Басты жаңалықтарЖеңіс

Жеңісті жақындатқандар

Олар — адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған алапат соғыстың қатысушылары. Олар — қасық қаны қалғанша Отан үшін күрескен ержүрек батырлар. Олар — оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралып, елге келген соң жемісті еңбек еткендер. Биыл сұрапыл соғыстың аяқталғанына — 77 жыл. Олар соғыс жайлы айтқанды ұнатпайды. Себебі сол жылдардағы қанды қырғын олардың жас жүрегінде өшпестей із қалдырды.

Ақтөбе облысында қазір Ұлы Отан соғысына қатысқан 8 ардагер ғана қалды. Жеңісті жақындатқан майдангерлердің есімін сіздер де біле жүріңіздер.

Ақтөбеде 101-ұлттық атқыштар бригадасының құрамында болған көзі тірі жалғыз ардагер бар. Ол биыл — 1 қаңтарда 101 жасқа келген Сатылған Бекмағамбетов.

Сатылған Бекмағамбетов 1941 жылдың 9 желтоқсанында аудандық әскери комиссариат арқылы әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанып, 1946 жылы елге оралған. Өзінің ілкіде телеарнаға берген сұхбатында бес жолдасымен бірге Қобдадан Ақтөбеге ат шанамен келгенін айтады. Облыс орталығында құрылып жатқан бригада туралы естіп, соғысқа өзі сұранған екен. Ол 1943 жылы 101-атқыштар бригадасымен Ржев шайқасына қатысқан, Смоленскіге дейін жеткен. Кейін бұл бригада таратылған соң, 881-гвардиялық бригаданың, одан соң 740-гвардия полкінің құрамында қызмет еткен. Ол Мәскеу, Ржев, Смоленск түбіндегі қанды шайқастарда аман қалды, екі рет жараланды. Тұтқынға түсті, қашып шығып, әскерге қайта қосылды. Жеңісті Кенигсбергте қарсы алған.

Борис Конюшенко 1945 жылы жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін өз қатарластарымен бірге Сталинге хат жазып, ерікті түрде ел қорғаушылар қатарына алуды сұрайды.

Оның тілегі ескеріліп, Қиыр Шығысқа әскер қатарына алынады, одан кейін Польшаға жіберіледі. Өте құпия тапсырманы орындау үшін Қытай Халық Республикасына жіберіледі. Борис Иванович Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғысына қатысып, соғыстан кейінгі жылдары Қытай халық-азаттық армиясының әскери әуе күштері құрылған кезде сарбаздарды жауынгерлік эксадрильде әскери іске машықтандырған. Қытай халқына жәрдемдескені және достығы үшін ол Мао Цзэдунның атынан естелік медальмен марапатталған. Соғыстан кейін Мәскеудегі №2 авиациялық-техникалық училищені бітіреді. Одан кейін туған жері Ақтөбеге оралып, үйленеді. Жарты ғасырдай уақыт осындағы «Аэродром» авиациялық кәсіпорнында инженер болып еңбек етеді. Олардың отбасында екі ер бала дүниеге келіп, азамат болып өсіп, әке-шешелеріне немере сүйгізеді.

Жеңісті жақындатқандардың бірі Вера Лоткова 15 мамырда 98 жасқа толады. Орынбор облысында байланыс саласында жұмыс істеп жүрген бойжеткен майданға аттанғанда небары 18-де болатын.

Кескілескен ұрыста солдат жетіспеген тұста 2-дивизияның бесінші батареясындағы зенитшілерге снаряд беріп тұрдым. Біздің 1083-зенитшілер полкі Жеңісті бірінші Украин майданы шебінде қарсы алды. Германияны жеңген соң, Шығыс майданына аттандық, — депті Вера Павловна өзінің бір сұхбатында.

Ардагер әже 1924 жылы 15 мамырда Сібірдің Алтай өңірінде дүниеге келген. 1926 жылы отбасы Орынбор облысына көшкен. Майданға 1943 жылы шақырылып, Сталинград қаласындағы №1083 зенитті-артиллериялық полктің 2-дивизионы, 5- батареясына байланысшы қызметіне жіберілген. Содан кейін оның жауынгерлік жолы Киевте, одан әрі Германияда жалғасты. Соғыстан кейінгі жылдарда есепші болып қызмет атқарған. Ал күйеуі қайтыс болған соң 1977 жылы Қазақстанда тұратын ұлының қолына қоныс аударады.

Қазтай Тыныштықов 1924 жылдың 25 наурызында Байғанин ауданында дүниеге келген. 1942 жылдың күзінде әскерге шақырылып, Ленинградты қорғаушылар қатарында болған.

2-Украин майданы сапында Днепрді азат ету үшін болған ұрысқа қатысқан. 1944 жылдың қаңтарында ауыр жарақаттанып, II топ мүгедектігін алып, елге оралады. II дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін» және т.б. мерекелік медальдармен марапатталды. Елге келіп «Жұрын» кеңшарын құруға атсалысқан. Шопан, мал дәрігері болып еңбек етті. Соғыс ардагері қазір Ембі қаласында кіші баласының қолында тұрады.

Василий Грецкий 1922 жылы Белоруссияның Полоцк қаласында дүниеге келген. Соғысқа дейін Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында жұмыс жасаған. 1

942 жылы Алматы қаласының әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылған. Алматыда алты ай әскери даярлықтан кейін 1943 жылы майданға жіберілді. 1 Украина, 111 Белорусь майдандарының құрамында сегізінші полктың бірінші кавалериялық корпусында соғысқан. 1945 жылы Жеңісті Берлиннен 75 шақырым жердегі Ельцих қаласында госпитальда қарсы алды. Бұдан соң бұлардың полкі Уральск қаласында дислокацияға жіберілді. 1946 жылы соғыста алған жарақаттарына байланысты әскер қатарынан босатылды.

Соғыстан оралған соң В.Грецкий Темір жол депосына жұмысқа орналасты. Онда 45 жыл жұмыс істеп, 1984 жылы зейнетке шықты. 2001 жылы Ақтөбе облысы Хромтау қаласына қоныс аударды, содан бері Хромтау ауданының тұрғыны.

Әнуар Ахметзиянов 1925 жылы Орал қаласында дүниеге келген. 1942 жылы әскерге шақырылып, 1943 жылдың қыркүйек айына дейін Рига жоғарғы әскери-саяси училищесінің курсанты болады. 1943 жылы Донбаста Кривой Рог түбінде ауыр жарақат алып, 1944 жылы елге оралған. 1946 жылы Орал ауылшаруашылық институтын аяқтаған. Жас маман ретінде Ақтөбе облысының Темір ауданына келіп, өз мамандығы бойынша 1992 жылға дейін қызмет атқарыпты. Жары Ұлдай екеуі Манар, Манарбек есімді ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ата шөбересінің қолынан су ішіп отыр. Темір ауданының құрметті азаматы. Қазіргі таңда Кеңқияқ ауылдық округінде баласының қолында тұрып жатыр.

Ғизат Тоқтабаев соғыс басталғанда небәрі 16 жаста болған. Құжатына 2 жыл қосып жаздырып, 1942 жылы қан майданға өз еркімен аттанады. 7-сынып бітірген.

Украин майданында шайқасқан. Елге 1946 жылы оралады. 1943 жылы басынан оқ жарақатын алып, содан аман-есен қалып, Запорожеский облысындағы госпитальге жатқызылып ем алады. Жарақаттың кесірінен бір көзінен айырылады.

1943 жылдың 12 шілдесінде тиген оқ 1958 жылы алынған. Ұзындығы 3,5 см салмағы 11 грамм болатын оқ 2005 жылы музейге тапсырылған.

Жеңіс күні қарсаңында майдангер атаға сәлем бере бардық. «Ақтөбе» газетін үзбей оқитын Ғизат ата ел жаңалықтарынан хабардар болып отыратынын айтты. Соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, батасын берді.

— Аспанымыз ашық, елімізде тыныштық болсын! Біздің көргенімізді сендер көрмеңдер! Енді соғыс болмасын! — деді майдангер ата.

БҰРЫМЫМДЫ ТӨГІЛГЕН, ТУҒАН ЖЕР, САҒАН ТАСТАДЫМ…

«Ақтөбе» газетінің тілшілері 9 мамыр қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагері Ажар Оразғалиеваның шаңырағына сәлем беріп баруды дәстүрге айналдырды. Биыл да бейбіт күнді жақындатқан зенитші әжейге барып, әңгімесін тыңдап қайтқан едік…

— Соғысқа баратынымды соңғы сәтке  дейін отбасыма айтпадым. Олар шақыру келген күні бір-ақ білді. Ауданнан 17 қыз аттандық. Әлі есімде, соғысқа аттанарда ұзын шашымды қиып, шешеме беріп кеттім. Шашым ұзын әрі білектей қалың болатын. Анам қатты жылады. Бірақ мен оның алдында жыламауға іштей уәде беріп, өзімді ұстадым. Сол қиылған бұрымымды шешем байғұс мен келгенше сақтапты, — деп бастады әңгімесін Ұлы Отан соғысының ардагері Ажар Оразғалиева.

Ажар Оразғалиева — жеңісті жақындатқандардың бірі. Атырау өңірінде туған. Бүгінде жасы тоқсанның сегізіне келген батыр әже соғыс басталғанда небәрі 17 жаста ғана болыпты. Сегізжылдық мектепті аяқтап, ауданда есепші болып қызмет етіп жүрген ол 18 жасында сұрапыл соғысқа өз еркімен сұранып барған. Болашақ зенитші 416-шы артиллериялық дивизия құрамына қабылданып, бір ай дайындықтан өтеді. Ол жерде қаруды қалай пайдалануды үйренеді.

Зенитші қыздарды Курск қаласындағы нағыз соғыс жүріп жатқан ашық майданға жібереді. Екі айдай ұйқысыз түндер өткізген кеңес сарбаздары Курск қаласын жаудан аман алып қалады.

— Біз ұрыс даласына келгенде Курск от болып жанып тұр екен. Бұған дейін жау әскерлері Орел, Харьков, Брянск қалаларын басып алған. Енді сәл баяулық танытсақ, Курск қаласын да басып алудың аз-ақ алдында тұрды. Дегенмен берілмедік. Бір минут, тіпті бір секунд отырғанымыз жоқ. Екі ай ұйқы көрмедік. Адам баласы ұйқыдан өлмейді екен. Тамақты аспаздар шайқас жүріп жатқан жерге өздері әкеп берді. 6 маусым күні Сталин бұйрығымен кеңес әскері жауға қарсы шабуыл жасап, үш қаланы да жаудан азат етіп алды, — дейді Ажар әже.

Олар кейін Киев даласындағы  ұрысқа қатысады. Днепрді жаудан азат етеді. Украинаның Фастов қаласы түбіндегі шайқасты Ажар әже ешқашан есінен шығармайтындығын айтады. Өйткені осы жерде ол ең жақын құрбысынан айырылады.

Фастов түбіндегі ұрыста біздің дивизия солдаттары үлкен шығынға ұшырады. Біраз адамнан айырылып қалдық. Осы жердегі шайқаста өзім де ауыр жараланып, жақын құрбым Жемісті жер қойнына тапсырдым, — деді ардагер әже ауыр күрсініп.

Жеміс Ақбөпеева — Ажар әжейдің бала кездегі досы. Екеуі 1942 жылы Атыраудан 416-шы артиллериялық дивизиясына бірге қабылданады. Орел, Харьков, Брянск қалаларын жаудан азат етуге, Курск қаласы үшін ұрысқа қатысады. Кейін Украинаның Фастов қаласы түбіндегі шайқаста оққа ұшады.

Ал бұл жердегі ұрыста ауыр жараланған Ажар әже  майдан даласына қайта оралып, Украина мен Румыния жеріндегі шайқасқа қатысып, Берлинге дейін барады. Қайтпас қайсарлығының арқасында миллиондаған жанның тілегі — Жеңісті батыр қыз Германияның бас қаласы Берлинде қарсы алады.

—  Мамырдың 7-сі күні жау әскерінің әлсірегені естіле бастады. Дегенмен бұл қуанышты айқайлап айта алмадық. Тек  сарбаздар өзара сыбырласып қана айтатын. Ал кеңес әскерінің жеңіске жеткенін мамырдың 8-інен 9-ына қараған түні естідік. Толықша келген, орта бойлы майорымыз бар болатын. Сол мамырдың 9-ына қараған түні  жүгіріп келіп, барлығымызға: «Қыздар, соғыс аяқталды. Фашистер жеңілді!» — деп айқайлады.  Барлығымыз қуанып, көзімізге жас алдық, — дейді Ажар әжей.

Кейін оларды Будапешт қаласына алып келеді. Бұл жерде олар қаруларын тапсырып, екі айдан соң ауылға қайтады.

Жастайынан өмірдің соқпағы  мен соғыстың сұрапыл сәттерін басынан өткерген Ажарды анасы ауылдың баласынан басқаға бермейтінін айтады. Анасының сөзін жерге тастамаған ол соғыстан келген ауыл азаматымен танысып, отбасын құрады. Жолдасы Ғабидолла Оразғалиев екеуі төрт ұл, алты қыз тәрбиелеп өсіреді.

Майдан даласында өліммен бетпе-бет келіп, бейбітшілік таңының атуына барынша өз үлесін қосқан алтын құрсақты ананың, асыл әженің бір ғана тілегі бір. Ол — елімізде енді соғыс болмасын!

Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды!

  Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button