Жаңалықтар

«Ай-Қарагөздің» шеберлік сағаты

Кәсіп

«Ай-Қарагөздің» шеберлері ақтөбелік қыз-келіншектерге арнап тегін шеберлік сағатын өткізді. Шара барысында қолөнерді енді үйреніп жүргендер сөмке, көйлек, көпшік тікті.

«Ай-Қарагөз» шеберлер тобының ұйымдастырушысы Жайнагүл Нагиева мұндай шеберлік сағаттарын айына екі рет өткізіп тұратындарын айтты.

— Бүгінгі шараны «Ай-Қарагөз» шеберлер тобы  «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалы және  облыстық аналар кеңесімен бірлесіп ұйымдастырып жатыр. Ал бізге қолдау көрсеткен — облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы және «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бүгінгі шеберлік сағатын өткізудегі мақсатымыз — өңірдегі шебер қыздардың басын қосып, білмегенімізді бір-бірімізден үйрену, салт-дәстүрімізді, қолөнерімізді кеңінен насихаттап, болашақ ұрпаққа жеткізу, — дейді Жайнагүл Нагиева.

«Ай-Қарагөз» — белгілі қолөнерші, құрақшы, «Алтын сапа» сыйлығының иегері  Ырза Тұрсынзададан сабақ алған ақтөбелік шебер қыздардың құрған тобы.

— Топ құрамында әзірге 15 шебер бар. Арасында мемлекет тарапынан грант ұтып алған жеке кәсіпкерлер де бар. Осы қыз-келіншектердің өнімдерін көрмелерге, жәрмеңкелерге біратаумен шығару,сол атауды өңірдің брендіне айналдыру — біздің басты мақсатыз. «Ай-Қарагөз» бренді әзірге мемлекеттік тіркеуден өткен жоқ. Енді құрылған шеберлер тобының алар асулары әлі алда деп білемін, — дейді шеберлер тобының ұйымдастырушысы.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button