Спорт

Алғашқы сынның ақыры

Премьер-Лига

7-8 мамыр күндері 10-тур кездесулері өтті.

«Қайрат» өз алаңында ойсырай ұтылса, сырт алаңда «Астана» 95-минутта соққан голы арқылы ғана әупірімдеп ұтысқа ие болды. Көш басында тұрған «Тараз» 92-минутта пенальтиден өткізген доптың арқасында тең ойынға әзер қол жеткізді. Жеңіссіз өткен бес турдан соң «Тобыл» сағындырған жеңісіне жетті. Өткен турда «Астанамен» тең ойнаған (3:3) «Тұран» бұл жолы «Шахтерді» ұтты. Бір ғана кездесуде еш гол соғылған жоқ.

Он турда 68 кездесу өткізіліп, 144 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 2,12 голдан өткізілді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда ойнады. Ақтауға жаңа бас бапкер Андрей Карповичтің басшылығымен барған футболшыларымыз ұтылуға мәжбүр болды.

Рас, ойынның алғашқы минуттарынан бастап-ақ стадионды жаңғырықтыра әнге басқан ақтөбелік жанкүйерлердің екпінді демеуін сезінген жерлестеріміз бірінші таймда ширақ ойнауға тырысты. Аса қауіпті болмағанымен Максим Самородов, Рожерио Шина тәрізді шабуылшыларымыз қарсыластар қақпасына соққы да бағыттады. Бірақ ойынның ортасына таман ақтаулық Павел Киреенко жасаған оқыс соққы бірден үміт үздіре жаздады. Доп қақпаның маңдайшасына тиіп кері серпілді. Жалпы, бірінші таймда ақтөбеліктер қаншама әрекеттенгенімен басымдық алаң иелерінде екені сезіліп-ақ тұрды.

«Ақтөбе» екінші таймда да намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. Қарсыластар қақпасына әлсін-әлсін шүйілді. Тіпті 63-минутта Максим Самородов гол да соқты. Бірақ VAR арқылы тексеруден соң таблодағы 0:1 деген цифр қайта өшірілді. Біздің Йоахим Адукор қарсыластардың айып алаңында ойын ережесін бұзды деп есептелді. Сол Адукор бұдан соң әріптестерін екінші мәрте мұзға отырғызды. 71-минутта екінші рет ескерту қағазын алған соң ол алаңнан шеттетілді де, онсыз да әрең шыдас беріп келе жатқан жерлестеріміздің қимылынан қисын кете бастады.

80-минутта қорғаушыларымыздың селқостығын тамаша пайдаланған Артем Барановский біздің қақпаның алдына бұрыштамадан дәл тасталған допты созыла көтеріле баспен соғып, жібек торға сүңгітті де жіберді — 1:0.

Ал 88-минутта сол қорғаушыларымыздың назарынан тыс қалған Еркебұлан Нұрғалиев дәл алдына тасталған допты ойланбастан сол аяқпен шірене теуіп, қақпаға екінші допты енгізе салды — 2:0.

Дегенмен бұл екі голдың (әсіресе, бірінші голдың) қақпаға еніп кеткені үшін Саша Стаменковичті кінәлау да қиын. Ол бірнеше қауіпті соққыларды қайтарды, қақшып түсті. Ал голдардың кіріп кетуін қорғаушыларымыздың жағдайды шалт пайымдауға шамасы жетпейтіндігімен түсіндірген мақұл тәрізді.

«Ақтөбенің» сондай ұрымтал сәттерді пайдалана алмай қала беретін кемшіліктері осы жолы да қайталанды. Мысалы, Сердер Сердеров қарсыластарды қапы қалдыруға сұранып тұрған екі сәтті құнжыңдап құр жіберіп алғаны кәсіби команда футболшысына лайық емес-ақ әрекет.

Сонымен жаңа бапкер Андрей Карповичтің «тырнақалдысы» сәтсіз аяқталды. Жалпы, былайғы жұрт жақсы жасақталған команда деп есептейтін біздің жігіттердің ортақол командалар болмаса, «Астана» мен «Қайратты»» айтпағанда, тіпті көштің бас жағында жүрген «Тараз», «Каспий» тәрізді мығым командаларға да тісі батпайтыны осы кездесуде тағы бір анықталып қалды. Чемпионаттың бел ортасына тақаған шақта команда әлі де бір-бірімен түсіністікте қимылдай алмауы ойлантарлық-ақ жай.

«Каспий»-«Ақтөбе» — 2:0

Гол авторлары: Артем Барановский, 80-минут (1:0); Еркебұлан Нұрғалиев, 88-минут (2:0).

63-минутта М.Самородов («Ақтөбе») соққан гол есепке алынбады.

Ескерту қағазын алғандар: Аслан Әділ, 36-минут; Рати Ардазишвили 90+2 минут («Каспий) — Рамазан Оразов, 33-минут; Йоахим Адукор, 62-минут; Рожерио Шина, 78-минут («Ақтөбе»).

71-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Рожерио Шина («Ақтөбе») алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Саша Стаменкович (қақпашы), Владимир Гинайтис (Дмитрий Шомко, 83-минут), Темірлан Ерланов, Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов (капитан), Йоахим Адукор, Рамазан Оразов (Арман Кеңесов, 63-минут), Руслан Камболов, Сердер Сердеров (Ескендір Қыбырай, 83-минут), Рожерио Шина, Максим Самородов.

Запаста болғандар: Стас Покатилов (қақпашы), Әлішер Әжімов, Никита Маляров, Артурас Жулпа, Виталий Балашов, Жерар Гоу.

Бас бапкер Андрей Карпович.

8 мамыр 2022 жыл. Ақтау қаласы, «Жас қанат» стадионы. 2000 адам.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Сердер Сердеров, жартылай қорғаушы — 1 гол.

Жерлестеріміз 10 кездесу өткізіп, 4 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 4 рет ұтылды.  Ұпай саны — 14. Доп айырмашылығы — 9:13.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қайрат» (Алматы)-«Атырау» (Атырау) — 0:3

22-минутта ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін Андрей Ульшин («Қайрат») алаңнан қуылды.

«Ордабасы» (Шымкент)-«Астана» (Нұр-Сұлтан) — 1:2

«Қызылжар» (Петропавл)-«Тараз» (Тараз) — 1:1

«Ақжайық» (Орал)-«Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 0:0

55-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Расамбек Ахматов («Мақтаарал») алаңнан қуылды.

«Тобыл» (Қостанай)-«Ақсу» (Павлодар облысы) — 2:0

«Тұран» (Түркістан)-«Шахтер» (Қарағанды) — 2:0

*   *   *

Он турдан соң көш басына 19 ұпаймен қайтадан «Каспий» келді.

18-ұпай жинаған «Тараз» 2-орынға сырғыды.

3-4 орын иелері — 17 ұпайдан жинаған «Астана» мен «Атырау».

15 ұпайы бар «Тобыл» 5-орынға көтерілсе, 14 ұпайдан жинаған «Ордабасы» мен «Ақтөбе» 6-7 орындарға жайғасты.

13 ұпайдан жинаған «Шахтер» мен «Қайрат» 8-9 орындарды иеленсе, қоржындарында 11 ұпайдан бар «Тұран» мен «Ақжайық» 10-11 орындарда тұр.

12-14 орын иелері — 10 ұпайы бар «Ақсу», 8 ұпайы бар «Қызылжар», 6 ұпайы бар «Мақтаарал».

«Шахтер», «Тұран», «Ақжайық», «Ақсу» командаларының басқалардан бір кездесулері кем екендігін еске саламыз.

*   *   *

11-тур ойындары 14-15 мамыр күндері өтеді:

14 мамыр, сенбі:

«Атырау» — «Қызылжар»

«Шахтер» — «Ордабасы»

«Астана» — «Қайрат»

«Ақсу» — «Тұран»

«АҚТӨБЕ» — «ТОБЫЛ»

15 мамыр, жексенбі:

«Мақтаарал» — «Каспий»

«Тараз» — «Ақжайық»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button