Басты жаңалықтарМереке

Құрметті Отан қорғаушы сардарлар мен сарбаздар! Ардақты ағайын!  

Баршаңызды 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!

Дана халқымызда «Отан оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс — күймейсің» деген қанатты сөздер бар.

Адам баласы үшін ата-анасымен,  отбасымен тең тұратын ең қымбат құндылық — Отан. Ал оны қорғау, оған қызмет ету — әрбір Қазақстан азаматының ардақты борышы, перзенттік парызы.

Қастерлі Тудың түбінде тұрып ант беріп, туған жері үшін аманат арқалаған азаматтарымыз сенімді ақтап, тәуелсіз ел шекарасын қас қақпай күзетіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Айбынды армиямыздың даңқты дәстүрі кең-байтақ жерімізді жанқиярлықпен қорғап қалған батыр бабаларымыз бен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өшпес ерлігінен бастау алады. Бүгінде әскеріміз Тәуелсіз Қазақстанның берік қалқаны ретінде жауынгерлік шеберлік пен асқақ рухтың озық үлгісін көрсетіп келеді», — деген болатын.

Қазақстан халқы үшін елдің еркіндігі, тәуелсіздік құндылықтарының қорғалуы — ең көкейтесті мәселе. Құдайға шүкір, аты әлемге танылған Қазақстанымызды баршамыз мақтан тұтамыз. Ал жұмыр жердің бетінде ұлтарақтай жерге, берекесі ұйыған елге зар болып жүрген ұлттар қаншама?!

Осы нығметті  бағалап, оны көздің қарашығындай сақтау бүгінгі күні парыз, ертеңгі ұрпақ алдындағы аманат.

Қазір бүкіл әлем дүрбелеңге толы. Отанымыз өркендеген сайын сол жетістіктерді қорғаудың өзектілігі де күн сайын арта түседі. Арғы тарихымыз да, тәуелсіздігіміздің белестері де тағылымды шежіреге толы. Біз сол ерлік шежірені қаншалықты жетік білсек, Отанымызға деген сүйіспеншілігіміз соншалықты ыстық бола түседі.

Жұртының бейбіт өмір сүргенін қалайтын, еліне қорған болуға жарайтын, қасиетті борышын мәртебе санайтын азаматтарымыз жасасын!

Қыстың көзі қырауда, жаздың аптап ыстығында желдің өтінде, теңіздің үсті мен көз жетпес көкжиектегі  шекараның шегінде көз ілместен сақшы болып жүрген сарбаздарымыздың еңбектері жемісті болсын!

Мерекелеріңіз құтты болсын!

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button