Спорт

Екінші таймда соғылған екі гол

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Ақжайық» — 2:1

1-2 мамыр күндері 9-тур кездесулері өтті.

Бұл тур сенсацияға толы болды. Өз алаңында турнир кестесінің соңғы жағында келе жатқан «Тұраннан» ұтылып жатқан «Астана» есепті әзер теңестірді. Алматыда «Қайрат» та 13-орында келе жатқан «Қызылжармен» тең ойнауға мәжбүр болды. Чемпион «Тобыл» ойсырай ұтылды. Өткен турда «Қайратты» ұтқан «Ордабасы» сырт алаңда «Атыраудан» жеңілді. Көш басындағы «Каспий» ұтылды. Сырт алаңда жеңіске жеткен жалғыз команда «Тараз» көш басына шықты.

Тоғыз турда 61 кездесу өткізіліп, 130 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 2,13 голдан өткізілді.

*   *   *

«Ақтөбе» өз алаңымызда «Ақжайықты» қабылдады.

Өкінішке қарай, алғашқы гол өз қақпамызға еніп кетті. 10-минутта алаңның ортасында жүрген Бауыржан Омаров біздің қақпаның оң қапталына қарай әуелете пас тастады да, сол жерге жетіп үлгерген Оралхан Өміртаев алдына түсе қалған допты оң аяқпен тоқтатпастан тепті. Саша Стаменкович ауа қармап қалды — 0:1.

Жерлестеріміз қанша тырмысқандарымен бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймды ақтөбеліктер үздіксіз дерлік шабуылдармен бастады. Оралдықтардың айып алаңының ішіндегі бір қарбалас сәтте, 49-минутта дәл қақпа түбінде оңтайлы сәтті аңдып тұрған Йоахим Адукор тура алдына түсе қалған допты сол аяқпен теуіп, жібек торды бүлк еткізді — 1:1.

Бұдан соң алаң иелері оралдықтарды мүлдем тықсырып жіберді. «Ақжайықтың» қақпашысы Степан Сикач қақпаға жүдемелете төнген доптарды қайтарумен болды. Дегенмен оның да амалы таусылатын кез жетті. Жойқын шабуылдардың бірінде, 73-минутта қонақтардың қорғаушылары оңбай қателесті де, Сердер Сердеров сол қанат арқылы алдына келе қалған допты қақпаға туралай тепті, Сикач бұл жолы допты қақшып үлгермеді — 2:1.

«Ақтөбенің» бұдан соң да есепті ұлғайтарлық мүмкіндіктері болды, бірақ сәті түспеді. Сондай-ақ оралдықтар да бірнеше қолайлы жағдайларды пайдалана алмай қалғандарын да ұмытпаған жөн. Ал, жалпылай айтқанда, ойынның бірінші бөлігінде «Ақжайық» сауатты қимылдаса, екінші таймда «Ақтөбе» зор басымдыққа ие болды.

Осылайша бұрынғы бас бапкер В.Муханов қызметінен кеткеннен кейінгі алғашқы ойында жерлестеріміз қоржындарына үш ұпай салып, турнир кестесінде ілгерілей түсті.

Ал команданың жаңа бас бапкері болып қазақстандық маман, бұған дейін «Қызылжар» командасын жаттықтырып келген Андрей Карпович тағайындалды.

«Ақтөбе»-«Ақжайық» — 2:1

Гол авторлары: Оралхан Өміртаев, 10-минут (0:1); Йоахим Адукор, 49-минут (1:1); Сердер Сердеров, 73-минут (2:1).

Ескерту қағазын алғандар: Йоахим Адукор, 30-минут; Рамазан Оразов, 35-минут; Әлібек Қасым, 90+3 минут («Ақтөбе») — Лука Имнадзе, 37-минут; Ардақ Сәулет, 90+2 минут; Милош Стаменкович, 90+3 минут («Ақжайық»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Саша Стаменкович (қақпашы), Дмитрий Шомко (Владимир Гинайтис, 46-минут), Йоахим Адукор, Темірлан Ерланов, Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов (капитан), Арман Кеңесов (Виталий Балашов, 46-минут; Ескендір Қыбырай, 85-минут), Рамазан Оразов (Никита Маляров, 90+1 минут), Сердер Сердеров (Руслан Камболов, 81-минут), Рожерио Шина, Максим Самородов.

Запаста болғандар: Стас Покатилов (қақпашы), Әлішер Әжімов, Жерар Гоу.

Бас бапкердің міндетін атқарушы Петр Бадло.

2 мамыр 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, №8 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің стадионы. 2500 адам.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Сердер Сердеров, жартылай қорғаушы — 1 гол.

Жерлестеріміз 9 кездесу өткізіп, 4 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 3 рет ұтылды.  Ұпай саны — 14. Доп айырмашылығы — 9:11.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Мақтаарал» (Түркістан облысы)-«Тараз» (Тараз) — 0:1

«Астана» (Нұр-Сұлтан)-«Тұран» (Түркістан) — 3:3

11-минутта пенальти орындаған Марин Томасов («Қайрат») атыраулық қақпашыдан айласын асыра алмады.

«Қайрат» (Алматы)-«Қызылжар» (Петропавл) — 1:1

6-минутта Рикарду Алвеш («Қайрат») ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін алаңнан қуылды.

«Шахтер» (Қарағанды)-«Тобыл» (Қостанай) — 4:1

32-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Алекса Аманович («Тобыл») алаңнан қуылды.

«Ақсу» (Павлодар облысы)-«Каспий» (Ақтау) — 2:0

«Атырау» (Атырау)-«Ордабасы» (Шымкент) — 2:1

90+3 минутта екінші рет ескерту алған алған Тодор Петровичке («Атырау») қызыл қағаз көрсетілді.

*   *   *

Тоғыз турдан соң көш басына 17 ұпаймен «Тараз» шықты.

«Каспий» 16 ұпаймен 2-орынға сырғыды.

3-6 орындарға 14 ұпаймен төрт команда орналасты: «Астана», «Ордабасы», «Атырау», «Ақтөбе».

7-8 орындарды 13 ұпайдан жинаған «Шахтер» мен «Қайрат» бөлісіп тұр.

9-орынға 12 ұпайы бар «Тобыл» сырғып түссе, 10-11 орындарды 10 ұпайдан жинаған «Ақсу» мен»Ақжайық» иеленіп тұр.

12-14 орын иелері — 8 ұпайы бар «Тұран», 7 ұпайы бар «Қызылжар», 5 ұпайы бар «Мақтаарал».

«Шахтер», «Ақсу», «Ақжайық», «Тұран» командаларының басқалардан бір кездесулері кем екендігін еске саламыз.

*   *   *

10-тур ойындары 7-8 мамыр күндері өтеді:

7 мамыр, сенбі

«Қызылжар» — «Тараз»

«Қайрат» — «Атырау»

«Тобыл» — «Ақсу»

«Ордабасы» — «Астана»

8 мамыр, жексенбі

«Ақжайық» — «Мақтаарал»

«Тұран» — «Шахтер»

«КАСПИЙ» — «АҚТӨБЕ»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button