«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Сүйікті қаламыздың бүгінгі келбеті

Ақтөбе-153 жыл

28 мамыр — Ақтөбе қаласы іргесінің қаланған күні. Ақтөбеліктер бұл күнді жыл сайын сән-салтанатымен атап өтеді. Тек пандемияның кесірінен екі жыл тойланбады. Ал биыл қаланың 153 жылдығы облыстың 90 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай біз қала әкімінің орынбасары Айбек Көпеновпен әңгімелескен едік.

Қазіргі облыс орталығының келбетін осыдан көп жыл бұрынғы Ақтөбемен салыстыруға келмейді. Қаламыздың көркі күн сайын өзгеріп келеді: ескі үйлердің қасбеттері жаңартылды, зәулім үйлер мен биік ғимараттар бой көтеріп, жаңа аудандар пайда болып, қала жыл санап өсіп жатыр.Көліктердің көптігі ескеріліп, көшелер кеңейтіліп, жол шетіне тротуарлар мен велосипедшілер жолағы салынды. Жаңа саябақтар ашылып, ескілері тазартылып, талдар егіліп, орындықтар қойылды. Бұл —  қаланы көркейту, көріктендіру жұмыстарының үздіксіз, жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанының көрінісі.

Тағы бір айта кететін жайт — көше тазалығы. Бұл мәселе үнемі жергілікті биліктің назарында. Көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында екі айлық ұйымдастырылып, апта сайын тұрғындардың қатысуымен таза бейсенбі мен сенбіліктер өтеді. Қазір қаламызда тұрмыстық қалдықтарды тазарту жұмыстары да жүйелі жүргізіледі. Тұрғын үй маңындағы арнайы алаңға қоқысты сұрыптап салуға арналған контейнерлер қойылып, қабылдау пункттері құрылды, бұрынғыдай аулаларда шашылып жатқан картондар мен пластик құтыларды көрмейтін болдық.

Ойын алаңдары мен спорт кешені көбейеді

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпеновтің айтуынша, бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында 53 тұрғын үй алабы бар.

— Қаламыз екі бағытқа қарай өсіп жатыр. Мәселен, Қобда тасжолы бағытына қарай Батыс-4 ауданы, Есет батыр тұрғын үй алабында 4-шағын аудан бой көтеріп келеді. Ал инженерлік желілерді тарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бәрін қамту үшін уақыт керек. Әзірге тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру уақытша тоқтатылыптұр, — дейді ол.

Сонымен бірге қала әкімінің орынбасары биыл атқарылатын жұмыстарды да атап өтті.

— Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен Ақтөбедегі тұрғын үй алаптарының аулаларында 50 балалар ойыналаңы мен 50 жаттығу (street workout)алаңы, 5 баскетбол және 5 футбол алаңы салынады.Сонымен бірге қаламызда жыл соңына дейін 5 денешынықтыру және сауықтыру кешені бой көтермек. Үшеуінің мердігері анықталды. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның, Ақжар-2 ауылындағы №45 орта мектептің және Жаңақоныс орта мектебі маңында салынатын кешендердің құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Қалған екі кешеннің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.Бұл жерде басымдық әсіресе Жаңақоныс, Бауырластар, Ақжар-2, Өрлеу секілді Ақтөбеден бөлек орналасқан елді мекендерге берілмек. Себебі кездесулерде осы ауылдың тұрғындары балаларға арналған ойын алаңдары мен спорт кешендерін сұраған болатын. Айтпақшы, Астана мен Алматы аудандарының тұрғындары қазір «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып, өздерінің ұсыныс-тілектерін білдіріп, көшелерін асфальттап, ойын алаңдарын да салғызып жатыр, — дейді Айбек Көпенов.

 Қала күні төрт күн тойланады

— 26 мамырда Әлия Молдағұлова даңғылы мен Әбілқайыр хан даңғылының қиылысынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябаққа дейін бәйге аттарының шеруі ұйымдастырылады. 30 шабандоз қаланың бас даңғылы бойымен жүріп өтеді. 27 мамырда жөндеуден өткен мәдени орындар қайта іске қосылады. Олардың бірі — «Алақай» қуыршақ театрының ғимараты. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы ғимараты біраз жылдан бері бос тұр еді. Бүгінде жөнделген ғимаратқа Ақтөбе қалалық орталық кітапханасы көшіп жатыр.

28 мамырда ипподромда облыс әкімінің жүлдесіне арналған аламан бәйге мен көкпар турнирі өтеді. Аламан бәйгенің бас жүлдесіне «Нива» автокөлігі тігіліп отыр. Жүлдегерлерге ат спорты жанкүйерлерінің демеушілігімен ақшалай сыйлықтар беріледі. Бұл маңда сол уақыттасауда жәрмеңкесі де ұйымдастырылады. 27-28 мамырда кешкі сағат жетіден тоғызға дейінгі аралықта тұрғындар қаланың 14 алаңында қалалық және аудандық өнерпаздардың «Ақтөбе — алтын бесігім» атты мерекелік концертін тамашалай алады. 29мамырда Тұңғыш Президент атындағы саябақта таңғы сағат сегізден он бірге дейін жүгіруден қалалық марафон өтеді. 5, 10, 25 километр қашықтыққа жүгіруге 1200 адам өтініш білдірді. Осы күні кешкілік Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда «Жұлдызды футбол» атты жолдастық кездесу өткізілмек. Мұнда «Ақтөбе жұлдыздары» мен «Спарта Астана» клубы кездесіп, әдемі ойын көрсетеді деп ойлаймын. Төрт күн бойы өтетін мәдени-спорттық шаралардың мақсаты — ақтөбеліктерге мерекелік көңіл күй сыйлау, — дейді Айбек Көпенов.

Қаланың туған күніндемәдени ойын-сауық шаралары кешкі сағат 19.00-деТұңғыш Президент атындағы саябақта басталады. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы мен қалалық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары «Ажарлы өлкем — Ақтөбем» атты бірлескен мерекелік концертін Ақтөбе қаласының туған күніне арнайды.

Осы уақытта сахна мен тутұғыр айналасында Networking ашық сұхбат, караоке клуб, жастар, балалар шығармашылығы секілді секцияларға бөлінген алаңдар жұмыс істейді. Сондай-ақ саябақта қылқалам шеберлері мен фотосуретшілердің «Келбетті қалам — Ақтөбе!» атты көрмесі өтеді.

Айтпақшы, Ақтөбенің туған күніне арналған түнгі концертте отандық эстрада жұлдыздары Садраддин, AlZaBi, Kalifarniya, «Меховая 8/1» тобы, «Ақтөбе» вокалды-аспаптар ансамблі өнер көрсетіп, соңы мерекелік отшашуға ұласады. Одан соң DJ Ibragimoff ойын-сауық бағдарламасын ұсынбақ.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button