Басты жаңалықтарМәселе

Көктемгі жаңбырды жер ырысына айналдыра аламыз ба?

Биыл облыстың барлық өзен-көлі суға толды. Бірнеше жыл бойы құрғақшылықтан тартылып, кеуіп қалған көлдер арнасынан асты. Қар суын реттеп, шаруашылыққа пайдалану — әуелден бар тәжірибе. Алайда сарқырап аққан сол судың пайдасын биыл көре аламыз ба? 

Ақтөбе облысында 500-ге жуық көл бар екен. Ал ірілі-ұсақты өзендер саны шамамен 175-тен асады. Ұзындығы 200 шақырымнан асатын 8 өзен бар. Бір қызығы, сол өзендердің барлығы облыс аумағынан сыртқа қарай ағады. Ор, Жем, Сағыз, Елек, Қауылжыр, Ойыл өзендері Мұғалжар тауларынан келетін бұлақ суларымен қоректеніп, көктемгі қар суымен толығады. Көктем айларында өткел бермей тасығанымен, жаз ортасында ағысы баяулап, саяздана бастайды. Сондықтан облыс аумағындағы өзендердің су қоры өте аз. Тек қар, жауын-шашын есебінен ғана ағысын жалғап отырады.

Былтырға дейін өзен-көлдері тартылып, судың тапшылығын мықтап көрген Ойыл, Байғанин, Шалқар, Ырғыз және Темір аудандары үшін өзен суларының маңызы өте зор.

Биыл ше?

Қиыл құйды, Ойыл толды

Өткен жылы ғана газетімізде «Ойыл ортайды, Қиыл құймады», «Ойыл қайда, су қайда?» деп мақала жазып едік. Бір жылдың ішінде жағдай да, тақырып та жоғарыдағыдай өзгерді. Былтыр бірнеше жылғы құрғақшылықтың салдарынан Ойыл өзені тартылып, ағысы үзіліп қалды. Өзен жанашырлары дабыл қағып, мәселе министрлікке дейін жетті. Бұлақтың көздері ашылып, бөгеттерге тексеру жүргізілді. Қаншама бұлақтың көзі ашылып, бөгеттер бұзылса да, өзеннің суы молаймады. Демек, барлық өзен қар суына тәуелді. Биыл оған толық көз жетті. Ойыл ауданындағы барлық көл табандарына су шықты. Қиылдың арнасы да солай. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, су бұлай тек 1993 жылы ғана келген. Ойыл ауданында «Тамдыкөл» және «Қиыл-Тассай» суландыру жүйесі бар. Осы екі су реттегіші арқылы алқаптарға су жіберіледі. Екеуі де суды сақтамайды. Тек су ағысын бақылап, жиналған судың көлеміне қарай өткізіп тұрады. Бірақ биыл Ойыл өзені  біраз қауіп төндіріп, кейбір дамбыларды қолмен бұзуға тура келген. Өйтпеген күнде су ауылға кіреді. Қазіргі таңда Қобда мен Ойыл аудандарында су жетіспеушілінен мәселе жоқ. Жеткілікті.

Сағыз қайда, Жем қайда?

Он-он бес жылдан бері тасымаған Жем мен Сағыз өзені биыл біраз асаулық көрсетіп барып басылды. Қазір ағысы баяулаған. Жем өзені Байғанин ауданының 110 шақырымын кесіп өтіп, Абай, Жарқамыс, Миялы ауылдарын аралап ағады. Ал Сағыз өзені Қопа мен Алтайды іргелейді. Қос өзеннің биылғы тасуы өзен жағалаған жұртты қуантты. Байғанин жері қырлы-таулы болғандықтан, өзендердің көп жайылмасы үлкен емес. Яғни ол жақта көл табандары аз. Байғаниндіктер үшін өзен суының тереңдеп, бір тазарып өткені үлкен олжа.

Дегенмен жаз ортасы болмай жатып-ақ екі өзеннің суы  тартылып қалған. Бастауын Мұғалжар тауынан алатын Жемнің жағасы жайпауыт тартты. Ал Сағыз саязданып барады. Осы жерде су шаруашылығы мамандарының пікіріне сүйенсек, Мұғалжар тауының маңынан ірі су қоймасын салу керек. Сол кезде таудан аққан су жиынтығы Жем, Ойыл арқылы Атырау облыстарына бірден ағып кетпей, ірі көлге айналар еді де, жазда бірнеше рет өзендердің ағысын еселеп отыруға болар еді. Алайда бұл да болашақтың еншісінде тұрған жоба.

Шалқар көлі көтерілді

Жалпы аумағы 900 гектар, суының сыйымдылығы 20 миллион текше метр Шалқар көлінде былтыр 3 миллион текше метр ғана су қалған еді. Оның үстіне былтырдан бері көл тазарту жұмысы жүріп жатыр. Су астындағы 1 метрдей тұнған лайы алынса, көлдің деңгейі жағалаудан қаншалықты қашықтап кететінін елестете беріңіз. Бірақ биыл Шалқар көлі суға толды. Былтыр күзде Қауылжыр өзенінің бітеліп қалған жерлерін қаздырып, суағар жасалған. Себебі жоғарыдан келген судың 70 пайызы  сол жерге жайылып, көлге 20-30 пайыз бөлігі ғана жететін. Ал биыл сәуірдің 4-і күні су келіп, әлі ағып жатыр. Бірақ бастапқыдай емес, қазіргі ағысы көлдің суын көбейтпейді.

Көл толып болды. Енді азая береді. Себебі судың сіңуі, көл тазарту жұмыстарындағы су шығындары және булану бар.  Жылда Шалқар көліне су 10-15 күн ғана ағатын. Биыл айдан аса уақыт өтті. Шалқар көліндегі су деңгейі 2 метр 20 сантиметрге көтерілді. Қазіргі таңда көлде 16 миллион текше метр су бар. Бұл күткен межеден жоғары болды, — дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров.

Көл әбден толған жағдайда су өткізгіштер арқылы Көне Шалқар, Дәрібай көлдеріне жіберіледі. Биыл Қопасордағы Жомарт көлі де суға толған.

Алайда бұл «көл толды, жұмыс бітті» деген сөз емес. Көлді қорғау жұмыстары келесі жылы да жалғасын табуы тиіс.

Былтырғы қазылған суағарды әлі де 150 метрдей ұзарту керек. Ал енін 3-4 метрге кеңейтіп, су жайылмайтындай жасалса, бұдан да мол су келеді. Көлді тазартушылар астындағы лай төгілген жерді жабуға тиіс. Таза топырақпен жабынды жасауды сұраймыз. Ашық жатқасын кеуіп, топырақ шаңға айналып, тұрғындарға зиянын тигізуде. Көл жағасында шаруашылықтар көп. Бәрі де бау- бақша егеді. Бірақ жерлеріне мал бағып отыр. Онымен қоймай, жекенің малын қосып отырғандар да бар. Ал көлдің жағасы жазда малға толып тұрады. Көлді адам тазартқанымен, мал ластап жатса, не пайда?.. Осы мәселені біржақты шешу керек, — дейді шалқарлық белсенді Ерлан Әбдікәрімов.

Ырғыз — ырысты өзен

Үлкенді-кішілі 90-нан аса көлі бар Ырғыз ауданы суының көптігімен ерекшеленеді. Олардың 29-ы — Ырғыз, 54-і — Торғай, 12-сі Өлкейік өзендерінің көктемгі тасқын суымен толығады екен. Ауданның 61128 гектарын су алқабы алып жатыр. Бірнеше жыл бойы өзендердің тасымауынан көлдер тартылып қалған. Соның салдарынан құстар азайып, киіктер өрісін өзгертіп, жабайы шошқалардың қарасы да күрт кеміген. Биыл Ырғызға мол су келіп, «Ақши» суландыру жүйесіндегі «Жарқын» бөгеті толды. Көтерілген су Ырғыз-Нұра көтерме жолына тірелді. Жайылған су  өткізгіштер арқылы Аманкөл ауылына қарай құйды. Сонымен қатар Телқара өзені арқылы Нұра жаққа ақты. Соған қарамастан, Ырғыз ауданының бірнеше ауылына су жетпей қалған. Шалғайдағы 7 елді мекен мен ондағы шаруа қожалықтары су тапшылығын сезініп отыр.

Құтикөл, Құйылыс, Жайсаңбай ауылдарына Ырғыз өзенінің суы жеткен жоқ. Өзен Ырғыз ауылы тұсында 35 сантиметрге ғана көтерілді. Өзенге келер суда кедергі көп екенін білдік. Әйтеке би ауданында Талдысай ауылының тұсында ірі бөгет бар. Су 3-4 метр биіктікке қойылған екі су өткізгіш құбыр арқылы өте аз мөлшерде ағады. Бұл жерден арнайы дамбы соғып, шағын су қоймасы жасалған. Ырғыз өзеніне құятын Тікбұлақ  саласынан бітеу бөгет салынып, жасанды су қоймасы жасалған.  Бөгеттердің жұмыс істеуі заңға сай келмейді. Суды жоғарыдан бөгемей, табиғи су қоймаларын толтыруымыз қажет, — дейді ырғыздық табиғат жанашыры Мереке Жұбанияз.

Су қоймасы қалай салынады?

Қалай десек те, келген суды пайдаға жаратуда олқылықтарымыз байқалып жатыр. «Бұрынғы кеңшар кезіндегі лиманды алқаптарды түгел қалыпқа келтіру керек. Сол жүйе заңды әрі дұрыс», — дейді мамандар. Себебі бірнеше су қоймасы жарамсыз болып қалған.

Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әнуарбек Бермағамбетовтің айтуынша, су тапшылығын болдырмау мақсатында Ақтөбе облысында 5 ірі, 10 шағын су қоймасын салу жоспарланды. Оның  жобалық-сметалық құжаты жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр.

Облыс әкімі әр ауданнан кем дегенде шағын 3 су қоймасын салуға тапсырма берді. Қазіргі таңда бұл жұмыстарды жүзеге асыру шаралары жүргізіліп жатыр. Шағын су қоймасын салу — бөгет салып, бітеп тастау емес. Оған арнайы мамандар мұқият зерттеу жүргізеді. Орын дайындалады. Су сақталатын жердің асты таза, су сіңбейтіндей болуы керек. Сонымен қатар су жиналатын алқапта ескі қорымдар, молалардың жоқтығына әбден көз жеткізіледі. Су қоймасын салу үлкен жауапкершілік пен тәуекелді талап етеді. Құрылыс сапасы мықты болуға тиіс. Өйткені су қоймасы жарылып кетсе, маңындағы ауылдарға, адам өміріне, малға  қауіп. Сондықтан су қоймаларын салғанда мамандар жеті рет өлшеп, бір рет кеседі, — дейді басқарма басшысы.

Су қоймасы, тоғандар салу керек десе, соның кесірінен өзендер тартылып қалады деп өре түрегелетіндер бар. Ойыл өзенінің жанашырлары өзен бойындағы барлық бөгеттердің бұзылуын талап етіп, бірнеше рет мәселе көтерді. Бірақ бөгеттердің бәрі жұмыс істеп тұрған жоқ. Заңды салынғандары болмаса, көбінің су ұстау қабілеті болмай шықты. Ал заңсыз бөгелген жерлер бұзылды.

Жоғары жақтан тоған саламыз десе, төменгі ағыстағы ауыл тұрғындары судың бәрін ұстап қалады деп ойлайды да, қарсы болады. Бірақ олай емес екен.

Бұл туралы инженер-гидротехник, су шаруашылығы маманы Хобдаш Бултеев былай түсіндіріп берді:

— Ақтөбе облысындағы өзендердің жағдайы қар суына тікелей тәуелді. Өзен суларының 95 пайызы қар, жауын-шашынмен толықса, жердегі өз ылғалы — 5-ақ пайыз.    Өзен-көлдердің  суы 1 метр тереңдікке дейін буланып, азайып кетеді. Сондықтан қар суынан жиналған суды сақтап, шаруашылыққа пайдалану керек. 2020 жылы Атырау облысынан Ойыл өзені мәселесі бойынша экспедиция құрылып, тексеру жүргізді. Сонда комиссия бұрынғы кеңшардың кезінде салынған бөгеттердің бәрін заңсыз деді. Бұған келіспеймін. Сол бөгеттерде көп су да болмайды. Бар болғаны 2-3 шақырымға ғана ағады. Сай-саладағы бөгеттердің өзендерге әсері жоқ. Одан өзен суы азайып не көбейіп кетпейді. Ақтөбе шөлейтті облысқа жатады. Керісінше, су қоймаларын көптеп салып, көздерін көбейту керек. Бар суды батысқа қарай ағызып жібергенде, не ұтамыз?.. Ол су ағып, айдалаға сіңіп кетеді. Тағы айтамын: Өзендер жаз бойы тасымайды ғой. Бір апта ғана қар суымен деңгейі көтеріліп, қатты ағысқа ұласады. Одан кейін бітті — ақты, кетті. Қайта су қоймасын көбейтіп, қар суын көптеп жинап алса, жаз бойы ретімен жіберіліп отырады. Ал қазір көктемгі нөпір су қайда? Бір тамшысы да жоқ. Егер соларды ұстап, жинап алғанда, күзге дейін бірнеше рет толықтырып отырар едік. Ақтөбе облысында салынатын су қоймаларының жобасымен танысып шықтым. Кейбір жобалар қайта қарауды қажет етеді. Су қоймаларын барынша жоғары жақтан салуымыз керек, — дейді ол.

Сонымен, су қоймасының пайдасы өте зор екеніне көз жеткіздік. Ақтөбе қаласында әзірге 3 ірі су қоймасы бар. «Қарғалы» су қоймасында қазір 161 миллион текше метр су жиналып тұр. Негізгі сыйымдылығы 280 миллион текше метр су қабылдай алады. Ал «Ақтөбе» су қоймасының биылғы үлесі — 90 пайыз. Ондағы су көлемі 218 миллион текше метрге жеткен. «Сазды» су қоймасы биыл 100 пайызға толған. Шағын болғанымен, онда қазір 7,5 миллион текше метр қар суы бар. Міне, қоймадағы су жаздай өзендерге жіберіліп тұрады. Ал осындай тағы 10 су қоймасы болса,  су далаға ағып кетпес еді. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

P.S. Көктемгі аз күн қарбаласта су келді деп байбалам салғанымызбен, жаз бойы сусап отырамыз. Табиғаттың сыйын — жаңбыр суын жердің ырысына айналдыра алмай отырмыз. Біздегі  өзендер бөгеттердің, тоғандардың, су қоймаларының көптігінен тартылмайды. Сол өзенге түскен қар суының түгел ағып, құмға сіңіп кетуімен жоғалады. Ал су қоймалары өзенді сақтаушы қор болмақ. Тек қаражат керек…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button