Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Батырлықтың бастауы — Қобыланды

Биыл Қобыланды батыр мемориалды кешенінің ашылғанына 15 жыл толды. Осыған орай Қобда ауданы Жиренқопа ауылында Қарақыпшақ Қобланды батырға арнап ас берілді.

Мерекелік-мәдени шаралармен көркемделген асқа еліміздің 11 облысынан қонақтар келді. Батыр жатқан жерде, Қобда өзенінің жағасында киіз үйлер тігіліп,

«Қара қыпшақ Қобыланды» қойылымы көрсетілді. Өнерпаздар Қобланды жырындағы кейіпкерлерді шебер сомдады.

Бұл жиылыстың мәні зор, мағынасы ерекше. Қазақтың рухын көтеретін басқосу. Ақиқатқа айналған аңызды дәріптейтін жиын. Бала күнімізде әжеміз алдына алып, небір жыр-дастандарды құлағымызға сіңірген еді. Соның ішінде Қобланды батырдың орны ерекше. Қобда елі — батырлар мекені, сол батырлықтың бастауы Қобыланды десек болады.

Біздің қазіргі территориямыз — ғасырлар бойы ата-бабамыздың мекендеген жері. Батырларымыз жерді қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. Енді  ұрпаққа соны жеткізу — біздің міндетіміз. Осы асқа жан-жақтан жиналған қонақтарға қарап, ауызбіршілікті көріп отырмын. Осы жолдан таймайық, бірлігіміз  бекем болсын, — деді облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы.

Бұл шараның өтуіне батырдың ұрпақтары бастама болған. Ұйымдастырушы —Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қоғамдық қоры. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бұл ұсынысты қолдап, ойдағыдай өтуіне мұрындық болды. Асқа келген қонақтар батырдың жатқан жеріне зиярат етіп, құрбандық шалды. Мемориалды кешенді аралап, батыр туралы, жалпы облыс аумағында болған тарихи оқиғалармен танысты.

Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қордың жетекшісі Махмут Нәлібаев Қобыланды батыр кесенесіне 11 жыл бұрын келген. Сол кезде мемориалды кешеннің құрылысына көңілі толып, қатты әсер алғанын айтады:

Қазір елімізде «Рухани жаңғыру» секілді жақсы бағдарламалар бар. Осыдан  12 жыл бұрын Алматы қаласында үлкен тарихи конференцияның өтуіне мұрындық болғанбыз. Онда еліміздің көзі ашық, көкірегі ояу зиялы азаматтары, тарихшылары, оқымыстыларыжиналды. Олардың ішінде бас қолбасшы болған Сағадат Нұрмағамбетов те болды.  Сол кезде жастарға жол көрсетіп, игілікті істерді жалғастыратын қор құру туралы сөз қозғалды. Мен осы қордың төрағасы болып сайландым. «Аманаттың жүгі ауыр» дегендей, содан бері қолдан келгенше қоғамдық, патриоттық, қайырымдылық жұмыстармен айналысып келеміз. «Қобыланды батыр» жырының  5 мың данасын шығардық. Қостанайда Ресей жағынан кіреберістегіайналма жолда Қобыланды батырдың12 метрлік  ескерткіші ашылды. Бұрынғы Герцен даңғылы Қобыланды батыр даңғылы болып өзгертілді. Халықаралық фестивальдер өткіздік. Осындай жұмыстардан соң әр өңір өздеріндегі тарихи тұлғаларды дәріптейтін іс-шараларды өткізуге пейілді болды. Сол себепті қордың атынан ауыспалы көк ту жасадық. Ол ту еліміздің 8 облысын жағалап келді. Ту 2 жылдан бері Ақтөбе облысында еді. Алайда карантиндік тәртіпті сақтап, іс-шаралар кейінге қалды. Бүгін, міне,«Сабақты ине сәтімен» дегендей, Қобыланды батырға арнап ас беріп жатырмыз. Көк туды алған өңір тарихи іс-шара өткізеді. Тек Қазақстан бойынша емес, Қырғызстан, Өзбекстандағы батырдың ұрпақтары да туды сұрап жатыр. Біздің ұсынысымызды қолдап, іс-шарамызды өткізуге қолдау білдірген Ақтөбе халқына ризашылығымды айтамын, — дейді М.Нәлібаев.

Одан кейін сөз алған Қобыланды батыр мемориалды кешенінің құрылысын жүргізген белгілі меценат Сапар Ысқақов асқа жиналғандардың дені жастар екенін, тарихты білуде жастардың да қызығушылығы жоғары екенін айтты.

— Мен 6 жылдан бері «Бабалар ізімен» атты бағдарлама жасап, дүниежүзін аралап жүрмін. Елуге жуық елде болдық. Сонда менің түсінгенім — біздің бабаларымыз көп елде болып, сол елдің тарихы мен мәдениетіне іздерін қалдырған екен. Бабаларымыз сұлтан, әмірші болып 23 елдің хан тағына отырған. Міне, осыны жастарымыз білуге тиіс. Сондай батырларымыздың бірі — Қобыланды батыр. Бір сапарда Иран елінде болдым. Сонда нағашыларыма соқтым. Олар — қызылбастар. Жақсы қарсы алды, мен жиенқұрық сұрадым. Батыр Қобыландының елінен келгенімді айттым. Сол кезде үлкен той жасады, —дейді С.Ысқақов.

Қонақтардың ішінде жаңадан ашылған Ұлытау облысының Жезқазған қаласынан  делегацияны бастап келген  Жақыпбек Дайыров Қобыланды батырға қатысты біраз тарихты бөлісті.

Батырдың сүйегі Ақтөбеде жатқанымен, Ұлытау жерінде болған. Тарихта арғынның арғы атасы деп айтатын Ақжол биді өлтірген деген дерек бар. Мұның арты Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп шығуына себепші болады. Кейін Қобыланды да Керей мен Жәнібек жағына өтіп, қазақ хандығының құрылуына үлесін қосады. Ақжол бидің әкесінен кешірім сұрап барғанда ол кешіріп, баласының құнын сұрамаған деген аңыз бар. Бабамыздың мәңгілік тыныс тапқан жеріне келіп отырмыз. Мұндағы керемет кесене мен кешеннің құрылысына тәнті болдық.

«Қазақ хандығы» деген тарихи кино шықты. Сонда бабамыздың ерлігі көмескі көрсетіледі. Бабамыздың ерлігі толық насихатталуы керек еді, — дейді Ұлытаудан келген  ұрпағы.

Аста еліміздің тарихына қатысты біраз деректер айтылды. Әлемнің 50 елінде батыр бабаларымыздың сүйегі жатыр деседі. Олардың көбінің басында белгі жоқ. Алдағы уақытта соның бәрін іздестіріп, жат жердегі қазақ батырларының басына ескерткіш қою жұмыстары жалғасады. Асқа арнайы келген қонақтардың бірі Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бахтияр Тайлақбаев өз репертуарынан «Қобыланды батыр», «Қазақ елі» атты әндерін шырқады. Оқушылар арасында Қобыланды жырын жатқа айтудан байқау өткізілді.

Астан соң Ақтөбе облысындағы қордың ауыспалы көк туы Павлодар облысына берілді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button