Арпа, бидай ас екен… немесе ұн өнімдері нарығында не болып жатыр?

Тұрғындар арасында «астық тапшы, ұн қоры аз, макарон өнімдері мен әлеуметтік нан қымбаттайды» деген әңгіме тарағалы жұрттан маза кетті.
Жақында орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров «Қазақстанда астық тапшы» деген ақпаратты жоққа шығарды. «Ешқандай астық тапшылығы жоқ. Республикада бидай жеткілікті», — деп халықты дүрлікпеуге шақырды.
Сыртқы нарық елдегі бағаға әсер етті
Вице-министрдің айтуынша, мәселе бидайдың тапшылығында емес, бағасында. Себебі бұған дейін, әсіресе Ресеймен шекаралас Павлодар, Солтүстік Қазақстан секілді облыстардағы ұн тартатын кәсіпорындар бидайды арзан бағаға көрші елден алып келген. Алайда санкция салдарынан Ресей дәнді дақылдарды сыртқа шығаруға тыйым салғаннан кейін диірменшілер астықты тез арада ішкі нарықтан сатып алуға тырысқан. Ал ішкі нарықта бидай бағасы өскен.
Айдарбек Сапаров жыл сайын елімізде шамамен 3 млн тонна ұн өндірілетінін, алайда оның жартысы экспортталатынын, тіпті кейбір диірмендердің тек экспортқа ғана жұмыс істейтінін айтты. Елімізде ішкі нарықта тапшылық туғызбау үшін ведомствоаралық комиссия биылғы 15 сәуірден 15 маусымға дейін ұн мен бидай экспортын квоталау туралы шешім қабылдаған: бидайға берілетін квота көлемі — бір айға 1 млн тонна, ал ұнға — бір айға 300 мың тонна.
1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна бидай бар. Вице-министрдің айтуынша, бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті.
— 6,4 миллион тонна бидайдың 3,4 миллион тоннасы — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде. Олар өз өніміне жоғары баға сұрайды. Бірақ фермерлерге көктемгі егіс жұмыстарына ақша керек екенін де түсіну қажет, — деді А.Сапаров.
Ал Қазақстан Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабановтың айтуынша, фермерлер егіс науқанына қажет қаражатын табу мақсатында астықты қымбатқа сату үшін бидай қорын қоймада сақтап отыр.
— Биыл азық-түлік тауарларының бағасы 15 пайызға өсті. Демек, шаруалардың пайдаланатын ресурстары да бірнеше есеге қымбаттады. Айталық, тұқым бағасы — 1,7 есе, өсімдікті қорғайтын құралдар — 2-2,5 есе, тыңайтқыш — 1,7 есе, көліктің қосалқы бөлшектері 3 есеге өсті, — дейді Е.Карабанов. Сондай-ақ ол ресейлік фермерлердің бір тонна бидайды 115-116 мың теңгеден сатқанын, ал еліміздегі шаруалар бір тонна бидайды саудаға 120-125 мың теңгеден шығарғанын жеткізді. Яғни, еліміздегі диірменшілер арзан нұсқаны таңдады, ал экспортқа шығарушылар астықты Қазақстан шаруаларынан сатып алып, шетелге қымбатқа сатты. Ресей салған тыйымнан соң экспортқа шығаратын астыққа сұраныс жоғарылап, әлемдік нарықта тұрақсыздық пайда болды. Осылайша сыртқы нарық елдегі бағаға да әсер етті.
-
«Ақтөбенің» анықтамасы
Жоғары сұрыпты бір келі ұн қанша тұрады?
«Рамазан» — 212 теңге.
«Патша» — 225 теңге.
«Гранум» — 232 теңге.
«Мұқатай» — 232 теңге.
«Корона» — 254 теңге.
«Цесна» — 298 теңге.
«Белес» — 307 теңге.

Әлеуметтік нанның бағасы өсе ме?
Әлеуметтік нанның стандартты салмағы 550 грамм болады. Ол бірінші сұрыпты ұннан пісіріледі. Билік тарапынан тек осы нанның ғана бағасы қадағаланады. Нанның қалған түрі мен ұннан жасалатын басқа да тағамдардың барлығының бағасын нарық реттейді.
Біздің өңірде биыл ұн тапшылығы мен әлеуметтік нан бағасының өсуіне қатысты мәселе болмауға тиіс. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының орынбасары Асылхан Абтиев былай дейді:
— Облыстың алты элеваторында 70 мың тонна дән сақтаулы. Бір ғана «Жаңа Әлжан» диірмен комбинатында 50 мың тонна астық қоры бар, бұл 37 мың тонна ұн болады. Осыдан-ақ қажеттілікті түгел өтей алатынымыз көрініп тұр. Біздің өңірдің астық қоры келесі егін жинағанша ішкі нарықты қамтамасыз етуге еркін жетеді, — дейді Асылхан Абтиев. Сондай-ақ ол нарықта нанның бірнеше түрі барын, министрлік әлеуметтік нанның бағасын ғана бақылай алатынын, қазір Азық-түлік корпорациясында бар бидаймен ішкі нарықты қамту шарасы жүріп жатқанын айтты.
— «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру үшін біздің облысқа 10 мың тонна астық бөліп отыр. Бұған «Рамазан» диірмен комбинаты оператор болып бекітілді. Оған ай сайын бір жарым мың тонна астық беріледі. Диірмені бар кәсіпорын дәнді тартып, бірінші сортты ұнды наубайханаларға жібереді. Сол ұннан әлеуметтік нан пісіріліп, тұрғындарға ұсынылады, — дейді А.Абтиев.
Ақтөбеде әлеуметтік нанды 4 наубайхана пісіріп отыр. Олар: «Ақтөбе Нан», «Атамекен-Нан 2000», «Нан» және «Рамазан». Мәселен, бүгінде ақтөбеліктерге әлеуметтік нанды «Рамазан» — 87 теңгеден, ал «Атамекен» 86 теңгеден ұсынып отыр. Наубайханашылардың да өз айтары бар:
— Наурыз айында арзандатылған ұнның есебінен әлеуметтік нан бағасын қымбаттатпау жөніндегі меморандумға қол қойдық. «Рамазан» диірмен комбинаты Азық-түлік корпорациясы берген астықты тартып, ұнды наубайханаларға таратты. Біздің кәсіпорынға 154 тонна ұн берді. Осынша көлемдегі ұн тек 15-20 күн нан пісіруге ғана жетеді. Тұрғындардың сұранысын толық өтемейді. Негізі, ай сайынғы сұранысқа сай әлеуметтік нанды өндіру үшін біздің наубайханаға 250 тонна ұн қажет. Сондықтан да біз ұнды қосымша сатып алуға мәжбүрміз. Егер біз секілді наубайханаларға берілетін бірінші сұрыпты ұнның көлемін көбейтіп, әрбіріне 250-300 тонна беретін болса, онда әлеуметтік нан туралы мәселе мүлде болмайтын еді, — дейді «Атамекен-Нан 2000» ЖШС директоры Қайрат Төлеуов. Оның айтуынша, аталған наубайханада күніне 18 мыңдай, күз-қыс айларында 20 мыңға жуық әлеуметтік нан дайындалады. Ал қазір рамазан айы болғандықтан, нан көлемін де уақытша азайтып, күніне 16 мыңнан астам нан пісіріледі екен.
P.S. Елімізде бидай мен ұн экспортына шектеу қойылды. Жауапты тұлғалардың айтуынша, тұрғындардың «ұн, макарон өнімдері жетпейді» деп алаңдауына негіз жоқ. Өңірлерде жергілікті әкімдіктер әлеуметтік нан бағасын 90 теңгеден асырмау жөнінде меморандум әзірлеп, азық-түлік корпорациясында бар бидаймен ішкі нарықты қамту шарасы жүргізіліп жатыр.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



