Басты жаңалықтар

Ақтөбе-Қандыағаш жолы кемінде 18 жыл қызмет етуге тиіс

Ақтөбе-Қандыағаш тасжолы  — Атырау мен Ақтөбені қосатын үлкен жобаның бір бөлігі. Өткен жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтаған мердігерлер күн жылыған бойда асфальт төсеуге кірісті. Сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин аталған жолдың 11-шақырымында жүргізіліп жатқан құрылыс барысымен танысты.

Қайта жаңарту жобасына сәйкес жол 4 жолақты етіп салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарының Ақтөбе қаласынан Алғаның Тамды ауылына дейінгі аумағын, яғни 11-52 шақырымын  «SineMidasStroy» БК»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  жүргізсе, Тамдыдан Қандыағашқа дейінгі 52-100 шақырымын «AссанаДорСтрой»,«Ақжол Құрылыс» БК», «AzVirt» компаниялары салып жатыр.Құрылыс аяқталған соң, екі жылдың ішінде жол сапасынан қандай да бір сын табылса, аталған мердігерлер жөндеу жұмыстарын өз қаражаттарынажүргізеді. Жолшылардың айтуынша, жаңадан құйылып жатқан асфальт кемінде 18 жыл тұруға тиіс.

— Жолдың 11-52 шақырымының ені — 18 метр, ал асфальт жабындысының қалыңдығы 27 сантиметр болады.Мердігер мекеме жол құрылысына пайдаланып жатқан асфальт қоспасын Бестамақтағы зауыттан тасып жатыр. Асфальт үш қабатты болады. Биыл күзге дейін жолдың бір жағын ашуға тырысамыз, — деді «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов.

Қазір жол бойында 150-дей адам жұмыс істеп жатыр. Ал жазға қарай жұмысшылар  500-ге дейін көбейеді.

Жол құрылысымен танысқан облыс әкімі бұл жұмысты күнделікті бақылауда ұстауды және жылдамдатуды тапсырды.

Бұдан соң Оңдасын Оразалин Кірпіштідегі көпірден Қарғалыдағы көпірге дейін салынып жатқан жолға барды. «АФ Коквест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан жол бұрын 2 жолақты болса, енді 4 жолақты болады.Жұмыстар да кезең-кезеңімен жүргізіледі. Мердігер мекеменің директоры 28 мамыр — қала күніне орай  жолдағы екі шақырымды аяқтап, Родниковкаға қарай жүретін бұрылысты ашып беретіндерін айтты. Аталған мекеме Бұтақ өзені арқылы өтетін көпірді кеңейту жұмыстарына да кіріскен. Көпір де 4 жолақты болады. Тұрғындардың бұл жолды ұзақ күткендерін айтқан Оңдасын Оразалин мердігер мекеменің басшысына жұмысты жылдамдатуды тапсырды. Жолшылар жол сапасын да естен шығармауы керек.

— Қала үлкейген сайын кептеліс те көбейеді. Соны азайту мақсатында тұрғындарға қолайлы болуы үшін жолдарды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Сәңкібай батыр даңғылындағы жолды кеңейттік. Биыл Тәуелсіздік көшесіндегі жолды 8 жолақты, Мұстафа Шоқай көшесіндегі жолды 6 жолақты етіп кеңейтетін боламыз.

Сондай-ақ биыл 41-дегіжолайрығының мәселесін түбегейлі шешуіміз керек. Өткен жылы мердігер өз міндетін дұрыс атқара алмағандықтан, тұрғындар мен жүргізушілерге біраз ыңғайсыздық тудырды. Қаржыландыру жағынан мәселе жоқ, көп нәрсе мердігерлердің жауапкершілігіне байланысты, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ алдағы уақытта Елек пен Қарғалы өзендері арқылы өтетін екі көпір де кеңейтіледі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button