мемлекеттік қорғауға қайсысының ілігетіні анықталады.

— Облыс бойынша жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне 46 нысан енді.

Жұмыс тобы өлкетанушылар мен өлке тарихына қызығушылармен бірлесіп ескерткіштердің барлық типін қамтыды. Бүгінде өзге де ескерткіштер жөнінде материалдар жинақтау жұмыстары жүргізілуде, — дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне 12 нысан енгізілді: Қобыланды батыр, Есет батыр Көкіұлының мемориалды кешендері, Абат-Байтақ, Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымдары, Кенесары ханның қарындасы — Бопайдың моласы, Есет-Дәрібай кесенесі, Ойсылқара қорымы, Досжан ишан мешіті, Исатай батыр кесенесі, Әбубәкір кесенесі, Қызылүйік ғибадатханасы және Жаманшың кратері.

Ерекше төбелер 

Жаманшыңда Алладан тілек, шапағат тілер «Тілек төбе» деген жер де бар.  Кейде «Ем төбе» деп аталады.

Кратердің тағы бір айрықша жері «Кешірім тауы» деп аталады. Бұл тауға шығып, Алладан адам баласының осы өмірде біліп-білмей жасаған қателіктеріне кешірім алуға мүмкіншілік беріледі. Жайпақтау кішкене төбешік балалардың түрлі  (энурез, шошыма) ауруларына ем деседі.

Батыс беттегі сәл алыстау түйенің қос өркешіндей қос төбе «Татуластыру төбесі» деп аталады. Мұнда ренжіскен адамдар келсе, татуласатын көрінеді.

Жетім шоқы

Бұл — Жаманшың аумағында орналасқан ең биік шоқы.  Биіктігі 300 метрден асатын бұл шоқы жаугершілік жылдары көп адамға пана болған аумақ деседі. Оның ішкі қуыстары мен үңгірлері, ойпаттары көп. Сондықтан қуғын-сүргінге ұшырағандар осында келіп, бой тасалаған деседі.

Ел аузында жүрген аңыздарға сүйенсек, түрлі себептермен сыңарын таппай жүрген жалғызбасты жігіттер мен қыздар Жетім  шоқының ең биік шыңына шығып, тілек тілесе, көп ұзамай сыңары табылады екен.

Иргизит алаңы

Тектит грек тілінен аударғанда «балқыған» деген мағына береді, қара жасыл немесе қара түсті  әйнек тәрізді денелер. Бұл терминді 1900 жылы Эдуард Зюсс енгізген. Ол Чехословакияда табылған тектиттерді зерттей отырып, бұл метеориттің бір түрі деп есептеген.

Ал иргизит (тектит) — кратер территориясынан табылған түрлі жыныстардың ішінде салмағы 0,5-тен 3,0 гр, ұзындығы 2-3-тен 20-300 мм жететін ширатылып қатқан шашыранды, талшық тәріздес шыны денелер толық өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Бұл тектитке П.Флоренский Ырғыз өзенінің құрметіне  «иргизит» атауын берген.

Бұл тектиттер бүкіл ТМД елдері аумағында бірінші рет тек біздің Ақтөбе облысында ғана табылып отыр. Ғалымдардың болжамынша метеориттің жарылысы болып, жер балқып, буға айналған, сөйтіп, аспанда өте қатты қызған бұлттардан осы тамшы шыны тастар пайда болған деседі. Бір қызығы, тектиттер Австралия, Филиппинде, Чехославокияда да табылған, ал оларда еріген шыны тастар болғанымен кратерлер (шұңқырлар) жоқ.

Жаманшинит — саңылаулы учаскелердегі негізгі құрамы қара, сары әйнектен тұрады, қара, сары бөліктері бір-бірімен қабаттасып, араласып флюдтік құрылым сипатын береді. Химиялық құрамы бойынша 2 топтан тұрады: біріншісінің құрамында ешқашан микролит болмайды, ал екіншісінде микролит кездеседі және кейде барлығын ерітіп жібереді.Осының барлығы аталған алаңнан табылыпты.

Қыран төбе

Көктем мезгілінде қырандар міндетті түрде осы төбенің басына ұя салатындықтан, ел аузында осылай аталып кеткен жер. Бір қызығы, бұл жерге өсімдіктердің тамыр тартуы сирек. Тіпті жыбырлаған жәндіктер мен аң-құс та кратер маңына жолай қоймайды екен. Осыны білген жергілікті халық оны адам түгіл, жәндік те жерсіне алмайтын тек бірақ қырандар қонатын төбе дейді…

Тақия-сәукеле

Жаманшыңдағы ақ төбенің биіктігі 20 метрдей, үстінің жазықтығының диаметрі де сол шамаға келеді. Бұл төбе «Дастархан төбе» деп те аталады. Құрбандығыңызды шалып, елге, жерге береке, байлық тілер қасиетті орын көпшілікке жақсы белгілі.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button