Әлия туған ауылданмын!..

Біздің ауылдың кез-келген тұрғыны бұл сөзді мақтанышпен айтады. Себебі қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың кіндік қаны тамып, тұсауы кесілген ауылда өмірге келу, батыр туған жердің топырағында өсіп, ер жету — мақтаныш екені айтпаса да түсінікті. Ауылымның да, ауылдағы мектептің де, облыстық патриоттық тәрбие беру орталығының да, ауылдағы әдемі музейдің де, ауылдың ең басты көшесінің де атауы батыр қыздың есімімен аталады.
Қобда өзенін бойлай жатқан ауылымыздың атағы әлдеқашаннан-ақ айдай әлемге танылды. Атақты ауылдың қонағы үзілмейтіні де содан. Батыр туған ауылға алыс-жақын шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен арнайылап келетіндердің көші бір тоқтаған емес. Әлия туралы деректерді ең алғаш болып іздеуге мұрындық болған қазақтың аяулы азаматы Дінмұхаммед Қонаевтың өзі өткен ғасырдың сексенінші жылдары ауылымызда қонақ болып, музей жұмысымен танысқан. Қонаевтың сол сапарда келген суреті музейде сақтаулы тұр.

Келімді-кетімді қонағы көп ауылдың облыстағы, тіпті еліміздегі ең үлгілі ауылдардың бірі екендегіне күмән жоқ. Ауылда батыр қыздың бюсті мен алып ескерткіші тұр. Әлияның әскери шинель жамылған мүсіні ауылдың бейбіт тірлігіне сүйсініп тұрған һәм біз секілді балаларды отанды, елді сүюге шақырып тұрған қас батырдың өзіндей. Батырдың музейіндегі, облыстық патриоттық тәрбие беру орталығындағы құнды жәдігерлер де ауылымыздың құнын аспандата түседі. Мектепте нағыз патриоттар оқып жатқанына күмәніңіз болмасын. Алыстан мен мұндалап тұратын еңселі мешіт — осы ауылдан түлеп ұшқан кәсіпкерлердің сыйы. Ауыл көшелері асфальтталған, кең, жап-жарық. Су да, газ да бар. Бірлігі бекем, тірлігі көркем ауылдың тарихында менің атамның да есімі ерекше аталады. Менің арғы атам Шортан Рамазанов Әлия Молдағұлова атындағы колхоздың тұңғыш председателі болған. 1950 жылы 13 тамызда Қобда ауданындағы Көксай, Кіндіксай, Аққұдық және Әліпайсай — осы төрт ауыл бірігіп, Әлия Молдағұлова атындағы колхоз құрылған кезде менің атам Шортан Рамазанов Қазақстан Коммунистік Партиясы Ақтөбе облыстық комитеті басшысының шешімімен осы Әлия Молдағұлова колхозына тұңғыш председатель болып сайланған. Әлия атындағы ауылда туғанымды және ең алғаш рет осы ауылды менің атамның басқарғанын мақтан етемін! Әлия ауылы туралы «Ақтөбе» газетінде жиі жарияланады. Менің тәтем де журналист. Сондықтан біздің үйге үнемі «Ақтөбе» газеті келіп тұрады. «Ақтөбе» газетін оқитын үздік ауыл» байқауына ауылым туралы жазып отырғанымда да кеудемді мақтаныш кернеп отыр. Өзімнің де есімім Әлия, қазір Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студентімін.
Әлия РАХАТ,
Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенті.
Қобда ауданы,
Әлия ауылы.



