Елеусіннің елеулі жылдары

Мерей
Училище түлегі
Елде еңбек пен оқуды ұштастыру ұраны көтеріліп, 1963 жылы шалғайдағы Ойылда да кәсіптік-техникалық училище ашылды. Бұл кезде ежелгі Көкжар қаласы аудан орталығы дәрежесінен айырылып, Қобдаға қарап, құлазып тұрған-ды. Жаңа оқу орнының ашылуымен елеусіз қалған мекенге жан кірді. Батыс беттегі біраздан қаңырап бос тұрған көне Көкжардың көзі, бұрынғы жылдары аупартком мен ауатком кеңсесі болған кең сарайдай ғимараттарға училище ие болып, күн санап күш ала берді. Оқу корпустары, жатақханалары да сонда орналасты. Баяғы колхоз-совхоз кезінде жергілікті театрға беріліп, кейін пайдаланылмай, бекітілулі тұрған он сегізінші ғасырдың сәулет өнері мешіт те жаңа оқу орнының қарауына көшіп, спортзалға, түрлі мәдени шаралар өткізетін орынға айналды. Жаңа білім ордасының мұнымен шектелмейтіні, аумағының әлі де ұлғаятыны белгілі болып қалды. Өте көп оқушы қабылданбақ екен. Ел аумағымен бірге, тіпті ту Молдавиядан да қыз-жігіттер келді. Ол кезде орта мектеп Ойылдың басында ғана, өзге өңірлерінде жоқ еді. Сол себептен жалғыз орта мектепте бала тығыз болатын. Әр сыныпта 40-41 баладан оқитын. Енді, міне, соны жеңілдетудің жолы табыла кетті. Ауданнан шыққан үгіт тобы біз оқитын орта мектептің жоғары сыныптарын аралап, жаңа оқу орнына баруға насихаттады. Оқу, жатар орын, тамақ, киім тегін, бала мемлекеттің қамқорлығында болады екен. Негізінен кеңпрофильді жұмысшы мамандығын береді — тракторшы, шофер, мал шаруашылығының операторы. Бұған қоса мектептегідей орта білім аттестатын алып шығады.
«Сананы тұрмыс билейді» деп бекер айтылмаған ғой, қызыққандар табылды. Бірақ мектеп оқушыларының көпшілігі тартынды. Тіпті оқуға күштегендей болғанда жылап қарсылық көрсеткендер де ұшырасты. Сондағы айтатын уәждері — кеңпрофильді дегенмен, екі жыл оқығанда алатын мамандығың баяғы шофер, тракторшы. Мал шаруашылығының операторы деп отырғаны — шопан, малшы. Бітірген бетте колхоз-совхоз жұмысына жегеді, сосын орта білім туралы аттестаттан не пайда? Әрі қарай оқи алмай қаламыз десті.
Дегенмен орта мектеп оқушыларының бір бөлігі екінші сортты оқу орны санаған училище күн санап жұртшылықтың назарын өзіне аудара берді. Басшылығына ауданға белгілі азаматтар барды. Ең таңдаулы педагогтар, инженерлер мен мал мамандары жұмыс істеді. Соның нәтижесі болар, алғашқы оқу жылында білім беру мен спорттан орта мектеппен бәсекелесуге жарады. Әсіресе жартылай әскери тәртіпке бағындырылған жаңа білім ордасында спорт жедел дамыды. Соның куәсі қыста бокспен шұғылданатын курсанттары Ойыл қазақ орта мектебінің ғимаратында алғашқы жолдастық кездесуін өткізді. Бұған көптен қызық көрмей, аңсаған ойылдық тұрғындар қалмай қатысып, жақсы жанкүйер болды. Арада шамалы уақыт өткенде екінші кездесу — кәсіптік-техникалық училищенің спортзалында өтті. Осының екеуінде де училище курсанты Елеусін Сағындықов айрықша көзге түсті. Еңсегей бойлы, шымыр денелі, ақсары бозбала алғаш рет көпшіліктің аузына ілінді. Қобда ауданының Қызылту ауылынан екен.
«Оу, Қызылту, біздің іргедегі ауыл ғой. Ертеде Ойылға қараған. Бұл баланы біз білеміз. Әкесі Наурызбай темір мен ағашқа бірдей шебер ұста еді. Оған қоса аңшы, балықшы болды. «Наурызбай тереңі» деген жер бар сол ауылда. Бірақ өмірден ерте өтті. «Артында бес жаста ұл қалды. Талапты бала. Құйттайынан жақсы оқып, жазда еңбекке араласып, шешесі Бақыт пен жалғыз апасы Ақпатшаға қолғанат болып жүр дейтін», — деп ойылдық бірсыпыра үлкендер сол жерде-ақ біліп, хабар беріп жатты.
Қазақ «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» дейді. Елгезек жастық шақта танысу, табысу, дос-жар болу қандай оңай. Бірі еңсегей бойлы, бірі дембелше, ұдайы егіз қозыдай бірге жүретін, қызылтулық Елеусін мен Төлегеннің өмір дерегіне көп уақыт өтпей құрбы-құрдастары толық қанықты. Оқуға Елеусінмен бірге келген Төлеген:
— Рулас туыс әрі доспыз. Кете руының бұтағы Қоңырдан Құрман Қоңыр, одан Алыбай болып тараймыз. Алыбай — қалмақтан қазақ жерін қорғаған батыр, жетінші атадан қосылатын бабамыз. Оның тікелей ұрпағының бірі — Табылды. Сол Табылдыдан екі ұл: Елебек пен Елшібек. Елебектен туған ұл Таңатар, оның немересі Шәріп — менің әкем. Ал Елшібектен туған ұл Сағындық, оның немересі Наурызбай, Елеусіннің әкесі. Осы туыстық жақындықпен бірнеше ұрпақ бірге көшіп-қонып, бір ауылды жайлаған, — деп әңгімесін өрбітеді.
Көпшіліктің көзіне жақсы жағынан бір түскен жастың үнемі назарда жүретін әдеті. Алғашқыда болашағы зор боксшы ретінде танылған жас курсант, жүре-бара өзге қырынан да танылды. Себебі ол бұған дейін өмірдің ыстық-суығына түсіп, бұл жаққа ысылып, есейіп келіпті. Он жасынан бастап ауыр еңбекке араласқан. Шөп шауып, егін егуге қатысқан. Жетінші сыныпты бітіргенде өз бетімен тракторды игерген. Ал сегіз оқып жүргенде комбайнға отырып, егін орған. Осылайша өмір ерте есейткен бозбала училище қабырғасындағы екі жыл ішінде оқушыдан училище әкімшілігінің ұйымдастыру жұмыстарына, қоғамдық қызметіне еркін араласа жүретін жақсы көмекшісіне айналды. Үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, оқу орнының алғашқы басшылары — Отар Қылипанов, Шыңғыс Танкиев, Өтеміс Әкімов ағаларының сеніміне кірді. Басшылықтың көп қасиеттерін үйренді, жақсы сабақ алды. Сол кездің өзінде аудан мен облысқа танылған бұл азаматтардың шаруаны басқаруы, өздерін ұстауы өзінше мектеп еді.
Елеусін өзі училищеде оқып жүргенде дене тәрбиесінің жетекшісі қызметін қоса атқарып, шәкіртақымен бірге еңбекақы да алды. Одан кейін білімін Темірдің индустриалды-педагогикалық техникумында жалғастырғанда да өзімен қатар замандастарын спортқа, дене тәрбиесіне баулыды. Мұнда да оқытушылық қызмет атқаруы, іздене жүріп, қиындықтарды жеңе білуі, үлкен талаптан, ойдан шығуы болашақ қайраткердің жетекшілік, көшбасшылық қасиеттері балалық шақтан, жасөспірім кезден бастау алған деуге әбден болады.
Спорттағы самғау
Ойыл мен Темірде оқып, еңбек жолын бастағанда да, әскер қатарында борышын өтеген шақта да талапты жас спорттан бір қол үзбеді. Спорттың қай түрін де жатырқамай, соның ішінде күрес пен боксқа ықыласы ауды да, ақырында соңғысына ден қойды. Ең бастысы табиғат оның бойына ересен күш-қайрат берген еді. Ол сырт көзге ешкімнен жеңілмейтіндей көрінетін. Бұған алған беттен қайтпайтын қайсарлығы қосылды. Табысқа жету жолында өршелене алға ұмытылды. Сөйтіп, өндірістен қол үзбей, білімін толықтыра, шеберлігін шыңдай жүріп, өзінің бокс өнерін де біраз дамытты. Бокстағы алғашқы соқпағын Ойылда 63 келіден бастаған спортшы жігіт кейін спорттық додаларда 71-75 келі салмақта еліміздің таңдаулы спортшылары қатарынан көрініп жүрді. Бірнеше мәрте бүкілодақтық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанды. Әсіресе кеңес әскері қатарында борышын өтеген кезде сан мәрте айқасқа түсті. Кеңес Қарулы Күштері арасында өткен жарыстарда талай рет чемпион атанды. Ең бастысы, қанша жыл спортта тер төксе де талайдың қолы жетпеген, КСРО спорт шебері атағын иеленді.
Білімі мен білігінің толығуы, кәсіби жетістігі, спорттағы табыстары 1971 жылы облыс орталығына қызметке ауысуына жеткізді. Ақтөбе қаласындағы №100 қалалық кәсіптік-техникалық училищесінде оқытушы, өндірістік оқыту шебері болып қиналмай орналасты. Одан 1974 жылдан 1977 жылға дейін №107 қалалық кәсіптік-техникалық училищесі директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Бұл кезде сырттай оқып, Ақтөбе педагогикалық институтын тамамдаған еді. Алайда онымен шектелмей, Оралдың ауыл шаруашылығы институтының механика факультетіне түсті. Екі жоғарғы білім саласын игергесін ғылымға бет бұрды. Ғылымдағы тың тақырып — қала экономикасын басқарудың жаңа әдістерін қолға алды. Кандидаттықпен тоқтап қалмай, көп ізденіп экономика ғылымының докторы, профессор атанды.
Өзін барлық жағынан ұдайы жетілдіріп, өсу үстінде болған жас кадр қызметте де еленбей қалмады. Отыз жасында облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы бастығының орынбасарына тағайындалды. Арада үш жыл өткенде облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне шақырылды. Енді бес жылдан кейін өзінің қызмет істеген бұрынғы мекемесі — облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасына бастық болып оралды. Араға екі жыл салып облыстық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушілігіне, енді екі жылда облыстық білім беру басқармасы басшылығына жоғарылатылды. Оның бұл жылдардағы қызметі жөнінде сол тұста облыстық атқару комитетінің төрағасы болған, белгілі қоғам қайраткері марқұм Сапар Сағынтаев аға кезінде: «Облыстық кәсіптік-техникалық және халық ағарту саласына басшылық еткен жылдарда Елеусін Наурызбайұлы жарқылдап көзге түскен еді» деп жазды.
Иә, бұл жылдар алғыр да тындырымды басшының өз тұстастарынан ерекшеленіп, еленіп, оза шауып, дараланып көрінген жылдары еді. Біз, қатарластары, бұл кезде бірге жүрмесек те, сыртай тілекші едік, әр қадамы көрнекті ағалардың ол туралы айтқан жылы сөздері жүрегімізге жылы тиіп жататын.
Тоқсаныншы жылдардың басындағы қоғам ауысқан бұлғақ жылдарда ол Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары қызметіне өсті. Екі жылдан соң Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне кеңесші болып барды. Бұдан соң Алматы құрылыс және менеджмент колледжінің директоры лауазымынан кейін қайтадан Білім министрлігінде министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарып жүргенде туған жерге оралудың реті келді.
Дәл осы уақытта өзінің үзеңгілес әріптесі Бердібек Сапарбаев Қызылорда облысына әкім болып тағайындалған бойда Елеусінді өзіне бірінші орынбасарлыққа шақырды. Бірақ, Елекең оның ұсынысынан сыпайы түрде бас тартып, егер жергілікті жерге қызметке баратын болса туған өлкені таңдайтынын іштей ойлаған болатын. Оның осындай ойын қандай періште сыбырлап қойғанын кім білсін, Елеусіннің іскерлік қабілетін жақсы білетін Ақтөбенің төл перзенті Аслан Мусин облыс әкіміне тағайындалғанда, өзіне орынбасар етіп шақырды. Көп ұзамай қала әкімі лауазымына сенім көрсетілді. Осында болған жеті жылда ел-жұртпен етене араласып, халықтың мұң-мұқтажын бес саусағындай білетін басшы қалада қалыптасқан ауыр жағдайдың бетін бері бұрды. Бетін бұрып қойған жоқ, қаланы көркейтті. Келбетін өзгертті. Елдің назары Ақтөбеге ауды.
Ел Президенті Н.Назарбаев Ақтөбеге 1997 жылы іссапармен келгенде Ақтөбе қаласында жүзеге асырылып жатқан өзгеше тың істерді көріп Президент Әкімшілігінің басшысы Оралбай Әбдікәрімовке қала әкімі Елеусін Сағындықовтың қала шаруашылығын басқарудағы тәжірибесін тарату мақсатында республикалық семинар-кеңес өткізу жөнінде алаңға жиналған он мыңнан астам ақтөбеліктердің алдында тапсырма берді. Бұл шараға еліміздің барлық қалаларының әкімдерінің қатысуына пәрмен жасады. Жан-жақтан, еліміздің басқа қалаларынан ағылып, біздің шаһарымыздағы атқарылып жатқан игі істермен, әкімнің іс-тәжірибесімен танысушылар көбейді. Қаланың басында әлденеше республикалық семинарлар өтті. Осы кезде өзі де шешен, екі тілге еркін ауысып, шебер сөйлейтін Елекең әңгімесін Абайдың философиялық қарасөздері және өлеңдерімен, әл-Фараби бабамыздың қайырымды қала, ізгі қала, қайырымды қоғам жайлы трактаттарымен түйіндейтін болды. Бақсақ, бұл шақта аса жауапты қызмет атқара жүріп, ол ғылым жолындағы ізденісін тереңдетуге көшкен екен.
1997 жылы Үкіметте Исатай, Қарабұтақ, Ақтөбе, Ембі және Ойыл секілді 5 ауданды жабу жөнінде қаулы қабылданбақшы болған. Онсыз да қиындығы көп ауыл тұрғындарының жағдайы күрделеніп, тұрмысы одан сайын төмендей түскен еді. Мәселен, Ойыл ауданының шалғайдағы тұрғыны қарапайым анықтама алу немесе дәрігерге көріну үшін орталыққа 50-60 шақырым жол жүретін болса, енді Қобдаға дейін 300-320 шақырым жол азабын тартуына тура келеді. Елеусін Наурызбайұлы лауазымдық функциялары қаламен ғана шектелетініне қарамастан, өңір бойынша мынадай шешімнің қабылданайын деп жатқанына қарсылық білдірді. Ешқандай қиындыққа, қарамай-ақ, ең болмағанда Ойылды аудан ретінде сақтап қалуға қайтпас қайсар мінезін, елге деген өзгеше жанашырлығын танытты. Өзі жақсы танитын, араласып жүрген Президент Әкімшілігінің жетекшісі Оралбай Әбдікәрімовке тікелей шығып, сол кісінің азаматтық көмегімен шалғайдағы Ойылды сақтап қалды. Үкімет басшысына дейін барып, бұл мәселенің қаншалықты маңызды екендігін дәлелдеді, көзін жеткізді.
Әрине, осындай жағдайда, екі мыңыншы жылдардың басында Ақтөбеде облыс әкімі ауысқанда, жұртшылық сөз жоқ, босаған орынды дайын кадр — қала әкімі басады деп күтті. Бірақ жеме-жемде олай болмай, іскер басшы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына сайланды. Алайда арада шамалы уақыт өткенде, елдің күткен тілегі орындалып, облыс әкімі болып оралды, және қала басшылығында болғанындай, облыс әкімі қызметін де тура жеті жыл атқарды.
«Елеусіннің елеусіз қалып жатқан бір ісі жоқ. Елеусіз қалмайын деп, тыраштанып бағатын есірмелік тағы жоқ. Кейінгілер кейіс қылып жүрмесін деп, жеті өлшеп, бір пішетін мінезімен туған жердің топырағына перзенттік махаббатынан көз жауын алардай келісті кесте тігіп жатқандай. Тіфә, тіфә! Тіл-аузымыз тасқа, тап осыныңнан жаңылмай, көздеген межелеріңнен табыла бер!
Аман жүр! Дегеніңе жет!»
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.
Облыстың тізгіні
Елеусіннің 2004 жылдың шілдесінде облыс тізгіні қолына тигенде аймақтың жағдайы кәдімгідей нашар еді. Алдындағы бір-екі жыл облыстың басшылығында «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» болып, өңірдің экономикасы қатты төмендеп, әр салада шаруа біраз ақсап тұрған.
Қиюы кеткен шаруаны тез айықтыру, сауықтыру керек болды. Жаңа әкім көпшілікпен алғашқы кездесуде-ақ «мен өз командамды жасақтамаймын» деп келді. Жақындарын, таныстарын жинамады. Бірақ бірте-бірте біраз кадрлық өзгерістер жасады. Әр кадрды іскерлігіне қарай іріктеп, таңдады. Жергілікті көп кадрлар осы тұста оның қоластындағы мемлекеттік лауазымдық қызметтерге келді. Солардың көпшілігі кейін өздерінің іскерліктерін көрсетіп, облыстық, республикалық лауазымды орындарға жоғарылады. Президент Әкімшілігінде, министрліктерде қызмет істеді. Облыстардың әкімдері болып тағайындалды. Ел Парламентінің депутаттығына сайланды.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл шақта облыс әкімінің жүгі ауыр еді. Аймақты өркендету үшін ерен қайрат көрсету, білімі мен білігін, бар тәжірибесін салып тер төгу қажет болды. Алғашқы кезекте республика басшылығының алдына қойып, күрделі төрт мәселені шешті. Оған дейін облыс электр энергиясының 40 пайызын Ресейден алатын. Аз уақыттың ішінде әкім осы тәуелділікті жойды. Екінші мәселе жолдың жайы болатын. Республикалық және облыстық деңгейдегі жолдардың жағдайы айтарлықтай нашар еді. Алғаш осы іс қолға алынып, 2010-2011 жылдарға қарай негізінен оның да шешімін тапты. Елді мекендерді газдандыру мәселесі, әсіресе шалғай аудандар мен ауылдарға сол тұстағы орасан қымбат газ құбырын тарту жұмыстары мүмкін еместей көрінетін. Адамның жүрегі дауаламайтын осы іс жедел қолға алынып, алғаш Мәртөк, одан Қобда, әрі қарай өзге де өңірлерге газ құбырын тарту жалғасып жатты. Төртінші бір күрделі шаруа Ақтөбе қаласында Елек өзенінің үстіне көпір салу, қала маңындағы айналма жолдардың құрылыстарын жүргізу, Сазды өзенін шегендеу жүзеге асты. Біз бұл жерде Үкіметтің көмегімен шешілген негізгі төрт мәселені ғана айтып отырмыз. Ал облыстық деңгейде әр салада жүзеге асырылған шаруалар қаншама!? Олардың тізімін іздеген адам облыстың шежіресінен таба алады.
Әр тұлғаның, іскер басшының өзі қызметтен кеткеннен кейін де, ел ауызында аңызға айналып жүретін өнегелі істері болады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған Ахметжан Қойшығұлов Сталиннің қиын заманында өзінің туған жері Ойылға «шалғай аудан, жағдайы қиын» деп сендіріп, қаулы алдырып, сонша көк арба, сонша үнді шай жіберген. Ол кезде әр көк арба — бүгінгі «КамАЗ»-ға тең деуге болады. Елуінші жылдары болған осы оқиғаны Ойыл жұртшылығы қазірге дейін еске алады. Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Сәлкен Дәуленов те ойылдық болатын. Сол азамат зейнеткерлікке шыққанан кейін «менің бар қызметім еліміздің өзге өңірлеріне жұмсалды, туған жеріме ештеңе жасамаппын» деп кәдімгідей қапаланыпты.
Елекеңнің ол жағынан өкініші жоқ, туған жеріне де, өзі оқыған, еңбек жолын бастаған өңірлерге де қарайласып, кезінде көп көмегін көрсетті. Кеңес өкіметі жетпіс жылда сала алмаған Ойылға асфальт жол жеткізді. Бүгінде ойылдықтар оның тұсында салынып, пайдалануға берілген Қобда-Ойыл асфальт жолын — «Елеусін жолы» деп атайды. Әрі-бері жүргенде алғысын жаудырады. Сондай-ақ осы өңірдің Жекенді өзені саласындағы Дайрада салынған көпірдің жөні бөлек. Бұл көпірдің Шұбарқұдық теміржол станциясынан батыстағы Ақтөбе-Орал тасжолына апаратын мемлекеттік стратегиялық маңызы бар Ойыл-Жетікөл бөлігіне салынғанын білмей, айдалаға 60 миллион теңге шығындалды деп, кезінде шу көтергендер де болды. Ал ол облыс әкімінің көрегендігімен дер кезінде сәті түскен іс еді. Қазір 60 миллион теңгеге көпір түгіл, жай үй тұрғызу мүмкін емес. Егер ол көпір сол тұста салынып қалмағанда, басқасын былай қойғанда, сол жолдың бойындағы Сарыбие, Қараой ауылдарының тұрғындары бүгінге дейін азап шеге берген болар еді.
Елекең өзінің туған ауылы Қызылтуға да көп жұмыс жасады. Ауылдың келбетін (қазіргі атауы — Егіндібұлақ) танымастай өзгертті. Шағын ғана ауыл бүгінде жердің жаннатына айналды. Біраз жыл бұрын көптеген мәдени, әлеуметтік жаңа құрылыстар, тұрғын үйлер салынды. Алдын ала ауылдың демографиялық жағдайын ойлап, жаңадан қоныстанушыларды көшіріп апарды. Оларға қолайлы жағдай жасалды. Жол салынып, ауылға газ барды. Кіндігі туған жерге берік байланған атпал азамат қазірге дейін мұндағы ағайын-туғандарына, ауыл тұрғындарына жиі соғып, жағдайын біліп тұрады.
Ал іскер басшының әкім болып тұрғанда облыста көптеген тарихи тұлғаларды ұлықтау шараларын өткізуі — ұзын-сонар әңгіменің арқауы. Абат-Байтақ мазары жөнделіп, Қобыланды батыр мемориалды кешені тұрғызылды.
Өзі басшылық жасаған жылдары өңіріміздің шын мәніндегі ағасы да, әкесі де бола білген Елекеңнің көбіне-көп аталмай, көлеңкеде қалып жүрген тағы бір қасиеті бар. Ол — келешегі кемел, болашағы болымды маман-кадрды қолтығынан демей білетін қамқорлығы. «Елеусіннің шапанынан» Парламенттің қос палатасының оннан астам депутаты, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері. Жоғарғы Соттың, Бас Прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшылары, бірнеше облыстардың әкімдері шықты. Олар да өздері қанат қаққан еңбек мектебіне сай, абыройсыз емес.
Әр іске байыппен қарайтын басшының дабыраға, өрекпіген айқай-шуға жаны қас болды. Екі сөзінің бірінде әріптестеріне «шулатпаңдар, қай мәселені де ақылмен шешелік» деп, сабырға шақырып отыратыны бұл кейінгілерге жақсы өнеге дерлік. Ол кішкентай кемшіліктің өзін ақпарат құралдары арқылы дабыралатып, ұлы шуға айналдырып жіберетін теріс әдеттің қоғамда дағдыға айнала бастағанын жақсы білді. Ондайда болмашы нәрсе ұлғайып, жұртшылық арасында алып-қашпа пікір туғызып, аяғында басшыны да, басқаны да өкінішке ұрындыратын. Соның бір мысалын, сұхбат алу кезінде маған, кезінде өзі де екі ауданда бірінші басшы болған Зәкіраддин Байдосов ақсақал әңгімелеп берген.
— Елеусін Наурызбайұлы өз тұсында Ақтөбе қаласында сәулетті мешіт пен шіркеу құрылыстарын салдырды. Мешіт құрылысына бас-көз болуға мол тәжірибеңіз бар деп мені қосты. Құрылыс жұмысын өзі ұдайы қадағалап, бақылауда ұстады. Ақыры құрылыс бітті. Іс бірыңғайланды ғой деп, аз күн мен де жұмысты ұмытыппын. Бір күні мешіт ішін сыпыратын қызметкер келіп: «Аға, бір-екі күн болды мешітті дін ағымындағы «бауырластар» деп аталатын сырттан келген адамдар жайлап алыпты. Тілдері түсініксіз. Өздері көп адам, күні-түні соның ішінде тамақ ішеді, қонады, қылықтары адам шошырлық», — деп жайсыз хабар айтты. Аяғымнан барып әлгілермен сөйлесіп көрсем, көнетін адамдар емес. «Алланың үйінен қуатын сен кімсің?» деп, өзімді жазғырғандай болды. Бұған полицияның ғана күші керек екен деп, жәрдем сұрап облыс әкіміне келдім. Елеусін әңгімемді тыңдады да, «Мешіт толық пайдалануға берілген жоқ. Әлі де жөндейтін, қарайтын жерлері бар», — деп шамалы уақыт жабалық. Сосын кіргізбеу қиын болмас», — деді. Солай істеп едік, іс у-шусыз тынды — деп, әкімнің аяқасты ақыл тапқанына сүйсінгенін айтты.
Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы да әкімнің адами қасиеттерін кезінде ерекше бағалады. Ол Парламентте әріптес болған. Елекең әкім болғаннан кейін Ақтөбеде өткен Әлия Молдағұлованың, Ахмет Жұбановтың мерейтойларына қатысқан жазушы сапарының қорытындысымен: «Сөйлеген сөзінде, жүріс-тұрысында еш өзгеріс жоқ. Сол баяғы байыпты қалпы. Шаңырақ артқан сары атандай сабырмен сөйлеп, сақтана басады» деп жазды.
Суреткер жазушының тап басып айтқанындай, Елекең ұзақ жылдар билікте болғанда шынында да сол табиғи дағдысынан бір жазбады да, жаңылмады да, қарапайымдылығы мен кішіпейілдігін сақтады. Уәде берсе, қалай да орындады. Табан астында шешім алатын кездерін де көрдік. Бірде қала әкімінің есеп беру жиналысына қатысты. Пәтер мәселесі қазірде де қиын ғой, ол кезде тіпті күрделі еді. Бір мезетте залдан жас келіншек орнынан көтеріліп: «Мен үшем таптым, кезінде бүкіл ақпарат құралдары үй беріледі деп жазды. Балаларым өсіп қалды. Әлі күнге бір бөлмелі жалдамалы пәтерде отырмыз», — деді. Сол кезде облыс әкімі: «Ертең маған құжаттарыңды алып кел, саған үй береміз», — деп бірден кесіп айтқаны… Мұны естіген тағы бір келіншек орнынан ұшып түрегеліп: «Аға, менің бес балам бар, маған неге үй берілмейді?» — деді. «Ал әкімнің басы бәлеге қалатын болды» десті көпшілік. Сол кезде әкім: «Сен үшем тапқан жоқсың ғой», — деді жай ғана. Келіншек ұяты бар екен, үнсіз қалды. Жұртшылық әкімнің қысылтаяңда сөз тапқанына риза болып қалды.

Абырой
Елекең 2011 жылғы тамызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Облыс әкімі лауазымында да қала әкіміндегідей жеті жыл болған екен. Абыройлы жеті жыл! Екеуі де қазақ, барша мұсылман қауымы қасиетті санайтын жеті жылмен өлшенеді. Абыройлы дейтініміз, Президент баспасөз бетінде қызметіне алғыс айтып, ескертпем жоқ деп жазды. Мұндай жағдай бұған дейін де, одан кейін де сирек оқиға еді. Басқаша бағалануы мүмкін де емес болатын. Өйткені ол облыстың шаруасын қиюы кеткен күйде қабылдап, республика экономикасының локомотиві — «қара нары» деген атақпен қалдырған болатын. Күллі қызметі халықтың көз алдында жүрді. Қазақстанда Ақтөбе облысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша бірнеше жыл қатарынан барлық өңірлер арасында көш бастап, кең-байтақ еліміздің экономикасының локомотиві болып, өрге тартты.
Осыдан он шақты жыл бұрын облыстық телекомпания басшысы Раукен Отыншиннің жетекшілігімен «Ел баласы, ер данасы — Елеусін» атты үш бөлімнен тұратын деректі фильм түсірілді. Онда шебер ұйымдастырушы, іскер басшының азаматтық нар тұлғасы жан-жақты көрсетілді.
Елекең бірсыпыра жыл Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында депутат болып, ел-халықтың алдында мінсіз қызмет атқарды. Қазір де бейнетінің зейнетін көрейін деп қоғамнан бейтарап қалған жоқ. Ол — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаторлар Кеңесінің мүшесі.
Елеусін Наурызбайұлы 1947 жылы 1 мамырда дүниеге келген, соғыстан кейінгі ұрпақтың өкілі. 75 жас дейтін мерейлі белестің есігін кемеңгер аға Әбіш берген бата дарып, көздеген мақсатына, дегеніне жетіп тұр. Төрт құбыласы түгел. Елу жылдан астам отасқан жары Мінаура Әбиқызы, балалары, немерелері жанында. Ұлы Рүстем әке жолын таңдады. Қызы Гүлмира — медицина ғылымдарының докторы. Әлиясы аударма саласының шебері. Сағындықовтар әулетін алыс жұртқа таныстыратын зейінді де зерделі немерелер өсіп келеді.
Анау замандарда Ойылда оқып, бірге жүргенмен, ерекше жаратылысы, қабілет-қарымының арқасында биікке өрлеген, лауазымды қызметтер атқарып, атақ-даңқы алысқа кеткен осындай азаматтың бар болғанына қуанамыз.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.



