АуылБасты жаңалықтар

Қызылсуда ауылым

Облыста Тәуелсіздік жылдарында еңсесін тіктеген ауылдардың  саны көп. Бірақ әлі де жолы нашар, Мәдениет үйі қаңырап тұрған, бірде-бір көшесіндегі жолы асфальтталмаған, балалар ойнайтын алаңы жоқ ауылдар да бар. Облыстың күретамыры саналатын Хромтау ауданының солтүстік-шығысында орналасқан Қызылсу ауылы — сондай ауылдардың бірі. Хромтау қаласынан 35 шақырым қашықтықта жатқан ауыл кезінде өрісі малға толы ұжымшарлардың бірі болатын. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау бұл ауылды да айналып өтпеді. Шөбі шүйгін, жері құнарлы өлкенің тұрғындары да тірліктің көзін іздеп, туған ауылынан үдере көшті.

Ауылдың бүгінгі тіршілігінен сол жылдардың ізі әлі күнге дейін байқалады.

Көпірдің «жыры» биыл аяқталады

Қызылсу ауылында бүгінде 300-дің үстінде адам тұрады. Тұрғындардың бір бөлігі бюджеттік мекемелерде жұмыс жасаса, енді бір тобы вахталық әдіспен еңбек етіп жүр. Егін салып, мал өсіріп отырған 10-нан астам шаруа қожалығы бар. Бұл ауылдың тұрғындары күл шығарып, көмір тасудың не екенін осыдан 30 жыл бұрын ұмытқан. Көгілдір отын 90-шы жылдардың басында жеткен ауылда ауызсудан да тапшылық жоқ. Ауызсу әр үйдің ішіне дейін кіріп тұр. Ұялы байланыс желісі де жақсы ұстайды. Бірақ ауыл тұрғындарын осы уақытқа дейін округтің орталығы Сарысай мен Қызылсу ауылдары арасындағы 12 шақырымдық грейдер жолы діңкелетіп келген болатын. Жаз шығып жаңбыр жауса, қыс түсіп қар жауса екі аралықтағы қатынас тоқтайды. Қыс айларында тұрғындардың апталап аудан орталығына жете алмаған күндері де болады. Ауыл тұрғындарының көктем келген сайын да берекесі кетеді. Ылдида орналасқан қызылсулықтар үшін басты қорқыныш — Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты Мұғалжар лагері жағажайы және сол маңдағы бөгеттің артық суының көктемде Қызылсу өзеніне келіп құйылуы. Өйткені тасыған су ауылға апаратын жалғыз жолдың бойындағы өткелді бұзып, тағы да қатынасты шектейді.

Қысқасы, бұл ауылдың тұрғындары жылдың төрт мезгілінде де жолдың тілегін тілеп отырады. Биыл сол көптің тілегі орындалып, ауылға баратын жол жөнделіп, көпір салынғалы жатыр.

Ұзындығы 12 шақырым болатын жолды «Абай Б» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндейді. Ал көпірді «СК Виктория» компаниясы салады. Қазір мердігерлер жұмыстарын бастады. Жоспар бойынша жол жөндеу жұмыстары да, көпір құрылысы да қазан айының соңына дейін аяқталуға тиіс, — деді Хромтау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің міндетін атқарушы Есет Мұхамбетқали.

Көше жолдары жөнделе ме?

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудандарға жұмыс сапары барысында әкімдерге «Жылына әр елді мекеннің 1-2 көшесін асфальттауға күш салсаңдар, қызметтеріңді тапсыратын уақытта аудандағы барлық көшені асфальттап тастайсыңдар», — деген сөзді жиі айтады. Бірақ осы уақытқа дейін Қызылсудың 5 көшесіндегі жолдың біріне де асфальт жабындысы төселген жоқ. 2016 жылы ауыл ішінде ауызсу құбырларын тарту үшін жер қазылған тұста тозығы жетіп тұрған көшенің тас-талқаны шықты. Қазір жаз шығысымен ауылдың көшесіндегі шаңы аспанға көтеріліп, жаңбыр да батпақ болады. Ауыл әкімінен көшелер қашан жөнделетінін сұраған едік, сөзінен ұққанымыз — ауыл ішіндегі жолдарға әзір асфальт төселетін түрі жоқ сияқты.

— Бірінші ауылдық округпен екі ортадағы жолдың жайын шешіп алсақ, алдағы уақытта қаражатқа байланысты бұл мәселені де қарайтын боламыз, — деп қысқа қайырды.

Айтпақшы, биыл ауыл көшелеріндегі бағандарға энергия үнемдеуші шамдар орнатылады. Ауыл әкімі Алмат Күшмағамбетов 35 жаңа шам алып қойғанын айтты. Жұмыс осы айда басталуға тиіс.

Ауылдағы тағы бір жаңалық: Наурыз айының басында ауыл әкімінің бастамасымен  қоғамдық кеңес құрылған. Құрамында ауылдың алты белсенді азаматы бар. Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселені қозғап, халықтың мұң-мұқтажын тиісті орындарға жеткізетін кеңестің құрылғанына ауыл тұрғындары да қуанышты. Кеңестің төрағасы ретінде сайланған ауыл тұрғыны Талғат Құрманғалиев тұрғындардың талап-тілектерін билікке жеткізуде тайғанақтық танытпауға тырысатындарын айтты.

 — Барлығымыз осы ауылда туып-өстік. Ауылдың жағдайын бес саусағымыздай білеміз. Бүгінге дейін ауылдағы шешімі табылмай жүрген өзекті мәселе жол жайы болды. Биыл жөндеу жұмыстары басталып, тұрғындар көңілі орныққандай. Бірақ ауыл болған соң керек нәрсе көп. Қазір көптеген ауылдарда жаңа спорт алаңдары пайдалануға беріліп жатыр. Біздің ауылға да футбол ойнайтын алаң, хоккей корты, воркауд алаңдары салынса жақсы болар еді. Бұл мәселені демеушілердің көмегі арқылы шешуді қарастырып жатырмыз, — деді ол.

Мәдениет үйі жоқ мәдениетті ауыл

Бұрын ауыл тұрғындары кешкі малын өрістен күтіп алған соң бір мезгіл таза киімдерін киіп, клубқа баратын. Аптаның бір күнінде үлкен залда отырып кино тамашалайтын. Ауылда Мәдениет үйі болған соң күнде болмағанмен жылына, айына бір рет облыстан, аудан орталығынан әншілер келіп тұратын. Ол күндердің бәрін қызылсулықтар қазір сағынышпен еске алады. Ал 2000-шы жылдардан бері қарай дүниеге келген балалар үшін ол тіпті аңыз әңгіме сияқты. Өйткені ауылдағы екіқабатты Мәдениет үйі іші қоқысқа толған иесіз ғимаратқа айналды.

2019 жылы «ЮЖПРОМСНАБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары басталғанда ауыл тұрғындары бөріктерін аспанға атып қуанған болатын. Сол жылы Мәдениет үйінің ішін тазалау жұмыстары жүргізіліп, төбесі жабылды. Ал 2020 жылы терезесі мен есігі салынды. Бірақ тұрғындардың бұл қуанышы ұзаққа бармады. Құрылыс жұмыстары аяқталмай қалды.

Қызылсу ауылындағы клубтың жайын қоғам белсенділері әлеуметтік желілерде де талай мәрте көтерді. Бірақ баяғы жартас ؅— бір жартас. Өзгерген ештеңе жоқ.

— Бұл мәселе бойынша қоғамдық кеңестің мүшелерімен бірге көктем айында Қызылсудағы Мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын бастаған «ЮЖПРОМСНАБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директорына жолықтық. Компания басшысы маусым айында қайтадан келуімізді сұрады. Серіктестік әзірге ешқандай уәде беріп тұрған жоқ. Барлығы қаражатқа келіп тірелетінін айтты. Бұйырса, маусым айындағы кездесуден соң белгілі болады, — дейді ауыл әкімі Алмат Күшмағамбетов.

Мамырдағы Наурыз тойы

Ынтымағы мен ауызбіршілігі жарасқан қызылсулықтар биыл Наурыз тойын ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Ауа райының жылынғанын күткен ауыл бұл мейрамды мамырда тойлады. 7 мамыр күні ауыл тұрғындары Қызылсу өзенінің арғы бетіне ақшаңқаң киіз үйлер тігіп, дүбірлі той жасады. Бұл тойға жергілікті тұрғындармен қатар ауылдың байырғы көшіп кеткен азаматтары да бір кісідей атсалысып қатысты. Өйткені бұл — ауыл тұрғындарының Тәуелсіздік жылдарында жасаған ең үлкен тойларының бірі болатын.

Бұл күні ауыл сыртында 3 киіз үй тігілді. Сахна құрылып, мерекеге сай безендірілді. Ұлттық нақышта киініп, қазан-ошақтың басында жүрген ауыл келіндері мейрам тойланып жатқан алаңды тіпті құлпыртып жіберді. Қызылсу аспанында әсем сазды ән әуелеп, қос бұрымы өрілген ауылдың қыздары қазақтың ұлттық билерін биледі. Шара барысында ұлттық қолөнеріміз бен әдет-ғұрпымыз насихатталып, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті. Аудан тұрғындары арқан тартысып, қой көтеріп жарысты. Бәйгеде шашасына шаң жұқтырмай, аттарының бағы мен бабы сай келген балалар ақшалай жүлдеге ие болды.

— Жалпы ауыл тұрғындары сабантой, тасаттық секілді шараларды бірігіп өткізіп тұрады. Өкінішке қарай, індеттің салдарынан екі жылдан бері мұндай көпшілік жиналып өткізетін шаралар шектеліп қалды ғой. Биыл ауыл болып Наурыз тойын тойлауды ұйғардық. Бірігіп ұйымдастырып жатқан шара болған соң, ортақ қазанға ауылдың әрбір тұрғыны мүмкіндігіне қарай ақшасын салды. Тіпті ауылдан ертеректе көшіп кеткен ағайындар да бұл тойға арнайы келіп қатысты. «Көп түкірсе — көл» демекші, Наурыз тойын тойлауға бір миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Тойдың еті мен дастарқанынан қалған ақшаны жарыстарға жүлде ретінде тіктік, — дейді ұйымдастырушылардың бірі Талғат Құрманғалиев.  

Көктемнің келуін тойлаған халық бұл күні ерекше көңілді жүрді. Көптен бірін-бірі көрмеген ауылдастар бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектерін білдіріп жатты. Ауыл ақсақалдары да осындай дүбірлі тойды ұйымдастырған ел азаматтарына батасын берді. Ал ауыл балаларының жадында бұл күн ұзақ уақыт сақталып қалары сөзсіз.

 P.S … Ауылға көшіп келушілер қатары әзірге көбеймей тұр. Еңсесін енді тіктеп келе жатқан ауыл тұрғындарын бәрінен бұрын ауылдағы мектептің жайы алаңдатады. Ауылдағы екі қабатты мектепте оқып жатқан оқушы саны 100-ге жетпейді. Ауылға көшіп келем деушілер болса, Қызылсудан баспана да, жұмыс та табылар еді…

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button