Басты жаңалықтарЭкономика

Әлихан СМАЙЫЛОВ: Өңірлердегі мәселелерді шешуге, көмектесуге әрқашан дайынбыз

Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапарының екінші күнінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов бірқатар маңызды инфрақұрылымдық және өндірістік нысандарды аралады, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен және экобелсенділермен кездесу өткізді.

Сенбі күні Үкімет басшысы Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы автожолының учаскесін реконструкциялау барысымен танысты. Жоба бойынша жұмыстар 2023 жылы толығымен аяқталуға тиіс. Жол төрт жолақты болады. Күзге дейін мердігерлер екі жолақты асфальттау жұмыстарын аяқтап, Қандыағаш қаласына дейінгі көлік қатынасын ашуды жоспарлап отыр.

Премьер-Министр қазіргі уақытта халықаралық транзиттік дәліздермен қоса, Қазақстандағы жолдардың желісі белсенді түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Ақтөбе облысының автомобиль жолдарын салуға және реконструкциялауға биыл 50,3 млрд теңге бағытталды. Жыл қорытындысы бойынша нормативтік талаптарға сәйкес республикалық жолдардың үлесі — 87 пайызға, ал жергілікті жолдар 72 пайызға дейін жеткізілуге тиіс.

Әкімдік жұмыстарды жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыруды уақтылы қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар салалық ведомство Ақтөбе-Ұлғайсын автожолының құрылысын қаржыландыру тетіктерін анықтап, жұмысқа кірісуі қажет, — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Хромтау ауданындағы «АКМЭЗ» ЖШС май экстракциялық зауытында болды. Кәсіпорынжылына 21 мың тонна шикі өсімдік майын және 26 мың тонна күнжара шығарады. Зауыт өнімі ішкі нарықта сұранысқа ие, сондай-ақ Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға және Тәжікстанға жеткізіледі.

Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығында инвестициялық жобаларды іске қосу еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы басты міндет екенін айтты. Бүгінгі таңда Үкімет шаруаларды кешенді түрде қолдау шараларын іске асыруда, атап айтқанда, инвестициялық шығындарды субсидиялау, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға арналған кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер және қайта өңдеуге арналған жабдықтар лизингі қарастырылған.

Осындай қолдаудың және климат ерекшеліктерінің арқасында Ақтөбе облысында мал шаруашылығы, оның ішінде сүт өнімдері өндірісі қарқынды дамып келеді. Облыс тұрғындарын жергілікті өніммен қамтамасыз ету және оны басқа өңірлерге жеткізуді ұйымдастыру мақсатында аталған жұмысты жалғастырған жөн. Бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға жол ашады, — деді Үкімет басшысы.

Кәсіпорында ол бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың проблемалық мәселелерін талқылады. Шаруаларды фермерлерді мемлекеттік қолдау, субсидиялау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бөлу, мал шаруашылығын дамыту мәселелері қызықтырды.

Осы жылдың соңына дейін біз шаруалармен бірқатар кездесу өткізіп, субсидиялау жүйесін реформалау мәселелерін талқылаймыз. Тиісті құжат бес жыл мерзімге қабылданады. Үкімет ауыл шаруашылығы саласын қолдау шараларын кеңейтіп жатыр. Биыл біз бюджетті екі есе арттыру мүмкіндігін қарастырдық. Бұл — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі өндірісті қолдау және инфляцияны тежеу мәселелеріне байланысты, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Одан кейін Премьер-Министр «Зерде Керамика Ақтөбе» ЖШС-ның керамогранит және қыш тақташа өндіретін жаңа зауытының қызметімен танысты.

«Ақтөбе» индустриялық аймағы мен Өнеркәсіпті дамыту қоры желісі бойынша мемлекеттік қолдау алған кәсіпорын өз өнімін ішкі нарыққа да, экспортқа да жеткізеді. Сондай-ақ мұнда қуаты жылына 650 мың тонна жоғары қоспаланған болатты құрайтын болат балқыту зауыты құрылысының жобасы таныстырылды. Жобаны іске асыру бүгінде шамамен 1 млрд доллар сомасына импортталатын құрылыс арматурасын отандық өніммен алмастыруға мүмкіндік береді.

 

Өткен жылдың желтоқсан айында ашылған зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне экспортталады. «Зерде» компаниялар тобының бас директоры Мұхтар Битеміровтің айтуынша, бүгінгі таңда зауытта 220 адам еңбек етеді, оның 200-ге жуығы — ақтөбеліктер. Ал қалған жұмысшылар Шымкент қаласынан, сондай-ақ Түркия, Италия елдерінен шақыртылған.

Айтпақшы, «Зерденің» алда тағы бір үлкен жобасы бар. Ол — келесі жылы Ақтөбеде қуаттылығы 570 мың дана санитарлық-техникалық  керамикалық бұйымдар шығаратын жаңа зауыт салу.

Үкімет басшысы елімізде құрылыс материалдарына деген сұраныстың жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет 2025 жылға дейін құрылыс саласына шамамен 1 трлн теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 160-қа жуық жаңа жобаны іске асыру және 15 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарда бар.

Жұмыс сапары «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жалғасты. Қазіргі таңда тау-кен металлургия кешені ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Сала жыл сайын 6 пайыз деңгейінде тұрақты өсімді көрсетіп отыр, ал инвестициялар өсімі өткен жылы 20 пайызға артқан.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов экология саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Тұрғындар атынан өңірдің ең өткір экологиялық проблемалары туралы «Ақтөбе, тыныс ал!» волонтерлер қозғалысының жетекшісі Евгений Лазарчук айтып берді. Ол ферроқорытпа зауытына жақын маңда орналасқан аудандардың тұрғындарын көшіру, Ақтөбе қаласының кәріз-тазарту құрылыстары жүйесін жаңғырту және жердің шөлейттену проблемаларын көтерді.

Әлихан Смайылов әрбір айтылған мәселенің мән-жайын түсіндіре келе, облыс әкімдігіне мүдделі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, оларды жедел шешу мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Жұмыс сапарының соңында Үкімет басшысы Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағын ауданына барып, облыс орталығының инфрақұрылымдық дамуымен танысты.

— Біз өңірлердегі мәселелерді шешуге, көмектесуге әрқашан дайынбыз. Мәселен, көктемде Ақтөбе облысының бюджетін нақтылау кезінде қосымша 30 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат газдандыруға, сумен жабдықтауға, электр желілерін тарту, жолдарды жөндеу секілді мәселелерді шешуге арналған. Құжаттарыңызды дайындап, ұсыныстарыңызды жіберсеңіздер, біз қосымша қаражат бөлуді қарастырамыз, — деп қорытындылады сөзін Үкімет басшысы.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button