Басты жаңалықтарМәдениет

Айтқыштар Ақтөбеге жиналды

Сатира театрларына арналған жалғыз фестиваль

2002 жылдан бері екі жылда бір рет ұйымдастырылып, осымен 9-рет өткен республикалық «Айтқыштар — Ақтөбеде» әзіл-сықақ фестивалінің елімізде баламасы жоқ. Өйткені бұл — сатира театрлары арасында ұйымдастырылатын жалғыз фестиваль. Қазақтың әзіл-қалжыңдарын насихаттай отырып, осы салада жүрген театрлардың басын қосуды, бір-бірімен тәжірибе алмасуын көздеген өнер мерекесі сахнаға енді шыққан жас талаптарды да қолдауға бағытталған.

Жылма-жыл аясы кеңейіп, қатысушылары көбейіп келе жатқан байқауда бұл жолы Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Түркістан Атырау, Кентау қалалары мен Батыс Қазақстан облысынан 8 өнер ұжымы және 1 үміткер бағы мен бабын сынады. Қолдау да күшейіп келе жатыр: биыл аталған фестивальді өткізуге облыстық бюджеттен 5 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Қатысушылардың өнерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сатирик-жазушы Көпен Әмірбек, ҚР Мәдениет қайраткері, «Екі Езу» сатира театрының жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан, ҚР «Серпер» жастар сыйлығынынң иегері, актер Бауыржан Ордин, «Құрмет» орденінің иегері, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Шалқия Бақытжанова, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның режиссері Сырым Асқаровтар бағалады.

18 театр. Бір мәселе  

Біз қазылар алқасының төрағасы — ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сатирик-жазушы Көпен Әмірбекті аз-кем әңгімеге тартып, сатира театрларының бүгінгі аяқ алысы жөнінде пікірін білген едік.

— Қазақ сатирасы кешегі Оспанхан Әубәкіров, Асқар Тоқпанов, Шота Смаханұлы, Сейіт Кенжеахметұлының кезінде керемет дамыды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары аталған саланың қарқыны едәуір бәсеңдеді. Ашылған театрлардың саны көп, бірақ деңгей бұрынғыдай емес…

— Бір кездері «Тамаша» ойын-сауық отауы, «Бауыржан шоу», «Шаншар» театрлары жарқырай көрінді. Кейінгі уақытта «Өнер қырандары» шықты. Дегенмен, ешқайсысы әлі күнге дейін сол деңгейде қала алмады. Көпшілік театрлар сатирик-фельетоншылармен жұмыс жасамайды. Ақшасын қимайды қаламақыны аз төлейді. Соның кесірінен жақсы дүние шықпайды. Бар мәселе осында жатыр.

Қазіргі таңда елімізде 18 әзіл-сықақ театры тіркелген. Солардың арасындағы «Екі езу» сатира театры ғана өздерін ғана емес, өзгелерді де тәрбиелеуге ұмтылып, осы фестивальді 20 жылдан бері тұрақты түрде өткізіп келеді. Сондықтан Ақтөбе  сатира отаны деуге әбден болады дейді ол.

Репертуар жаңарды

Жоба авторы — ҚР Мәдениет қайраткері, Жазушылар Одағының мүшесі, «Екі езу» сатира театрының жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан биылғы қатысушылардың деңгейі, репертуар мен үздіктер туралы төмендегідей ой-пікір білдірді:

— Биылғы IX республикалық «Айтқыштар — Ақтөбеде» әзіл-сықақ байқауы бұрынғыдан ерекше өтті. Байқауға қатысуға өтініштер көп түсті. 18 театрдан тек 8-ін таңдап алдық. Осыны алғаш рет 2002 жылы ұйымдастырғанда 5 театрды өзіміз әрең тапқан едік… Шүкір, қазір фестивальге қызығушылық жоғары.

«Айтқыштар — Ақтөбеде» байқауында жеңімпаз атанған шалқарлық Бауыржан Орда қазір елге танымал актер. 2009 жылы бас жүлдені иемденген «Өнер қырандары» театрының да атағы бүгінде жер жарып тұр. Демек, фестивальдің  миссиясы сәтті орындалып жатыр деген сөз. Жас таланттарға жол ашып жатырмыз.

Жыл өткен сайын қатысушылар арасында жаңа театрлар қалыптасып жатыр. Репертуарда да жаңару бар. Қазір тек ошақ басындағы жеңіл әзілдер емес, әлеуметтік-саяси тақырыптағы сатиралық шығармалар да интермедия ретінде қойылуда.

Ең бастысы, бұл тек бәйге емес, жан-жақтан келген театрлардың басын қосып, тәжірибе алмасу. Болашақта қатысушыларға  шеберлік сабағын ұйымдастырсақ деген жоспар бар. Енді «Айтқыштар — Ақтөбеде» байқауының 10 жылдық мерейтойы келе жатыр, соны кең көлемде, бұдан да жақсы деңгейде өткізсек дейміз. Фестиваль аясында қазақ сатирасын дамытуға үлес қосып жүрген сықақшылар мен актерлерді ақшалай сыйлықпен марапаттап отырсақ деген жоспар бар. Сонда шынымен Ақтөбе әзілдің астанасы атанар еді…

Кешегі айтқыштардың ойынына көз жүгіртетін болсақ, осалы жоқ. Барлығы жақсы дайындықпен келген. «Сен тұр, мен атайын» деп тұр. Демография, несие, халықтың басындағы басқа да өзекті мәселелер өте орынды көтерілді. Әлеуметтік тақырыптар жақсы қозғалды. Осының бәрін ескере келе, лайықты дегендерін атаусыз қалдырмадық. Үлкен сахнаға алғаш шыққан жастардың да өнері ескерілді.

Қай айтқыштың аты озды?

Әлгінде айтқанымыздай, аталған фестивальде жүлдесіз қалған театр болмады. Барлығы да әртүрлі аталым бойынша диплом мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Бас жүлде — «Айтқыштар — 2022» атағын (300 мың теңге сыйақы) «Ара-Атырау» сатира театры жеңіп алды. «Қазақ күлкісінің королі Қ.Сұлтанбаев атындағы жүлде» номинациясына Кентау қаласынан келген «Шапалақ» сатира театры лайық деп танылды. «Жазушы-сықақшы Үмбетбай Уайдин атындағы жүлдені» Батыс қазақстандық «Қожа» әзіл-сықақ театры, ал «Жазушы-сықақшы Сейіт Кенжеахметұлы атындағы жүлдені» Жамбылдық «Мыңбұлақ» халық театры иеленді. «Актер Нұрдәулет Ақжігітов атындағы арнайы жүлде» Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрына бұйырса, қызылордалық «Сыр әзілі» әзіл-сықақ тобы «үздік театр» атанды. «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясы Дархан Пірназаровқа берілсе, «Ең үздік әйел рөлі» деп Юсра Қабылбаеваның ойыны танылды. Өз кезегінде «Көрермен көзайымы» аталымына Алматыдан келген «Күлкістан» сатира театры ие болды. Сондай-ақ «Дархан Дайырбек атындағы арнайы жүлде» сахнаға алғаш шыққан жас талаптар — Диас Өтес (Ақтөбе қаласы) пен «Балөнер» жас актерлер мектебіне (Шымкент қаласы) тапсырылды. Соңғы номинацияны өмірден ерте өткен актер Дархан Дайырбектің курстастары мен достары атынан ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сықақшы Асқар Наймантаев табыстады.

НЕ ДЕЙСІЗ?

Нұрғали НҰРЖАНҒАЛИҰЛЫ,

«Шапалақ» сатира театрының жетекшісі:

— Біз Түркістан облысы Кентау қаласынан келдік. Аталған фестивальге осымен 3-ші рет қатысып отырмыз. Шүкір, бұған дейін де жүлдесіз қайтқанымыз жоқ. Айталық, актеріміз Нұрсұлтан Жақыпбеков монологымен бас жүлдені алған еді. Кейінгі жылдары «Үздік қойылым» номинациясымен марапатталдық.

Осы жолы балалар үйі шетел асқан жетімдер туралы интермедияны ұсындық. Көрерменді күлдіре отырып жылатқымыз келді.

Менің ойымша, осындай фестивальдер керек. Бұл — өнер адамдарының тәжірибе алмасуына бірден-бір мүмкіндік.

Нұрбек МӘДИЕВ,

«Ара-Атырау» сатира театрының көркемдік жетекшісі:

—  Атыраудан 7 адам боп келдік. Перзентханадағы жағдай туралы қойылымды сахналадық. Біздегі мақсат — жеңімпаз атанудан бұрын өз театрымызды таныту, жер-жердегі әріптестермен етене байланыс орнату.

Фестивальге осымен үшінші рет қатыстық. Тағы шақырса, байқауға келуге дайынбыз. Өйткені біз үшін бұл мереке іспеттес.

Қайрат АБДОЛОВ,

«Қожа» әзіл-сықақ театрының режиссері:

— Біз, Батыс Қазақстан облысына қарасты Қазталов ауданының театры бұған дейін де талай фестивальдерге қатысып жүрміз. Қостанайдағы байқауда бақ сынадық.

Ақтөбеде өткен әзіл-сықақ театрларының фестиваліне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жақсы ұйымдастырылған.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button