Апатты және үш ауысымды мектептер азая ма?

Білім саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі — апатты мектептерді жою. Сондай-ақ үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу де кезек күттірмейді. Біздің облыста осы мақсатта 5 жылдық жұмыс жоспары құрылған. Соған байланысты 2025 жылға дейін 54 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. 2020-2022 жылдардағы жалпы сипаттағы трансферттер есебінен өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге 9,5 млрд теңге бөлінген. Биылға жоспарланған қаражат — 3,2 млрд теңге.
Қазір облыста апатты жағдайдағы 4 мектеп бар. 5 мектептің оқушылары үш ауысымда оқып жүр.
Аталған мектептердің мәселесін шешуде қандай жұмыстар жасалып жатыр? Бұл туралы облыстық білім басқармасы инфрақұрылым және материалдық-техникалық даму бөлімінің басшысы Ләззат Ордабаевамен сөйлескен едік...

Биыл екі апатты мектептің мәселесі шешіледі
— Облыстағы апатты және үш ауысымды мектептердің жағдайы жіті бақылауда тұр. Осы мәселелерді шешу үшін былтыр 5 жылдық жұмыс жоспары бекітілді. Соған байланысты биыл өңірде 11 мектеп салынуы тиіс. Жоспар бойынша келесі жылы — 12, 2024 жылы — 7, 2025 жылы 12 мектеп пайдалануға берілмек, — дейді Ләззат Ордабаева.
Мектеп құрылысы үшін бөлінген қаржы да қомақты. Облыстағы апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін былтыр 2,7 миллиард теңге бөлінген болатын. Биылғы қаржы — 3,2 миллиард теңге.
— Күні кеше ғана Құмжарған мектебінің биыл желтоқсан айында пайдалануға берілетіні белгілі болды. Бұл мектептің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілген болатын. Қазір құжат мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Оның қорытындысы 45 күннен кейін дайын болады. Содан кейін мектеп құрылысы туралы мәселе облыстық мәслихаттың сессиясында қаралады.
60 орынға арналған Құмжарған мектебінің құрылысы созылып кеткені белгілі. Оны салуға «Сауран Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты болған-ды. Дегенмен 4 жыл бұрын басталған құрылыс кейін аяқсыз қалды. «Сауран Инжиниринг» серіктестігіне 95 миллион теңгені мемлекетке қайтаруын міндеттеген сот шешімі шықты. Қазір аталған мектептің құрылысын жүргізетін мердігерді анықтау үшін конкурс жарияланды.
Құмжарған мектебінің ғимараты 1979 жылы салынған. 2017 жылы апатты жағдайда екені анықталды. Төбесі ойылып, ортасына түсудің аз-ақ алдында тұрған бөлмелер бар. Бұл мектептің балалары басқа бөлмелерде оқшауландырылып оқытылып жатыр, — дейді бөлім басшысы.
Қазір негізгі мектепте 57 бала білім алуда. Жалпы 20 педагог еңбек етеді.
Құмжарған — шағын ауыл. Ауылда 70-ке жуық түтін бар. Халық саны — 241 адам.
Ләззат Ордабаеваның айтуынша, Қобда ауданындағы Терісаққан орта мектебі де аппатты жағдайда тұр. Мектептің жобалық қуаты — 320 орын. 1967 жылы салынған ғимаратта қазір 119 бала оқып жатыр.
— Терісаққан ауылында 60 орынға арналған мектеп салынып жатыр. Бұл мектеп те жыл аяғына дейін ел игілігі үшін пайдалануға беріледі, — дейді бөлім басшысы.
Әйтеке би ауданының орталығындағы Комсомол орта мектебі де — апатты мектеп. 1962 жылы салынған мектептің жобалық қуаты — 150 орын. Қазір мұнда 239 оқушы білім алып жатыр.
— Апатты мектептің мәселесін шешу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Соған байланысты 270 орынға арналған жаңа мектеп еңсе көтеретін болады. Мектеп ғимаратының маңында 60 орындық интернат та салынады. Жобаның құны — 2 080,0 миллион теңге. Мектептің құрылысы биыл басталады. Құрылысқа жауапты мердігер мекемені анықтау мақсатында конкурс жарияланды, — дейді білім басқармасының қызметкері.
Облыс орталығындағы Қызылжар орта мектебі де құлаудың аз-ақ алдында тұр.
— Қазір 320 орынға арналған жаңа мектеп құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға 15 миллион теңге бөлінді. Бұл құжаттар толық дайын болғанда жаңа құрылысты бастауға ұсыныс беріледі, — дейді Ләззат Ордабаева.
Оның айтуынша, өңірде құжаты ресми тіркелмеген тағы бір апатты жағдайдағы мектеп анықталды. Бұл мектеп Мұғалжар ауданындағы Теміркөпір ауылында орналасқан.
— Теміркөпір бекетінің перспективалық даму қарқыны орташа. Мұнда 200-ден астам адам тұрады.
Аталған ауылдағы №59 бастауыш мектебі 1938 жылы бой көтерген. Қазір мұнда 22 бала оқып жатыр.
2018 жылы Теміркөпір ауылына 60 орындық негізгі мектеп құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген болатын. 2019 жылғы мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысында «Сақ Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болды. Алайда былтыр «Сақ Групп» серіктестігі құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мектепті салудан бас тартты. Қазір аталған жобаның жобалау-сметалық құжаттамасына түзету жүргізіліп жатыр. Құжаттар дайын болғанда жаңа құрылыс салуға ұсыныс беріледі.
Айта кету керек, аталған ауылдың маңындағы Сағашилі елді мекеніндегі орта мектепте Теміркөпір ауылының 32 оқушысы білім алуда. Олар Сағашилі мектебінің интернатына орналастырылды. Былтыр желтоқсан айында балаларды тасымалдау үшін аталған мектепке жаңа автобус берілді, — дейді Ләззат Ордабаева.
Батыс-2 шағын ауданында екі зәулім мектеп ашылады
Облыста 5 мектептің оқушылары үш ауысымда оқып жатыр. Оның төртеуі — Ақтөбе қаласында, біреуі ауданда орналасқан. Облыс орталығындағы №12 мектепте 754 оқушы білім алуда. Аталған мектептің маңынан қосымша құрылыс жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Жобаның құны — 516,9 миллион теңге. Құрылыс салу үшін қаражат бөлу туралы ұсыныс берілген.
Ақтөбе қаласындағы №60 мектептің жанынан да 600 орынға арналған қосымша құрылыс салу жоспарланып отыр. Қазір құрылыс жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Аталған мектепте 3880 бала үш ауысымда оқуда.
— Ақтөбе қаласындағы Ұзақбай Құлымбетов атындағы №64 мектепте де оқушылар үш ауысымда оқытылып жатыр. Мұнда 1810 оқушы білім алуда.
Жалпы Батыс-2 шағын ауданында халық саны жыл сайын көбейіп келеді. Бұл ауданда жаңа тұрғын үй құрылысы көп салынуда. Демек, жақын болашақта мұнда да қоныстанушылар бұдан да көбейе түседі.
Аталған шағын аудандағы мектептегі орын тығыздығы мәселесін шешу үшін үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнда бір емес, екі зәулім мектеп салынатын болады. Олардың әрқайсысының сыйымдылығы 1200 орындық болады деп жоспарланып отыр. Мұның бірі — мемлекеттік мектеп, екіншісі жеке мектеп болады. Жеке мектепті өңірге белгілі кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағамбетова салып жатыр. Ал мемлекеттік мектептің құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өткізілуде. Сөйтіп, 1,5-2 жылда Батыс-2 шағын ауданында заман талабына сай жабдықталған еңселі білім шаңырақтары ел игілігі үшін пайдалануға берілетін болады, — дейді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, Ақтөбе қаласындағы №73 мектептегі орын тығыздығы мәселесі Есет батыр тұрғын үй алабының №4шағын ауданындағы жаңа құрылыстың есебінен жартылай шешіледі. Қазір аталған шағын ауданда 900 орындық мектеп салынып жатыр. Бұл нысанды жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қызылжар ауылындағы апатты мектептің орнына салынатын жаңа ғимарат пайдалануға берілгенде №73 меткептің үш ауысымдылық мәселесі толық шешілмек.
Үш ауысымда білім беретін 5 мектептің біреуі Шалқар қаласында орналасқан. Қазір мұнда 320 орынға арналған мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Соның арқасында №5 мектеп-лицейдің мәселесі шешіледі. Жаңа нысан жыл аяғында пайдалануға беріледі.
— Жалпы, биыл 13 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 11-і осы жылы аяқталады.
Жыл соңында үш ауысымды мектептің біреуі қалыпты оқытылады. Қалған үш ауысымды 4 мектептің мәселесі (№12, №60, №64, №73 орта мектептер) кезең- кезеңімен 2023 жылға дейін шешілетін болады, — дейді Ләззат Ордабаева.
Облыста ескі құрылыс материалдарынан салынған 41 білім шаңырағы бар. Оның 24-і — саманнан, 13-і — ағаштан, 4-еуі қамыстан тұрғызылған. Өңірдегі ең ескі мектеп Шалқар ауданында орналасқан. Бұдан 118 жыл бұрын бой көтерген Қарашоқат орта мектебінде 120 бала білім алуда. Қазір бұл мектептің орнына 120 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Қызылжар мектебі қашан салынады?
Ашылғанына 15 жыл да болмаған мектеп неліктен апатты жағдайда тұр?
Өңірдегі 4 апатты мектептің біреуі бұдан 15 жыл бұрын пайдалануға берілген. Былтыр күзде Ақтөбе қаласында орналасқан Қызылжар мектебінің апатты екені ресми түрде дәлелденген. Наурыздан бері мектеп жабық тұр. Мұндағы барлық бала Қарғалыдағы М.Арын атындағы білім шаңырағында оқып жатыр.
Біз Қызылжар мектебінің директоры Рай Нұрғалиевпен әңгімелесіп, апатты жағдайдағы білім шаңырағындағы оқу процесінің қалай ұйымдастырылып жатқанын, мәселені шешуде қандай жұмыстар қолға алынғаны туралы білген едік. Сонымен…
17 жылдан кейін жалғасқан құрылыс
Қаланың іргесіндегі Қызылжар ауылындағы екі қабатты білім мекемесінің ғимаратын аралап көрдік. 2007 жылы ашылған апатты жағдайдағы мектепте қайбір сән болушы еді, қабырғалар арасында жарық пайда болған, әбден тозығы жеткені соншалық —едендегі тас плиталар да ортасынан бөлініп, арасынан жертөле көрініп тұр. Тіреуі кеткендіктен едендегі плиталар да бір бағытқа қарай «қозғалып», ұзына бойы біршама жарық пайда болған. Мектептің екінші қабатына бұдан 5 жыл бұрын үлкен тіреу орнатылыпты. Қазір ол да құлаудың аз-ақ алдында тұр.
— Бұл ғимараттың құрылысы негізі 1990 жылы салынып басталыпты. Дегенмен кеңес өкіметі құлағаннан кейін құрылыс аяқсыз қалған. Нысанның іргетасы құйылып, төрт қабырғасы көтерілгенмен, төбесі жабылмаған күйі қалған. Содан бұл жер ауыл балаларының ойын алаңына айналған. Үйсіз-күйсіз жандар осында паналаған. Сөйтіп, арада 17 жыл өткеннен кейін құрылыс қайта жалғасады. Шатыры бүтінделіп, ғимарат ішіне сылақ жүргізіліп, әктеліп, пайдалануға беріледі. Алайда сонша жыл бойы күтімсіз, қараусыз, аяқсыз қалған нысанның құрылысы қайта жалғасқанмен, жаңадан салғандай сапалы болмайды. Өйткені нысанның негізі — іргетасы, басқа да бөліктері жауын-шашын мен қалың жауған қардың салдарынан да ескіріп, тоза бастайтыны анық. Пайдалануға берілгеніне 15 жыл да болмай жатып, ғимараттың апатты жағдайда тұрғаны соның дәлелі.
Бұл ғимараттың әу баста қандай мақсатта салынғаны да бізге беймәлім. Мектеп ретінде салынбағаны құрылыстың жалпы жобасынан аңғарылады. Ғимараттың екі қабатының да төбесі өте аласа. Соның салдарынан кейбір нәрселерді мектептің биіктігіне қарай бейімдеп, кесіп, қайта қалпына келтіріп, ыңғайластырып қоюға тура келді.
Жақтауларда, қабырғаларда, тіпті еденде де жарықтар өте көп. Пандемия кезінде ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражат есебінен кабинет ішіндегі жарықтарды өзімізше бітеген болып, сыртын сылап, жаңартып көргенбіз. Дегенмен мектепке балалар қайта оралғанда сылақтарымыз түсіп қалды. Өйткені еден мен қабырға бір-бірімен байланысты болғандықтан бітеген жырықтың үстіндегі сылақ балалардың қозғалғанына, ойнап, жүгіргеніне шыдас бермеді. Жаңбырлы күндері жағдайымыз тіптен қиын болады. Шатырдағы су жертөледен бір-ақ шығады, — дейді мектеп директоры Рай Нұрғалиев.
Сең қалай қозғалды?
Рай Нұрғалиев бұл мектепке 2019 жылдың желтоқсан айында директор болып тағайындалыпты. Ғимараттың әбден тозығы жеткенін бірден аңғарып, салынғалы күрделі жөндеу жүргізіліп көрмеген мектепті жаңартуға, жаңа мектеп салуға күш салады. Ғимараттың апатты жағдайда тұрғанын жоғарыдағы басшыларына қайта-қайта айтып, талай рет хат та жазыпты. Дегенмен сең бірден қозғала қоймапты.
— Биылғы оқу жылында өңірдегі 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды. Соның бірі біздің мектеп болатын. Бұл мақсаттағы жұмыстар үшін бюджеттен 320 миллион теңге бөлінетін болды. Дегенмен бұл мектептің мәселесі күрделі жөндеу жасаумен шешіле қоймайтынына көзім әбден жетті. Заңдылық бойынша мектепке күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін де нәтиже болмай, ғимарат құлайтын болса, онда мен жауапқа тартыламын. Сол себепті бұл ғимараттың жағдайы күрделі жөндеуге жата ма, жатпай ма, алдымен соны анықтау керек болды. Сөйтіп, былтыр күзде құрылыс сапасына арнайы сараптама жүргізетін мекемеге 1,5 миллион теңге бөлініп, аталған мекеме мектептің құрылысын жан-жақты зерттеді. Олар жердің астын қазып, геологиялық сараптама да жүргізді. Зерттеу жұмыстары бір айға созылды. Қорытындысында, мектепке күрделі жөндеу жүргізу негізсіз екені, ғимараттың апатты жағдайда тұрғаны анықтады. Содан кейін мектептің апатты жағдайда екенін ұлттық білім беру деректер қорына тіркедім. Осы кезден бастап ғимараттың оң және сол жақ бөліктеріндегі бірнеше кабинет жабылды. Тек алдыңғы бөліктегі 12 кабинетте ғана сабақ өткізілді. Сөйтіп, 26 сынып-комплекттің оқушылары үш ауысымда оқыды.
Кейін санитарлық қадағалау департаментінің мамандары мектепке тексеру жүргізді. Олар бұл ғимаратта жұмыс жасау өрескел қате екенін айтып, мұнда сабақ өткізбеу туралы шешім шығарды. Содан бері, яғни 4-оқу тоқсанынан бастап балаларымыз Қарғалыдағы Мұхтар Арын атындағы қазақ орта мектебінде оқып жатыр. Негізгі сабақтар ғана өткізіледі. Қалған сабақтар онлайн режимінде ұйымдастырылуда. Қалалық білім бөлімінің шешімімен оқушылардың тасымалы үшін арнайы қаражат бөлінді. Мектептің 3 автобусы бар еді, оған қоса 4 автобусты жалға алып отырмыз. Оқушылар түстен кейінгі кезеңде екі ауысымда оқуда (1-кезеңде аталған мектептің өзінің балалары білім алады).
Айта кету керек, осы жағдай ескеріліп, біздің мектептің оқушылары оқу жетістігін сырттай бағалау сынағынан босатылды, — дейді мектеп басшысы.

Тұрғындар тілегі орындалды
Қазір Есет батыр тұрғын үй алабына қарасты №4 шағын ауданда жаңа мектеп салынып жатыр. 900 орынға арналған бұл мектептің құрылысы да жылдарға созылып кеткені мәлім. Алдағы оқу жылында Қызылжар мектебінің оқушыларын сол мектепке оқыту жоспарланыпты.
Бүгінде Қызылжар мектебінде 600-ге жуық бала оқып жатыр.
— Соңғы үш жылдың ішінде біздің мектептегі бала саны 3 есеге көбейді. Мұның бір себебі тұрғындар санының артуынан болса, екіншісі, мектепке тасымал ұйымдастырылғанына байланысты болып отыр. Қазір мектепте Қызылжар ауылының балаларымен бірге Есет батыр тұрғын үй алабындағы №3, №4 шағын аудандардың, Қызылжар-3 ауылының, сондай-ақ осы маңдағы саяжай бірлестіктерінің балалары да оқиды, — дейді Рай Нұрғалиев.
Жалпы мектепте 75 адам еңбек етеді екен. Оның 45-і — педагог. Қарғалыдағы мектепке көшкенде оқушылар тасымалын ұйымдастыру үшін қосымша мамандар жұмысқа алыныпты.
Директордың айтуынша, мектептің материалдық-техникалық базасы жақсы. Компьютермен қамтылған.
— Пандемия кезінде 80 компьютер алынды. 2020 жылы мамыр айында физика, химия, биология кабинеттерін заман талабына сай жабдықтадық.
Алаңдайтын мәселе, 1-сыныпқа қабылданып жатқан оқушы саны аз. 1-сыныпқа қабылдау сәуірдің 1-інен бастап жүргізіліп жатыр. Құжат қабылдау тамыздың 1-і күні аяқталады. Мектепалды даярлық тобында 60 бала оқуда. Дегенмен өтініш білдіргені — 17 ата-ана. Мұның бәрі тұрақты баспанамыз болмағанның кесірінен болып отыр.
Мектептегі оқу сапасы жақсы. Жыл сайын біздің мектептен 2-3 «Алтын белгі» иегері шығады, — дейді мектеп директоры.
Мектеп апатты жағдайда екені анықталғаннан кейін облыстық білім басқармасының, қалалық білім бөлімінің басшылары келіп тұрғындармен кездесу өткізіпті.
— Тұрғындардың өтініш-тілектері ескеріліп, апатты мектептің орнына жаңа мектеп салынатын болады, — дейді Рай Нұрғалиев.
«Бізге өз мектебіміз ұнайды. Балаларды басқа мектепке бергіміз келмейді. Әзірге балаларымыз Қарғалыдағы Мұхтар Арын атындағы мектепте қатынап оқып жатыр. Оқушылар тасымалы ұйымдастырылып, балаларымызды мектеп автобусы үйдің қасынан алып кетіп, үйге алып келеді. Қазіргі жағдай — уақытша қиындық. Дегенмен мектебіміздің құрылысы тезірек басталып, мәселе толық шешілсе екен», — дейді ата-аналар.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



