Басты жаңалықтар

Мұғалжар және Шалқар ауданы: тұрғындарды жол мәселесі мазалайды

Қай ауылда болсын, ең бірінші кезектегі мәселелердің бірі — сапалы жол. Өркениет игіліктері — көгілдір отын, ауызсу, интернет те жетпеген елді мекендер бар. Мәдениет үйі, спорт кешені жоқ ауылдар да кездеседі. Бұның барлығы бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Мұғалжар, Шалқар аудандарына барғанда кезекті рет сөз болды.

Биыл Жарық пен Қаракөлге газ барады

Әуелі Мұғалжар ауданының орталығы — Қандыағаш қаласындағы №2 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының жай-жапсары көрсетілді. Ашылғанына 40 жылға жуықтаған білім ұясы тамыз айына дейін жаңартылады деп күтілуде. Бұған облыстық бюджеттен 410 миллион теңге бөлінген. Жауапты мердігер — «Әлихан Ойл З» ЖШС.
— Бұған дейін де ірілі-ұсақты жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ осындай күрделі жөндеу алғаш рет болып отыр. Бұл оқу процесіне ешқандай кедергі келтірмейді, бәрі өз ретімен өтіп жатыр. 1800 бала оқып, 180 мұғалім сабақ беретін мектебіміздің ғимараты жаңа оқу жылында айтарлықтай өзгермек, — дейді мектеп директоры Жазира Әбденова.
Жастық шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұндағы 80 пәтер баспана кезегінде тұрған отбасыларға берілмек. Атқарушы билік нысан шілде айында тапсырылатынынан хабардар етті.
Аудан орталығында жақында ғана қызмет көрсете бастаған «Зәру» пантосауықтыру орталығының филиалы да назардан тыс қалмады. Мәртөктегі бұғының мүйізімен емдейтін шипажайдың мұндағы бөлімшесі түрлі медициналық қызметтерді көрсетеді. Бағасы да басы ауырып, балтыры сыздаған науқастар үшін соншалықты арзан деуге келмейді, бірақ орталық басшысы Бану Тілегенова сұраныстың көп екенін айтады. Алдағы уақытта бөлімшенің аумағын кеңейту жоспарда бар екен.
Қандыағаш қаласынан соң Мұғалжар ауылына жол жүрген атқарушы билік өкілдері осында тартылып жатқан жеткізуші және ауылішілік газ құбырының аужайымен танысты. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев:
— Қазіргі таңда облыстағы 323 елді мекеннің 142-сі газбен қамтылған. Мұғалжар ауданы бойынша 3 жоба іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін Жарық және Қаракөл ауылдарына көгілдір отын тартылады, — деді.

Ауылда экология мәселесі өзекті
Мұғалжар ауданында өңір басшысы жұртшылықпен жүздесті. Одан бұрын аудан әкімі Асқар Шериязданов әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы есеп беріп, биылғы жоспарларға тоқталды. Оның айтуынша, халық саны 67 мыңнан сәл асатын ауданда 3 шағын қала, 12 ауылдық округ пен 37 елді мекен бар. Бүгінгі таңда 18 елді мекен көгілдір отынмен, 14 елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Кездесуге жиналған мұғалжарлықтар Қандыағаш-Ембі жолы, Мұғалжар ауылына апарар жолдың нашарлағына шағымданды. «Аудандағы кәсіпорындардың кесірінен көк түтін де еркін тыныстауға кедергі келтіреді, ауданымызда экология мәселесі өзекті», — дейді ауыл ақсақалдары. Сол сияқты жарықтың жиі өшетінін, бұның себебі электр бағаналарындағы тоқтың ұрлануы екенін айтқандар болды. Ауылішілік жол сапасы да сын көтермейді.
— Газдандыру, сапалы ауызсумен, жолмен қамту сұрақтарына біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ерекше назар аударып келеміз. Мұғалжар ауылында ұзындығы 56 шақырым болатын ауылішілік газ құбырларын салу басталды. Жұмыс келер жылы бітеді деп жоспарланып отыр. Осы бағыттағы жұмыстар облыстың барлық аумағында жүріп жатыр, — деді Оңдасын Сейілұлы. Сондай-ақ жыл өткен сайын жолды жөндеуге Үкіметтен қыруар қаржы бөлінетінін, тиісінше қадағалаудың да күшейгенін қосты.

Қауылжырға әлеуметтік нысандар қажет

Сапар барысында Шалқар ауданына қарасты Қауылжыр ауылындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кіреберіс жолдың жайы тексерілді. Мердігер компания «Жалаугер НС» ЖШС биыл сәуір айында басталған жөндеу жұмыстарын 3,5 айда аяқтайтынына уәде берді. Жоба құны — 114,3 миллион теңге. Мұнда жалпы аумағы 1,4 шақырым жолға асфальт салынбақ.
2 мыңға жуық тұрғыны бар Қауылжыр ауылдық округінің құрамына Қауылжыр, Қайдауыл және Ұлпан ауылдары кіреді. Бұлардың әрқайсысының мәселелері облыс әкімінің жергілікті халықпен кездесуінде көтерілді. Айталық, тұрғындарды Шалқар мен Ақтөбенің арасындағы жолдың жағдайы ерекше алаңдатады. Күз, көктем мезгілдерінде қатынаудың өзі мұң. Сол сияқты аталған ауылдық округ тұрғындары Мәдениет үйі, спорт кешенінің әлі күнге жоқтығын, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасалса деген тілегін білдірді.
— Бұрын аптаның барлық күндерінде Жем-Шалқар бағытымен пойыз қатынады. Қазір тек жұмыс күндері ғана жүреді. Соның салдарынан той-садақаға, басқа да жиындарға бара алмай отырмыз. Сол Ембіге апарар пойыз сенбі-жексенбі күндері жүрсе екен. Сосын малымызды суару жағы қиын болып тұр, тіршілік нәрі қат. Билік ұңғыма қазып беруге көмектессе екен, — деп бірнеше бұйымтайын ортаға салды қариялар.
Тұрғындардың ұсыныс-тілегін тыңдаған Оңдасын Сейілұлы аталған мәселелерді аудан әкімі Жанболат Жидехановқа мейлінше шешіп беруді тапсырып, соңғы жылдары облыс бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ аудан әкімі де жыл басталғалы қолға алынған жұмыстар жөнінде жан-жақты есеп берді.
Атқарушы билік өкілдері Шалқар қаласына да соқты. Оңтүстік айналма жолдың орташа жөндеу жұмысы, «Баубек» шаруа қожалығының тынысымен танысты. Кейін күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан №2 мектеп-гимназиясында болып, құрылысшылармен тілдесті. Ғимарат ескі білім мекемесін қалыпқа келтіріп, шатырын жаңартуға облыстық бюджеттен 298 миллион теңге бөлінген. Облыс әкімі мердігер компания — «Иман» ЖШС өкілдеріне жұмысты сапалы әрі ыждаһатты орындауды, мейлінше 1 қыркүйекке дейін тәмамдауды тапсырды.
Сапар барысында 320 орындық жаңа мектептің құрылысы да қаралды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы бітіп тұр. Үш қабатты оқу мекемесі ашылса, сол жақтағы біраз баланың әрі-бері қатынауы да оң шешілмек.

Шалқар көлінің әзірге 45 пайызы тазартылған

Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстары да назардан тыс қалмады. Көл жағасында белсенділермен кездескен облыс әкімі билік пен бұқара бірлесіп мамандардың жұмысын қадағалағанда ғана істің өнімді болатынын атап өтті. Және аталған жоба сәтті жүзеге асса, көлдің орташа тереңдігі 2,11 метрден 3,23 метрге дейін жететіні айтылды.
— Шалқар көлін тазарту 2021 жылдың көктем мезгілінен басталғаны белгілі. Бұл мақсатта 2,5 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Жоба 3 жылда аяқталады деп жоспарланған.
Былтыр қажетті жұмыстардың 45 пайызы орындалды. Қалғанын жыл соңына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Оған мердігердің мүмкіндігі жетеді, — деген облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров алдағы уақытта Шалқар көлінің маңында саябақ жасау жоспарда барын қосты. Бұл тұрғындардың тілегі негізінде іске аспақ.
Эколог мамандар Шалқар көлі өсімдіктер мен жылдар бойы жиналып қалған органикалық заттардан тазартылса, судың гидрохимиялық құрамы жақсаратынын алға тартып отыр. Облыс әкімі де осы жоба ойдағыдай жалғасса, бұның ауданның экологиясына оң әсер етерін тілге тиек етті. Сондықтан құзырлы органдарға, жергілікті билікке мердігерлердің жұмысын ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Ақтөбе-Мұғалжар-Шалқар-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button