Спорт

Ерік-жігерді сынаған ерекше жеңіс

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Тобыл» — 2:1

14-15 мамыр күндері 11-тур кездесулері өтті.

Өткен 10-турда өз алаңында 0:3 есебімен ойсырай жеңілген «Қайрат» бұл турда сырт алаңда 0:6 есебімен ұтылды. Көш басында тұрған «Каспий» ең соңғы орында келе жатқан «Мақтааралдан» жеңілді. «Қызылжар» қатарынан екі турда тең ойнады. Өткен турда «Шахтерді» 2:0 есебімен ұтқан «Тұран» бұл жолы 0:2 есебімен ұтылып қалды. «Ордабасы» қатарынан екінші рет жеңілді. «Тараз» өз алаңында жеңіске жатып, қайтадан көш басына шықты.

Жалпы алты кездесуде алаң иелері жеңіске жетіп, бір ойын ғана тең аяқталды.

Турнир кестесінде ұпай жөнінен 1-9 орындар арасында қызықты жай қалыптасты: 21, 20, 19, 18, 17, 16, 15, 14, 13.

Он бір турда 75 кездесу өткізіліп, 167 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 2,23 голдан өткізілді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Тобылды» қабылдады. Бізден бір ұпайы артық қостанайлықтар гол соғудан да ілгері келе жатқан болатын. Сондықтан олар бұл жолы Ақтөбеден қоржындарын құр арқалап қайтуды тіпті де жоспарламағаны анық.

Бірінші таймды екі жақта біршама сақтықпен бастады. Дегенмен ең алдымен алаң иелері қарсыластардың тамырын басып көрді. 9-минутта әуеден тасталған допты қостанайлық қақпашы қақшып түсті. 20-минутта біздің Арман Кеңесов допқа талас кезінде «Тобылдың» айып алаңында құлап түсті де, шабуыл шорт үзілді. Тәртіп бұзылғандай көрінгенімен төреші бұны елеусіз қалдырды. Бұдан соң «Тобыл» атқа мінді. Дегенмен 24-минутта «Ақтөбе» және қауіпті соққы жасады, бірақ доп қиыс кетті. Одан кейін «Тобыл» футболшылары қайтадан сілкінді. Не керек, ойынның алғашқы бөлігі осылайша алма-кезек шабуылдармен өрбіді. Ең өкініштісі, таймның соңында ойын тәртібін өрескел бұзды деп есептелген Арман Кеңесовке «қызыл қағаз» көрсетілді де, алаңнан қуылды, «Ақтөбе» азшылықта қалды.

Екінші таймда осы кемшілікті «Тобыл» барынша пайдалануға тырысты. Стас Поктиловтың қақпасына бірнеше қауіпті сәттер төнді. Дегенмен біздің қақпашы да, қорғаушыларымыз да шүйіліп-ақ келген допты аулақтатумен болды. Оны аз десеңіз, 54-минутта ақтөбеліктер есеп ашты. Алаң ортасында жүрген Сердер Сердеров  тастаған допты оң қапталда жүрген Руслан Камболов дереу қақшып түсті де, тіке қақпаға қарай тартты. Ал қақпаға таянған сәтте допты өзінен сәл ілгері бара жатқан, әлгінде ғана өзіне осы пасты берген Сердер Сердеровтың алдына ысыра салды. Екі футболшының арасынан сытылып шыға келген Сердер  үшінші қорғаушының сәл қателігін тамаша пайдаланып, допты оң аяғымен тебе салды, тура жанынан зыр етіп өте шыққан допқа қостанайлық қақпашы Дмитрий Непогодов еш қайран жасай алмады — 1:0.

Дегенмен алаңдағы бір футболшысы артық қонақтар енді есе қайтаруға мықтап кірісті. Қақпамызға екі рет қауіп төндірді. Біздің жігіттер жата-жастана қорғанып баққанымен үшінші кезекте, 76-минутта есеп теңесті. Осы үшінші қарбалас шақта қақпа алдында құлап жатқан Аман Аманович үстінен ұшып бара жатқан допты сол аяғымен қайшылай теуіп, қақпашымызды қапы қалдырды — 1:1.

Ойын осылай аяқталуға жақындаған кезде біздің жігіттер және бір ширыға қимылдады. «Тобылдың» қақпасына ақтөбеліктер тағы да бір шүйлігіп, 102-минутта Юрий Логвиненко бастап, Уго Видемонт қостаған ойран-топан талас кезінде бұдан бұрын қапы кетіп жүрген Жерар Гоу қостанайлық қақпашының қолынан Артурас Жулпаның соққысынан соң сусып шыққан допты кідірмей теуіп, жібек торды бүлк еткізді — 2:1.

Жеңіс осылай келді. Рас, жеңістің жеңілі болмайды, сонда да бір тайм бойы азшылықта ойнап, сөйте жүре екі гол соғу арқылы жеткен бұл жеңістің орны бөлек екеніне және дау болмасқа керек. Оның үстіне екінші голдың авторы Жерар Гоудың алаңға 90-минутта шыққаны, бас бапкер оны қалайша жігерлендіргені өз алдына бөлек әңгіме.

Қалай болғанда да, жерлес футболшыларымыз секілді бірыңғай ақ жейде киіп келіп, ойынның басынан аяғына дейін футболшыларымызға дем беруден тынбаған 13-сектордың жанкүйерлері де, жалпы ақтөбеліктер де биыл Қобыланды батыр атындағы стадионда болған алғашқы кездесуді келесі ойынға дейін ауыздан тастамай айтып жүретін шығар-ақ.

Ал соңғы жеті ойында бір ғана жеңіске жеткен қостанайлықтардың бас бапкері Александр Москаленко осы ұтылыстан соң қызметімен қош айтысты. Өткен жылы «Тобылды» чемпиондыққа жеткізген, оған қоса Қазақстан Суперкубогын жеңіп алған А.Москаленконың жігіттері неге биыл аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп жүргені түсініксіз.

«Ақтөбе»-«Тобыл» — 2:1

Гол авторлары: Сердер Сердеров, 54-минут (1:0); Алекса Аманович, 79-минут (1:1); Жерар Гоу, 90+12 минут (2:1).

Ескерту қағазын алғандар: Дмитрий Шомко, 41-минут; Ескендір Қыбырай, 90+6 минут («Ақтөбе») — Асхат Тағыберген, 31-минут; Жарко Томашевич, 45+2 минут, Душан Йованчич, 90+8 минут («Тобыл»).

45+2 минутта Арман Кеңесов («Ақтөбе») алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко, Темірлан Ерланов, Артурас Жулпа (капитан), Әлібек Қасым, Владимир Гинайтис (Ескендір Қыбырай, 77-минут), Руслан Камболов (Юрий Логвиненко, 67-минут), Арман Кеңесов, Уго Видемонт, Сердер Сердеров (Рожерио Шина, 67-минут), Максим Самородов (Жерар Гоу, 90-минут).

Запаста болғандар: Саша Стаменкович, Евгений Ситдиков (қақпашылар), Әлішер Әжімов, Рустам Темірхан, Әділхан Таңжарықов, Никита Маляров.

Бас бапкер Андрей Карпович.

14 мамыр 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион, 11 800 адам.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Сердер Сердеров, жартылай қорғаушы — 2 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 2 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Жерлестеріміз 11 кездесу өткізіп, 5 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 4 рет ұтылды.  Ұпай саны — 17. Доп айырмашылығы — 11:14.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Атырау» (Атырау)-«Қызылжар» (Петропавл) — 3:3

90-минутта екінші рет ескерту қағазына алған Валерий Каршакевич («Қызылжар») алаңнан қуылды.

«Астана» (Нұр-Сұлтан)-«Қайрат» (Алматы) — 6:0

«Ақсу» (Павлодар облысы)-«Тұран» (Түркістан) — 2:0

«Тараз» (Тараз)-«Ақжайық» (Орал) — 2:0

«Мақтаарал» (Түркістан облысы)-«Каспий» (Ақтау) — 2:1

«Шахтер» (Қарағанды)-«Ордабасы» (Шымкент) — 1:0

*   *   *

Он бір турдан соң көш басына 21 ұпаймен қайтадан «Тараз» келді.

2-3 орын иелері — 20 ұпай жинаған «Астана» мен 19 ұпайы бар «Каспий».

18 ұпайы бар «Атырау» мен 17 ұпай жинаған «Ақтөбе» 4-5 орындарда тұр.

6-8 орындарға 16 ұпаймен «Шахтер», 15 ұпаймен «Тобыл», 14 ұпаймен «Ордабасы» орналасты.

13 ұпайдан жинаған «Ақсу» мен «Қайрат» 9-10 орындарды бөліссе, 11 ұпайдан жинаған «Тұран» мен «Ақжайық» 11-12 орындарға жайғасты.

13-14 орындардағы «Қызылжар» мен «Мақтааралда» 9 ұпайдан бар.

«Шахтер», «Ақсу», «Тұран», «Ақжайық» командаларының басқалардан бір кездесулері кем екендігін еске саламыз.

*   *   *

12-тур ойындары 21-22 мамыр күндері өтеді:

21 мамыр, сенбі:

«Ордабасы» — «Ақсу»

«Қайрат» — «Шахтер»

«Атырау» — «Астана»

«ТҰРАН» — «АҚТӨБЕ»

22 мамыр, жексенбі:

«Қызылжар» — «Ақжайық»

«Каспий» — «Тараз»

«Тобыл» — «Мақтаарал»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button